Түркияның Либиядағы әскери жорығының түпкі мақсаты қандай
Түркияның Либиядағы әскери жорығының түпкі мақсаты қандай
4 жыл бұрын 4002 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркияның Либияға әскер аттандыруының астарында сарапшылар айтып жүргендей аймақтағы ықпалын арттыру жатқан жоқ, керісінше, әскери жорығының мақсаты аймақтағы өзінің мүддесін қорғауға саяды. Түркия ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы ресми мойындаған үкіметтік ұлттық келісімге (ҮҰК) жәрдем беру арқылы таразы басын теңестіріп, Мысыр, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей, Франция қолдау білдіріп отырған маршалл Халифа Хафтардың арынын басуды көздейді. Бұл жайында Bloomberg ақпарат көзінде жарияланған Стамбұлдағы экономикалық әне сыртқы саяси зерттеу орталығының жетекшісі Синан Үлгеннің мақаласына сілтеме жасай отырып хабар таратты. Түркия Либия аумағында премьер-министр басқарған ҮҰК-ті қорғай отырып, Либияның ұлттық армиясын басқарған Халифа Хафтарды келіссөз үстеліне отырғызуға мәжбүрлеу үшін әскерін аттандырды. Түркия Либиядағы жоспарын жүзеге асыра ала ма? Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Өйткені, Түркияның мақсаты мен мүддесіне қайшы әрекет ететін Мысыр, БАӘ және Ресей де белсенді әрекетке көшіп отыр. Түркия 2019 жылдың желтоқсан айында Жерорта теңізіндегі шекараны делимитациялау туралы ҮҰК-мен арада бектіліген екі жақты келісімді қорғау үшін әрекет ететін болады. Түркия талай жыл бойы Жерорта теңізіндегі құқығы үшін Грекиямен және Кипрмен жанжалдасып келеді. 1982 жылы қабылданған теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясына қатыспаған Түркия БҰҰ конвенциясы аясында ұсынылған аралдардағы айрықша экономикалық аймақ пен ұлан-ғайыр аумақтық шельфті мойындамайды. Түрия мен Грекия, міне, жарты ғасырға таяды, Егей және Жерорта теңізіндегі ресурсты бөлісе алмай келеді. Бұл талас-тартыс өз кезегінде Кипрдің саяси тұрғыдан жік-жікке бөлінуіне де алып келді. Түркия Кипрдегі түріктердің үлесін әділ жолмен алып беру үшін әрекет етеді. Соңғы жылдары әлемнің кей елдерінде қызметі мен саяси бағыты өз мүддесіне қайшы келетіндіктен террористік ұйым ретінде танылған «Мұсылман бауырлар» ұйымына қолдау білдірген Түркияның аймақтағы саясаты үшін Мысырмен және Израилмен арадағы қатынасына сызат түскен болатын. Аталған мемлекеттер Түркияның мүддесіне нұқсан келтіре отырып, Жерорта теңізіндегі ресурсты пайдаланып қалуға тырысуда. Түркия билігі үшін Либиямен арадағы аталған мәселе бойынша арадағы мәміле – Түркияның өзін оқшаулау саясатын бұзып-жарып шығуға көмектеседі әрі Жерорта теңізінің шығысындағы ресурсты әділ бөлуге жол ашатын нұсқа. Алайда, оның орнына Түркиядан ҮҰК-мен арадағы өткен жылдың желтоқсан айындағы мәміле үшін маршалл Халифа Хафтарға қарсы әрекет етуден бас тартуды талап етіп отыр. Қарсыластары. Бұл Түркияның ұзақ мерзімдік геосаяси мүддесіне қайшы келетін талап. 

Енді Түркияның Либиядағы әскери жорығының сәтті аяқталуына қандай кедергілер барына тоқталайық. Түркия аталған ел аумағында мынадай қауіптермен бетпе-бет келеді: біріншіден, Түркияның өз ішінде Либиядағы әскери операцияны қолдамайтындар қарасы көп. Яғни, бұл бағытта Түркия билігі қоғамдық қолдау таппай отыр. Таяуда Istanbul Economics Research зерттеу ұйымы  жүргізген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, сұралған тұрғындардың тек 34%-ы ғана Түркияның Либияға әскер аттандырғанын құп көретінін жеткізсе, 58%-ы қарсы шыққан. Егер Либия жерінде түрік әскері шығынға ұшыраса, Түркияның қазіргі билігі өзіне наразы тұрғындардың қарасын көбейтіп алады. Бұл ілік іздеп отырған түрік оппозициясына қолына көзірді апарып ұстатқанмен бірдей әрекет болар еді. Екіншіден, түрік әскері іргесіндегі Сирия секілді емес, отанынан жырақта әрекет етеді. Қажет кезінде материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы қиын. Халифа Хафтар әскері көрші жатқан Мысырдан дер кезінде қандай да бір көмек ала алады. Осындай қатерлі факторларды ескерген түрік әскері тікелей әскери қақтығыстан бойын аулақ салады. Түріктің әскери бөлімшелері әскери кеңес берумен шектеліп қалуы мүмкін. 

(Ықтимал жалғасы болуы мүмкін – ахуалдың даму барысына қарай – ред.)

0 пікір
Мұрағат