Жәндіктер жойылып барады, бұл адамзатты апатқа ұшыратады – The Guardian
Жәндіктер жойылып барады, бұл адамзатты апатқа ұшыратады – The Guardian
6 жыл бұрын 7014 bag.kz «Жәндіктердің ғаламат экожүйесі адамдар кінәсінен күйреп жатыр, бұл апатқа ұшыратады» атты мақаладан ықшамдалып аударылды

Жәндіктер жер бетінде мұхиттардан басқа аймақтарда жүз миллиондаған жылдар бойы керемет өсіп-өніп келді. Осы жетістігі олардың жойылып кетуі қаншалық қауіпті екенін көрсетеді. Жәндіктерге төніп тұрған қатер, оның салдары туралы натуралист, жазушы Майкл Маккарти The Guardian газетіндегі мақаласында айтады. 

35 жыл бұрын америкалық биолог Терри Ирвин жәндіктерді санау мақсатында бір эксперимент жасады. Ол «түтінді» улау әдісін қолданып Панаманың тропикалық ормандарындағы бір ағашты мекендейтін құрт-құмырсқаны түгелдей жинап алды. Ескеретін нәрсе, Ирвин бұл үшін тропикалық ағаштың Luehea seemannii атты бір түрін ғана (19 түбін) пайдаланды. Осылайша ол жәндіктердің бір-бірінен бөлек 1200 түрін тапқан. Олардың барлығы дерлік қатты қанаттылар (көбіне қоңыздардан тұратын жәндіктер отряды), ал біразы ғылымға белгісіз түрлер болып шыққан. Ең таңғаларлығы, Ирвин аталған түрлердің 163-і тек жаңағы Luehea seemannii атты ағашта өмір сүретінін дәлелдеген.

Терри Ирвин жәндіктерді санау үшін 19 түп ағашқа инсектицид септі. Мark Moffett/Minden Pictures/Alamy

Биолог әрі қарай есептеген. Тропикалық ағаштың шамамен 50 000 түрі бар. Егер олардың әр түрінде жәндіктердің басқа ағашта кездеспейтін 163 түрі бар болса, онда тропикалық ормандарда тек қоңыздардың (қатты қанаттылар) сегіз миллион түрі өмір сүреді деген сөз. Ал қоңыздар жалпы бунақ аяқтылардың 40%-ын құрайтынын ескерсек, онда тропикалық ормандарды жәндіктердің жалпы 20 миллион түрі мекендейді деген сөз. Әрі қарай. Ормандармен қатар тоғайлар және тек сонда кездесетін жәндіктер бар. Ирвин тоғайлардағы түрлердің ормандағыдан екі есе аз болатынын есептеген. Осылайша ол жер бетінде жәндіктердің кемінде 30 миллион түрі бар деген қорытындыға келеді.

Иә, 30 миллион. Бұл маңызы жөнінен ғаламның көлемін есептеген Эдвин Хабблдың еңбегімен қатар есеп.

Терри Ирвиннің қоңыздар коллекциясы. Frans Lanting/Alamy

Ирвиннің есебі туралы ғалымдар әлі күнге дауласып келеді. Бірақ талас туғызбайтын екі нәрсе бар. Бірінші, жер бетінде жәндіктердің миллионнан көп, тіпті 10 миллионнан әлдеқайда көп түрі бар. Екінші, жәндіктер – Жерде тіршілік пайда болғалы өмір сүрген мақұлық топтарының ішіндегі ең өсіп-өнгені.

Расында олардың қаншалық көп екенін ойлап көрудің өзі қиын. Жердің астында, ауада, суда тіршілікке бейімделгеннің арқасында жәндіктер жүздеген миллион жыл бойы дамумен, көбеюмен болды. Осы керемет жетістігіне қарап олардың жойылып кету қаупі жалпы тіршілік үшін қаншалық қауіпті екенін түсінуге болады.

Ұшатын жәндіктердің биомассасы Германияда 1989 жылдан бері төрттен үшке азайған. Бұл жәндіктердің азаюы туралы зерттеулер сериясының біреуі ғана. Соның өзінде ол экологиялық апат алдында тұрғанымызды көрсетеді. Қалай?

Жәндік көргенде денеңіз тітіркеніп, оларды жек көретін шығарсыз. Бірақ естен шығармаңыз, жәндіктер өсімдіктерді тозаңдандырушы ретінде өмірлік маңызды рөл атқарады. Жемістердің және гүлдердің басым бөлігін жәндіктер тозаңдандырады.

Одан да маңызды нәрсе, қорек тізбегінің негізін жәндіктер құрайды. (Қорек тізбегі – өсімдіктер, жануарлар, саңырауқұлақтар және микроорганизмдер сияқты тіршілік иелері арасындағы қарым-қатынас, бір-бірін жеуі арқылы заттар мен энергия олардың бірінен екіншісіне ауысады; бір буындағы организмдер өзінің алдындағы буында тұрған организмдерді жейді, осылайша энергия мен заттар тізбек бойымен ауысып, табиғаттағы заттар айналымын құрайды – ред.). Көптеген жәндіктердің жоғалып кетуі 1970 жылдан бері Британияда егістік жерлерді мекендейтін құстардың екі есе азаюына әкелді. Кей құстарға қатысты мұны "азаю" емес, апат деуге болады. Мысалы, балапандары жүгері өсетін жерлердегі жәндіктерді жейтін сұр қырғауылдар мен ұшатын жәндіктермен қоректенетін алашұбар шыбыншы торғайдың саны 95%-ға азайса, ірі қоңыздарды жейтін қызылқанат суық торғайлар мүлдем жойылып кеткен.

Сұр қырғауыл

Алашұбар шыбыншы торғай

Қызылқанат суықторғай

Бұл апатты тым кеш түсінумізге екі себеп бар: бірі мәдени, екіншісі ғылыми. Біріншіден, біз жәндіктерге жанымыз ашымайды. Табиғатты сүйетін адамдардың өзі ірі жануарларды, құстарды аялайды. Ал құрт-құмырсқаға келгенде көбі тыжырынады, неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы деген пікір ұстанады. Екіншіден, жәндіктердің санын білу мақсатындағы зерттеу жүргізілмейді. Бұл көп жағдайда мүмкін емес нәрсе. Британияда жәндіктердің шамамен 24 500 түрі бар, олардың көпшілігін санаулы ғалымдардан басқа жұрт білмейді. Осы себепті жәндіктердің азайып кеткені статистика емес, күнделікті өмірде білінді. Оны "алдыңғы әйнек феномені" деп те атайды. Көбіне жаз айларында машинамен ұзақ жол жүргенде алдыңғы әйнекті соғылып өлген жәндіктер былғап тастайтын. Кейінгі уақытта жұртшылық ол құбылыстың бұрынғыдай емес екенін байқады. Тағы бір феноменді «жынды көбелектер бұрқасыны» деп атауға болады. Баяғыда жаздың түнінде машина жарығына жынды көбелектер үймелеп алатын. Алайда, соңғы отыз-қырық жыл ішінде бұл құбылыс та жоғалып кетті.

Осындай екі бірдей аса ірі құбылыстың жоққа шыққанына қарап амалсыз мынандай қорытындыға келеміз: тұтастай экологиялық жүйе күйреп жатыр, жәндіктер әлемі жойылуы үстінде. Бұған қазір ғылым да еш күмән келтірмейді. Бірақ оның себебі неде?

Себепші – біз, адамдар. Адам белсенділігінің үздіксіз күшеюі. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері индустриялы ауыл шаруашылығы дамып, жерге жылдар бойы химиялық заттар себілуі. Пестицидтерге негізделген ауыл шаруашылығының құны қазір осы болып отыр.

Ал жәндіктерді 21 ғасырда не күтіп тұр? Бұдан да жаман болады. Өйткені, 2050 жылға қарай саны тоғыз миллиард болатын, ал 2100 жылға қарай 12 миллиардқа жететін жер бетінің тұрғындарына тамақ тауып беру керек. Алдағы жылдары егістікке зиянды жәндіктерді құрту үшін улы заттар шашуды азайтсақ жағдай түзелетін шығар деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда, Жердегі ең өсіп-өнген дейтін организмдер адамның іс-әрекетінен осылай күйреп бара жатқанына қарап, тұтас табиғат әлеміне қандай қауіп төніп тұрғанын түсіну қиын емес. 

0 пікір
Мұрағат