Адамдардың аяушылық сезімі жойылып бара ма? – The Guardian
Адамдардың аяушылық сезімі жойылып бара ма? – The Guardian
6 жыл бұрын 3319 Алтынай Қуанышбек

24 сағат бойы үздіксіз жаңалықтар таратылатын заманда адамдардың аяушылық, рақымдылық пен жаны ашу секілді сезімдері жоғалып бара жатқандай, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап. 

Бүгінде біз әлемнің түкпір-түкпірінде күн сайын болып жатқан жағымсыз жаңалықтар туралы естіп, біліп отырмыз. Осындай келеңсіз хабарлармен бетпе-бет келе отырып біз жаңалықтардың тақырыбын оқыған бетте оны жүрегімізге жақын қабылдап, үрейленіп, тіпті, аяушылық білдіріп жатқанымыз шамалы. Бұл мәселе туралы Элиза Габберттің төмендегі мақаласында не айтылған екен?

Биылғы жылдың сәуір айында өзін Апатиялық идеалист деп таныстырған әйел New York Times басылымына шолу материал жазды. Онда автор саяси паралич сезімінің алдын алуға көмек сұраған. Өзінің ешқандай «әрекетке кірісе алмай» отыруының себебін осындай терминмен сипаттаған әйел 2016 жылы қараша айында АҚШ президенті болып Дональд Трамп сайланғанда дәл осындай ауру басталғанын айтқан. «Мен жаңа әкімшіліктің латынамерикалықтарға, тарихи америкалықтарға және мұсылмандарға, сонымен қатар, әйелдерге деген көзқарасы мен ұстанымдарына мүлдем қарсымын. Мен барынша олардан жауап алуға тырысып жүрмін», деп жазған болатын автор. Ал оған шолушы Роксана Гей «Сіздің хатыңыз көп адамға әсер ететініне күмәнім жоқ. Мен де өз ойымды білдіріп отырмын. Бүгінгі таңда біздің аяушылық сезімімізді ояту қиын. Себебі қазіргі күні адамдардың эмоциялық ықыласы мен назары мүлдем басқа деңгейде», деп жауап жазды.

Бүгінгі таңда бұл сезім кең тарап кеткен сияқты. Twitter немесе Facebook секілді әлеуметтік желілерді ашып қарасақ та, барлығының «Мен шаршадым» деген ойын байқауға болады. Бүгінде жағымсыз жаңалықтардың көптігі сонша, тіпті, адамдардың эмоциясы да өліп барады ма дейсің. Сондықтан менің де Апатиялық идеалистер қатарына жатуым мүмкін.

Соңғы бірнеше айда мен психологиялық тұрғыда қатты арықтап, жүдеп кеттім. Достарым маған түрлі хабарламалар жібергенде немесе менің жағдайымды сұрағанда, мен оларға шаршап жүргенімді айтамын.

Бұрындары үнемі осындай күйде болатын едім деп айта алмаймын. Ал Трамптың сайлауынан кейін бірнеше ай уақыт өткен соң менің күйеуім Джон үкімет өкілдерінің телефон нөмірлерін қағазға шығарып, оны тоңазытқышқа іліп қойды. Біз олардың барлығына кезегімен хабарласып, біздің атымыздан күресуін сұрадық. Мүгедектік туралы америкалық заңды, иммигранттар мен қаруға қарсы күресушілерді қорғауды талап еттік. Үкімет мүшесі ретінде олар біз үшін, бізбен бірігіп жұмыс істеуі керек емес пе? Мен осының барлығын айтқанда жүрек соғысып жиілеп, ашуымды әрең тыятын едім.

Кейде халықтың көзінше қарсылық білдіріп, наразылық таныту әлдеқайда тиімдірек көретінетін. Барак Обама кезінде денсаулық сақтау саласын қорғауға бағытталған заң кейінгі кезде қолдау таппады. Бірнеше айдан кейін сенаторлар «Салық реформасын» сылтауратып мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасынан миллиардтаған қаржыны қысқартты. Мен бірнеше рет үкімет өкілдеріне хабарластым. Бірақ, республикалық партияда Конгрессте заңды қабылдау үшін қажетті дауыстар саны жеткілікті болды.

Бірнеше ай өткен соң мен сенаторларға хабарласуды мүлдем қойдым. Себебі, бұл энергиям мен уақытымды босқа шашу екенін түсіндім. Көбінесе олар телефонға жауап та бермейтіні тағы бар. Яғни, пайдасыз іске бола уақыт өлтіруді қажет емес деп таптым.

Әлеуметтік желі белсенділері сөйлегенді жақсы көреді. Олар сондай болып қала береді. Былтыр мен кез келген жаңалықты 20 секунд қана қараудың дұрыс екенін түсіндім. Себебі, жаңалықтардың көбі негатив тудырады. Үйде де, мемлекетте де, тіпті, бүкіл әлемдегі жаңалықтардың көбі жағымсыз сипатта. Интеллектуалды түрде мен ненің жаман екенін білсем де, таңғалуды, аяушылық білдіруді, тіпті, қорқынышты жаңалықтарға үрке қарауды да қойып кеткендеймін.

Бұл клиникалық тұрғыда Апатиялық идеалист деп аталады. Бүгінгі таңда бұл біздің барлығымызға тән құбылысқа айналды. Психолог Чарльз Фигли аяушылықтың жоғалуын «көп уақыт бойы аяушылық білдіріп, стресс алудың кесірінен эмоционалды, физиологиялық, биологиялық және дисфункциялы түрде осы сезімнен арылу» деп түсіндіреді. Оның симптомдарына адамның өзін-өзі ұстауының өзгеруі (объективтіліктің жоғалуы, жылдам таңғалу), физикалық өзгерістер (арықтау, алаңдау, жүрек симптомдары) және эмоционалды өзгерістер (депрессия, мақсатсыздық) жатады. Бұл ауру адамдарды күтетін кәсіптерде кездесетін құрылым. Мысалы, жарақат кесірінен денсаулықта проблема пайда болған адамдарды күтетін медбикелерде болады. Кейде мұндайдан емделушінің жағдайы нашарлап, медбикеге де кері әсері тиюі мүмкін. Дегенмен, бұл назар аударатын жағымсыз хабарлар көп кезде қалыпты нәрсеге айналып келеді.

Бұл термин жаңадан пайда болғанымен, аяушылықтан шаршау сезімі көптеген ғасыр бойы айтылып келе жатыр. Бұл туралы тарихшы Самуэль Мойн да жазған. Ал бұл сезімнің арты үрей мен қорқынышты да алыстатып жібереді. Мойнның айтуынша, 18-ғасырдың философтары мен моралистері адамдар өз сезімдерін этикаға бағындырып жібергендері сонша, соның кесірінен басқа біреудің қиындығына аяушылық білдіріп, рақымдылық танытудан қалатынын айтқан. Яғни, эмоционалды тұрғыда аяушылық сезімінен шаршау немесе бұл сезімнен мүлдем бас тарту адамдардың моральдық жағдайын нашарлатады. Бұл Иммануил Канттың этикаға келгенде сентиментализмнен бас тартуы керек деген ұғымына ұқсайды. Яғни, ақылға бағыну, объективті, альтернативалы болу теориядан практикаға өтіп бара жатыр.

XXI ғасырда да аяушылық сезіміне қатысты дау-дамай әлі жалғасып келеді. Кейбірі Канттың ізімен моральды әрекеттер үшін эмпатия тәжірибесінің қажет емес екенін айтса, енді бірі эмпатияның адамгершілікке нұқсан келтіретінін айтып жатыр. Дегенмен, бүгінгі таңда эмпатия адамзаттың бір бірімен тікелей байланысы үшін ғана емес, әлемдегі барша проблемаларды шешу үшін де қажетті стимул ретінде қарастырылып келеді.

Біз неге жаны қиналған адамға көмекке келеміз? Біз белгілі бір деңгейде оларға аяушылық білдіреміз.

Шынтуайтына келгенде, әлемді жақсарту үшін аяушылық сезімі керек. Күн сайын әлемде бомба тасталып, жергілікті және жаһандық проблемалар көбейіп жатыр. Саяси жанжал мен қанды қылмыс көбейіп, климаттық апаттар болып жатыр. Сирияда − соғыс. Босқындар мәселесі тағы бар. Теңіз мұзы еріп жатыр. Кәсіби мамандардың айтуынша, осы проблемалармен бетпе-бет келіп, сол ортада жүрген адамдарда бүгінде аяушылық сезімі жоғалып барады. Дегенмен, соңғы уақыттарда бұл тек оларға емес, барлығымызға қатысты ұғымға айналып кеткендей. Жаңалықтарға тәуелді заманда адамның ұйқысы нашарлап, жүрек қағысы жиілеп кетті. Адам оқшаулана бастағанды ұнататын болды. Бұдан арылудың жолы бар ма? Әлем қазіргіден де көп аяушылықты қажет етіп жатқанда, біздің кері кетіп бара жатқанымыз қалай?

«Аяушылықтан шаршау» термині баспасөз беттерінде ең алғаш рет 1992 жылы пайда болды. Оны алғаш рет тарихшы, жазушы Карла Джойнсон қолданды. Ол жедел жәрдем қызметіндегі медбикелердің жұмысын бақылай отырып, олардың бара бара белгілі бір формаға енетіндерін байқаған. Джеки есімді медбике жақында өзі құтқарғысы келген сүйікті емделушісінен айырылған. Содан кейін ол өзін қорғаусыз, ашулы сезіне бастаған. Хирургияда істейтін Мариан атты медбике де «көңілі қалып, құлазып» жүргенін айтқан. Соның кесірінен тіпті ол жұмысын тастап кетуге мәжбүр болған.

Ресми атауы болмаса да, аяушылықтан шаршау медициналық әдебиетте те кездесетін ұғымға айналған. 1980 жылы Психикалық ауытқушылықтың диагностикалық және статистикалық басқармасы «жарақат туралы білу де адамды жарақаттайды» деген тұжырым жасаған. Бұл нақты бекітілмегенімен, жарақатқа жақын болу пассив түрде кері әсерін тигізе алатыны анық еді.

1990 жылдардың басында Фигли бұл идеяларды тереңірек зерттей бастады. Ол жарақаттан кейінгі стреспен күресетін адамдарға «Эмпатиялық қолдау» көрсететін кәсіби мамандардың өздері де өздерінің емделушісінде бар тура сондай симптомдарды иеленетінін байқаған. Оның ішінде эмоционалды өзгерістер де бар. Фиглидің айтуынша, денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін адамдардың көпшілігі осындай жарақаттарға бейім келеді. Оның себебі олардың жарақатқа үнемі жақын жүретінінде емес, керісінше, олардың миына басқаларға қамқор болу, аяушылық таныту секілді сезімдердің әбден сіңіп кеткенінен. Яғни, бұл мамандар эмпатияны жауапкершілік ретінде қабылдайды. Вьетнамда әскери қызметте болған Фигли Джойнсонның терминін жиі қолданып, танымал ете түсті. Сонымен қатар, аяушылықтан шаршау сезімі секілді терминді жақтаушылардың біріне айналды.

Егер сіз өміріңізде бір рет болсын ауру адамға, мейлі ата-анаңыз бен балаңызға қамқор болған боласыңыз, сіз стрестің симтомдарын білесіз деген сөз. Оның қатарында нашар ұйқы, жағымсыз көңіл-күй мен асқазан ауруы бар. Мен де аяушылықтан шаршау сезімін бастан өткеріп көрдім. Менің күйеуімде туа бітті ауру бар. Басында ол ауру белгілері пайда болғанда біз не істерімізді білмейтінбіз. Оның кенеттен басы айналып, орнынан тұра алмай қалатын. Кейде басы қатты айналып, қозғала алмаса, кейде балдақсыз жүре алмайтын еді. Кейін құлағы нашар ести бастағанда қатты алаңдадық. Себебі, кейде бір құлағымен, кейде екінші құлағымен дұрыс естімейтін. Бұл оның жұмысын әсіресе қиындатып жіберді. Күйеуім университетте сабақ беретін еді. Сабақ беріп жатқанда оның құлағында шу пайда болатын. Кейде бірнеше күн ол ештеңе естімей, жұмыс істеуден қалды. Сөйтіп жүріп Джон отыз жасқа толды.

Ол көлікті дұрыс жүргізе алмай, телефонмен жөнді тілдесе алмайтын болған соң мен оның көмекшісіне айналдым. Дені сау кезінде сабақтарына апарып, үйден шыға алмайтын кезде сабақтары болмайтыны туралы ескертіп жүрдім. Сонымен қатар, өзімнің толық жұмысым да болды. Мен жаңа талаптарды, энергиям мен уақытымның кетіп жатқанын ұнатпадым. Сол кезде адам көңілінің қалай жылдам қалатынын түсіндім. Менің қолым бос болмаған кезде олл көмек сұраса, мен бас тартып, кейіннен сол ісімнен қорқатын едім. Сөйтіп жүріп шаршай бастадық.

Біздің отбасымыздағы бұл кезеңді жай ғана «стресс» деген сөзбен сипаттау аздық етеді. Мен Джоннан қорықтым. Өзімді жалғыз сезіндім. Мені біреулердің аяғанын қаладым. Мені де біреу өзінің қамқорлығына алғанын қалап, сол туралы ойлап та, айтып та жүрдім. Мен өзімнің барлық эмоционалды ресурстарымды Джонға жібердім.

Зерттеушілердің айтуынша, стресс, алаңдаушылық пен белгісіздік эмпатия деңгейін анағұрлым төмендетеді екен. Менің аяушылық сезімім менің де қажеттіліктерім бар болғандықтан ерте бітіп қалғандай болды.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің аяушылықтан арылу эффектісі расымен бар және ол құжатталған, түрлі зерттеулер арқылы дәлелденген. Бұл өз кезегінде емделушіге қарау сапасын төмендетіп, клиникалық қателіктердің көп болуына алып келеді. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің өз үйлерінде де отбасымен, достарымен қарым-қатынасы нашарлайды. Яғни, олар аяушылықтан айырылып қалмас үшін өздерін күтулері керек. Фигли құрастырған оқулықта біздің «эгоға тұрақтылығымыз», «жарақаттан кейінгі стресс», «позитив өзгерістер» деген секілді ұғымдар бар. АҚШ-та бұл жағдай жиі кездеседі. Мысалы, белгілі бір апаттан соң аман қалғандар «бұл бізді күштірек ете түсті» дейді.

Медқызметкерлер мен ауру адамдардың күтушілері өздеріне көмектесетін ереже қалыптастырып алғандары жөн. Оған физикалық, психологиялық, әлеуметтік міндеттер кіреді. Оның ішінде дұрыс тамақтану, уақытылы ұйықтау, дұрыс демалып, медитация жасау секілді шарттар қарастырылған.

Медбике болып жұмыс істейтін бір танысым бірде күнделікті жұмыста өмірінің ең нашар кезеңін бастан өткеріп жатқан адамдарды көретінін айтты. «Олар менің көп энергиямды алып, маған да, отбасыма да кесірін тигізуі мүмкін. Мен емделушілердің не сезініп жатқандарын бойымнан өткеруге тырысамын. Бірақ, сол кезде өзімнің эмоционалды қуатымды сақтап қалу керектігін түсінемін», дейді ол.

Аяушылықтан шаршау концепциясы денсаулық сақтау саласында зерттеліп болған соң бұл ұғым бұқаралық ақпарат құралдарында да пайдаланыла бастады. Қатыгез суреттер мен адам шошырлық жаңалықтар көрермендердің эмоциясын мүлдем жауып тастауы мүмкін екені, оған әсер етудің орнына, ақпараттан бас тартуы мүмкін екені туралы айтылып жүрді.

1999 жылы шыққан «Аяушылықтан шаршау»: БАҚ ауру, аштық, соғыс пен өлімді қалай сатып жатыр» атты кітабында журналист, ғалым Сьюзан Моллер бұл идеяны жан-жақты зерттеп шыққан. «Бұқаралық ақпарат құралдары бір жарақаттан екіншісіне өтеді, үнемі үзіліссіз кедейлік, ауру, өлім-жітім туралы хабарлайды. Проблема көп. Дағдарыс бірінен соң бірі артып жатыр. Жағымсыз жаңалықтар көлемі қоғамды аяушылық сезімінен арылтып жатыр», деп жазды журналист.

2003 жылы «Басқалардың ауруы туралы» атты кітап авторы Сьюзан Сонтаг та кішкентай ғана кітабында осы мәселе туралы қаузайды. «Бұрын адамдарды шошытып, үрейлендірген суреттер бүгінде еш назарымызды аудармайды. Адамдардың аяушылық сезімі шегіне жетіп, қатып қалды. Бұл диагноз», деді ол. Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының мазмұны аяушылық сезімін азайтып, бойымыздағы сезімталдықты өлтіріп жатыр. Бұған кім кінәлі? Бақ па? Біз бе? Бұл проблемамен не істеу керек?

Мюллердің айтуынша, аяушылықтың кемуінен қашып құтылу мүмкін емес. Соғыс пен аштық тұрақты түрде әлемнің кез келген түкпірінде болып жатқанда, біз барлығын көріп отырғанда бұның барлығы іш пыстырып, жалқытыратын дүниеге айналады. Бара бара адамдар қалыпты құбылыс ретінде қабылдап, аяушылық танытпайды.

Әлемдік жаңалықтарға келетін болсақ, оқиғалар бірінен бірі өткен қанды, драмаға толы және қатыгез болғаны аудиторияға өтімдірек. Сонда ғана мұндай жаңалықтар жергілікті жердегі оқиғалармен бәсекеге түсе алады. Бұл туралы 1995 жылы Вашингтонда Pew зерттеу орталығы жүргізген зерттеуде толығымен жазылған.

Жарнамамен күн көретін медиа-каналдар адамдардың назары ауғанда ғана табысқа жетеді. Бұл сенсацияға тәуелді қылып, «шок» жаңалықтарға әуес етеді. Оның ішінде ауру бала, аш жеткіншектер, соғысқа оранған қалалар туралы жаңалықтар басты орынға көшеді. Бірақ бұл түптеп келгенде адамның өз өзін қорғау сезімін оятып, жағымсыз жаңалықтарды елемеуге, сол арқылы эмоциясын жауып тастауға апарады.

Associated Press басылымының бұрынғы халықаралық редакторы Том Кенттің айтуынша, жаңа дүние болмағанда басылым тек оқиғаны сипаттаймыз. Яғни, дағдарыс пен жағымсыз жаңалық жаңасы пайда болғанша жалықтырып жібереді.

Оның айтуынша, 1991 жылы америкалықтар басқа жаһандық дағдарыстарға қарағанда тек циклондар мен жер сілкінісі туралы ақпараттарға елең еткен. Сонымен қатар, Африкадағы аштық секілді проблемалар табиғи апаттар жанында қалыпты құбылыс ретінде қабылданған.

Фигли айтқандай, аяушылықтан арылу көмекке ұмтылудан басталып, бара бара ол сезімнің жоғалуымен сипатталады. Мысалы, ауру адамдыы күтуші оның қиналғанын көріп, сол қиналысын азайтқысы келеді. Бірақ, ол үнемі қолдан келе бермейді. Сол арқылы аяушылық сезімі де жоғала береді.

Жоғарыда айтқанымыздай, жарақат алған адамды күтетін адам да эмоционалды тұрғыда белгілі бір деңгейде жарақат алады. Ал жаңалықтарды тұтынатын адамдарда ондай қауіп жоқ деп айта аламыз ба? Телефондағы Twitter желісін ашып, немесе теледидарды қоссақ та, біз өзіміз шеше алмайтын мыңдаған проблемаларды көреміз. Әрине, көмек беруіңіз мүмкін болғанымен, бір адамның ғана әрекеті байқалмайды.

«Science of Evil» кітабында психолог Саймон Барон-Коэн мидағы «эмпатия» желісі туралы көптеген зерттеулер келтірген. Мысалы, біреудің қолына ине кіріп жатқанын көріп отырсақ, біздің миымызда «эмпатия» оянады да, белсенді бола түседі. Бұл құбылысқа қарап отырған адам автоматты түрде басқа жаққа бұрылады. Себебі, белгілі бір деңгейде бұл көріністе өзінің отырғанын елестетеді. Яғни, аушылық сезімі – ең алдымен өзіңе деген аяушылықтан туындайды. Себебі көпшілігі сол проблемаға алдымен өзін қойып көреді, елестетеді.

Кейбір адамдарда аяушылық сезімі өте жоғары деңгейде болса, кейбірінде ол нөлдік деңгейде болады. Көп адам осы екуінің ортасында болатындықтан, эмпатияның бұл деңгейі бейімделуге жақын келеді.

Аяушылық сезімін басқа да сезімдермен салыстыруға болады. Мысалы, аштық сізді тамақтануға мәжбүрлейді. Бірақ ешбір әрекет болмаса, аяушылықтан не пайда? Яғни, бұл ретте эмоцияны мүлдем бекітіп тастап, оның зая кетпегеніне мән берген де жөн шығар.

Әр сәт сайын әлемнің түкпір-түкпіріндегі қанды оқиғаларды ескерсек, аяушылықтың жоғалатын да жөні бар шығар. Осы тақырыпты зерттеу барысында мен 2017 жылы қараша айында отбасылық терапевтт жазған, күн сайын жаппай адамдарды ату жазасына куә болған адамның мақаласына тап болдым.

Шынымды айтсам, Техастағы Сазерленд-Спрингс шіркеуіндегі қанды атыстағы жапа шеккендердің көбі балалар екенін білгенде, мен ол бетті бірден жауып тастадым. Бойымды үрей мен ашу биледі. Ол адамдар әлеуметтанушыларды тыңдаудан бас тартып, қару қатыгездікті арттыратынын айтумен болғаны үшін қаза тапты.

Терапевт жазаланушыларға тағылған айыпты аяушылықтың классикалық түрі ретінде қабылдаған. Оның ойынша, трагедияны жеке тұлғалық сипатқа өткізу керек. «Әр өліп қалған адамның ісін оқып шығу керек. Оларды аты-жөні жоқ жазаланушы емес, жеке тұлға ретінде қабылдау керек. Бұл оқиғаларды оқу бізді апатиядан қорғап, аяушылық сезімімізді жоғалтпауға көмектесе алады», дейді терапевт.

Ғалымдардың айтуынша, адамдарда аяушылық сезімінің азаюы заңды құбылыс. Бұл құбылыспен бұқаралық ақпарат құралдары күресе алады. Көпшілігіміз сенсация мен «шок» жаңалықтарды қалыпты дүние ретінде қабылдайтын болдық. Сондықтан арасында демалыс алып, стрессті азайту керек. Достармен кездесіп, жарқын сәттерді көбейтіп, жағымсыз жаңалықтардан аулақ болуға тырысқан жөн. Бірақ, кейде мұндай үзілістер тыым ұзаққа созылып кетуі мүмкін.

Біздің әлем алдында қандай жауапкершілігіміз бар? Біз жаһандық жағымсыз жаңалықтар мен қатыгездіктер туралы білуге міндеттіміз бе? Оны білсек, біз не істей аламыз? Әлеуметтік медиа, 24-сағаттық жаңалықтар, телефонға келетін хабарламалар – ежелгі адамдар күрескен кездегі аяушылықтан да көп мөлшерді талап етеді. Бұл адамға ауыр тиетіні рас.

Жақсылық жасау үшін біз өзімізді нашар сезіну керекпіз бе? Пол Блум атты психологтың айтуынша, адамдар эмпатияға тәуелді емес моральды иемдене алады. Біз ең көп көмекті қажет ететіндерге ғана көмектесу керекпіз. Яғни, аяушылық сезімі әр проблемаға өзімізді жегідей жеумен емес, проблеманы дұрыс қабылдау үшін қажет.

0 пікір
Мұрағат