Тұтқындарды босатуды талап етті
Тұтқындарды босатуды талап етті
9 жыл бұрын 3209

Палестина басшысы Маһмұд Аббас Израиль билігінің үстінен Халықаралық қылмыстық сотқа шағым түсіруді көздеп отыр. Израил түрмесінде жатқан, түрлі желеумен абақтыға жабылған палестиналық тұтқындарды босатуды мақсат етіп. Палестинаның бұл талабы орындалмаса ғана Израил үстінен шағым түсірілетін болады. Сәуір айының 17-і күні Палестина халқы тұтқындармен ынтымақтастық акциясын өткізген болатын. Палестина тарапы келтірген мәліметке қарағанда, Израил түрмесінде шамамен 6 000 палестиналық тұтқын жатыр. Маһмұд Аббас Палестина теледидарының эфирінен Израил түрмесінде жатқан отандастарын қайткен күнде де шығарып алуға күш салатынын жеткізді. Бұған қоса, түрме қабырғасында тұтқын палестиналықтардың құқығы жиі бұзылатынын дәлелдейтін көптеген фактілерге қол жеткізгенін де жасырмады. Бұл өз кезегінде Израил билігін Халықаралық қылмыстық сотқа беруге негіз болмақ. Оның мәлімдемесінде айтылғандай, израилдіктер палестиналықтарды түрмеге тоғыту арқылы қорқытып-үркітіп ұстау саясатын жүргізіп қана қоймай, олардың жеріне еврей келімсектерін орналастыру арқылы өз аумағын кеңейтуді көздеп отыр. Ал, бұл өз кезегінде екі елдің арасындағы шатқаяқтап тұрған қатынасты одан ары ушықтырып жібермек. 

0 пікір
Мұрағат