Идеалды мемлекет концепциясы қандай?
Идеалды мемлекет концепциясы қандай?
4 жыл бұрын 10978 bugin.kz Ақерке Кәріпжан

Идеалды мемлекет концепциясын іздеген ғалымдар көп. Антикалық дәуірден бастап, бүгінге дейін ең тамаша мемлекет жасап шығарғысы келген адамдар аз болмады. Ал сіздің ойыңызша, идеалды мемлекет қандай?

Менің ойымша, идеалды мемлекет – бірқалыпты, яғни, ақ пен қара, оң-теріс, мейірім мен зұлымдық деген антонимдік ұғымдардың арасында балансы бар мемлекет. Себебі, бұл қарама-қайшы дүниелер әлемнің жануарлар тізбегі сынды адамдық тізбегі.

«Тапқа да, оң мен теріске де бөлінбей-ақ қойса болмай ма?», - деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған жауап ретінде екі мысал ұсынғым келіп отыр. Біріншіден: Британ ғалымдары егеуқұйрықтармен зерттеу жүргізген екен. Олар ылғалды жақтырмайтын аш жануарларға нанды жеу үшін кедергілерге толы сумен жүзіп өтуге тура келетін жағдай жасайды. Тәжірибе барысында жүзіп барып, берілген тамағын алған кейбір егеуқұйрықтардан дайын асты тартып алатын доминандтар тобы бөлініп шығады. Сөйтіп, кеміргіштер мықты және әлсіздер болып, екі топқа бөлінеді. Мұнымен тоқтамаған ғалымдар дәл сол тәжірибені әр топқа жеке өткізеді. Әсерінде, доминандты топ та, әлсіздер тобы да, ендігі өз араларында бөлініп,  қайтадан бірінші жағдайды қайталайды. Өкінішке орай, ғалымдар «толыққанды теңдік болуы мүмкін емес» деген қорытындыға келген екен. Бұл жағдай адамдар қоғамын еске түсіреді. Карл Маркстың идеалды мемлекет – тапқа бөлінбеген, яғни социалисттік мемлекет деген идеясы да утопия болып шықты. Бұған дәлелді мектеп кезінен тарих беттерінен парақтап жүрміз.

Екінші мысал – тірі организмдер арасындағы өмір айналымы. Яғни, қасқыр, қой және шөпті алып қарар болсақ, бұлардың бәрі бір-бірінің асы. Қасқырды ең жаманы деп алайық. Егер ол болмаса, қой көбейеді, әрине. Алайда, оның әсерінен шөп азайып, жер тақырланады. Мұндағы айтпағым, әлемге жақсылықпен қатар жамандық та керек. Бұл, әсіресе, жақсылықтың қадірін білуге көмектеседі.

Идеалды мемлекет концепциясын іздеген ғалымдар көп. Оның ішінде Аристотель мемлекетті дұрыс және бұрыс деп, екіге бөліп қарастырады. Бұл қағидасы адамдарға бақыт сыйлау үшін мемлекетке не қажет екендігіне негізделген. Ол дұрыс мемлекеттерге монархияны, аристократияны және политияны (республика) жатқызды. Оларды салыстырмалы түрде бағалай отырып, ол ең дұрыс мемлекеттік құрылым осы үш элемент үйлесім тапқанда ғана жүзеге асады деп қорытынды жасаған. Шектен шыққан жағдайда дұрыс мемлекет бұрыс мемлекетке, яғни монархия – тиранияға, аристократия – олигархияға, полития – демократияға айналады.

Өзі атаған 3 дұрыс мемлекеттің ішінен Аристотель политияны ең дұрысы деп санайды. Бұл форма – басқа түрлердің тек жақсы жақтарын алған және екі шектің ортасында тұр.

Ал Платон иделды мемлекет құру туралы жобасында аристократиялық мемлекеттік құрылымды жақтайды және өз жобасының қиындықпен болса да жүзеге асатынына сенеді. Идеалды мемлекет туралы еңбегінде әділдікті әркімнің өз ісімен айналысуынан және басқаның ісіне араласпауынан көреді. Адамдардың әлеуметтік топқа бөлінуі мен олардың арасындағы мүлік теңсіздігін қалыпты жағдай ретінде қарастырады және олардың бір топтан екінші топқа өту  мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Мың түрлі адамда мың түрлі ой болуы мүмкін. Сол сияқты әркімнің идеалды мемлекетті елестетуі де әрқалай. Бұл оның тәрбиесіне, өскен ортасына, этикалық және эстетикалық көзқарастарына да байланысты. Менің ойымша, жоғарыда атап өткен оң мен терістің өз шегінен шықпай, әр мүшесі  өмір тізбегін жалғастыруға ат салысатын мемлекет – идеалды мемлекет. Оң тұстары басым болса, тіптен жақсы!

0 пікір
Мұрағат