Үндістан оқушылары жолбарыстарды қорғау акциясын өткізді
Үндістан оқушылары жолбарыстарды қорғау акциясын өткізді
2 жыл бұрын 748

Шілде айының 29-ы күні халықаралық жолбарыстар күніне орай Үндістанның оңтүстігіндегі Коимбатур қаласында мектеп оқушылары құрып бара жатқан осынау мысық тұқымдас аңды қорғауды мақсат еткен өзгеше акция өткізді. Қоғам назарын жолбарыстарды қорғау мәселесіне аудара білген аталмыш шараға 800-дей оқушы қатысты. Табиғат жанашырлары мен жануарларды қорғау ұйымдарының мәліметіне қарағанда, осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын Үндістанның ну орманында шамамен 40 мың жолбарыс жортқан екен. Алайда, адамдардың ашкөздігі мен тасбауырлығынан олардың саны азайып, бүгінгі таңда 3700-дейі ғана қалған көрінеді. Кейбір сарапшылар 1200 жолбарыс қалғанын алға тартып отыр. Акция аясында оқушылар жолбарыс тақырыбына арналған суреттер салды. Осынау шараға атсалысқан Сантос Құмар есімді оқушының айтуынша, жолбарыстар тұқымының тұздай құрып бара жатқанына ең алдымен табиғатты аялай білмей ашкөздікке салынған адамдардың өздері кінәлі. Азулы аңды заңсыз аулап, тісі мен тырнағын және терісін Қытайға экспорттап жатыр. «Егер бұлай жалғаса беретін болса, оны тек картиналар мен фильмдерден ғана көретін боламыз», - деп түйіндеді ол сөзін. Сол үшін де осындай акция ұйымдастыруға мәжбүр болғандарын жеткізді. Ал, сарапшылар браконьерлікке тосқауыл қойылмаса, он жылдың ішінде жолбарыстың тұқымы құрып бітетінін тілге тиек етіп отыр. Бір кездері әлемнің 25 елінде жолбарыс болған деседі. Қазіргі уақытта әлемнің тек 13 елінде ғана жолбарыс жортатын көрінеді. Десе де, осы он үш елдің бәрінде де жолбарыстың тұқымы құрып бітуге айналған. Жолбарыстың тоғыз түрі болса, соның үшеуі мүлдем жоғалған. Табиғатты қорғау ұйымдарының дерегі бойынша браконьерлер жылына 119 жолбарысқа дейін аулайды екен. Сондай-ақ, олар құрып бара жатқан азулы аңды қорғауға бір елдің шамасы келмейтінін, браконьерлікпен халықаралық деңгейде күресу керектігін алға тарты.

0 пікір