Ауыл шаруашылығының қоршаған ортаға келтірер зияны көп – The Guardian
Ауыл шаруашылығының қоршаған ортаға келтірер зияны көп – The Guardian
6 жыл бұрын 17344 Алтынай Қуанышбек

Ауыл шаруашылығының қоршаған ортаға зияны зор. Science журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижелерінің қорытындысына сенсек, планетаға келетін залалды азайту үшін ет пен сүт өнімдерін тұтынуды азайту керек. 119 мемлекеттегі 40 мыңнан астам фермадағы мәліметтерге негізделіп жасалған зерттеу нәтижесінде бүгінгі таңда мал басының артқаны, ол ауыл шаруашылығы алқабының 83 пайызын алғанымен, тек 18 пайыз калориймен қамти алатыны айтылған. Ғалымдардың айтуынша, зерттеу барысында ферма өнімдерінің қоршаған ортаға әсері, климаттың өзгеруіне, судың ластануына ықпалы, тұщы суды пайдалану көрсеткіші секілді мәселелер ескерілген, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап. 

Ғалымдардың мақаласында ет пен сүт өнімдерін тұтынбау арқылы ауыл шаруашылық алқабын 75 пайызға қысқартып, сол арқылы АҚШ, Қытай немесе Еуроодақ территориясымен тең келетін аумақты сақтап қалуға болатыны айтылған. «Ауыл шаруашылығы жыл сайын жер көлемін арттырып жатқандықтан, біз жабайы табиғатты жоғалтып алудың алдында тұрмыз», - дейді авторлар.

Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, ет пен сүт өнімдері 18 пайыз калорий, 37 пайыз ақуызбен қамтығанымен, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің 83 пайызын алып жатыр және ауыл шаруашылығындағы парниктік газдар қалдығының 60 пайызын шығарады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда планетамыздағы сүтқоректілер түрінің 86 пайызы қолға үйретілген. Ғалымдар ет пен сүт өнімдерінің ең аз мөлшерінің өзі экологияға қауіп тигізетінін анықтапты.

«Экологиялық проблемалардың көп бөлігі ауыл шаруашылығы секторына тиесілі. Әсіресе, мал шаруашылығы өнімдерінің экологияға тигізетін зияны зор, сондықтан мал шаруашылығы өнімдерін тұтынуды азайтудың экологиялық пайдасы бар», - дейді Оксфорд университетінің профессоры, зерттеуді жүргізген ғалымдардың бірі Джозеф Пор.

Зерттеу нәтижесінде бір өнімді әртүрлі жолмен өндірудің де айырмашылықтары анықталған. Мысалы, сиыр етін ормансызданған жерде алу табиғи жайылымда өндіруге қарағанда 12 есе көп парник газын шығарып, 50 пайызға көп жерді алады екен.

Халықты вегетариан болуға шақырудың орнына, фермалардың қоршаған ортаға әсерін азайту керек. Бірақ, ауыл шаруашылығының қоршаған ортаға келтіріп жатқан зиянын жою оңайға соқпайтын көрінеді.

«Әлемде 570 млн ферма бар. Олардың барлығы қоршаған ортаға зиян келтірмеудің бірнеше әдісін меңгеруі керек. Бұл экологиялық проблеманы шешу экономика секторына да қатты әсер етеді, себебі жыл сайын әлем бойынша ауыл шаруашылығына 500 миллиард доллардан астам субсидия жұмсалады. Сондықтан проблеманы шешу оңай емес», - дейді авторлар.

Жаңа зерттеу нәтижесіне қатысты АҚШ профессорларының бірі Гидон Эшель пікір білдіріп, бұл проблеманың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін ауыл шаруашылығына қатысты зерттеулер тек жеке немесе ұлттық деңгейде ғана жүргізілген. Ал бұл жаһандық мәліметтерді ескерген зерттеу фермалар шаруашылығы негізінде жүргізілгендіктен, кең талданған. Ал Ұлыбританияның Лидс университетінің профессоры Тим Бентонның айтуынша, әлемде семіздік жайлаған шақта бұл зерттеу онымен күресу жолының планетаға да тигізер пайдасы бар екенін көрсеткенін айтты.

0 пікір
Мұрағат