Түркияның жұмсақ күші
Түркияның жұмсақ күші
5 жыл бұрын 4628 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Түркия өткен жылы – 2018 жылы әлемнің әр түкпірінде 23,251 млн адамға 3,114 миллиард лира (түріктердің ұлттық валютасы – ред.) шамасында көмек көрсеткен. Бұл жайында Түрік Жарты Ай қоғамының жетекшісі Керем Қынық мәлім етті. Ол осылай дей келе биыл, яғни, 2019 жылы Түркия әлем бойынша шамамен 33 млн адамға 4,5 миллиард лираның жәрдемін жеткізетін мәлімдеді. Сөз орайы келгенде мынаны айта кету керек, түріктердің Жарты Ай қоғамының құрылғанына табаны күректей 150 жыл өткен. Яғни, тарихы тым терңде жатыр – Османлы империясынан бастау алады. Аталмыш қоғамның түріктердің әлемдегі ықпалын арттырудағы еңбегі ересен. Түріктердің «Анадолы» ақпарат агенттігі таратқан хабар мен келтірген дерегіне қарағанда, аталмыш қоғам табиғи апаттардан зардап шеккендерге, олардың салдарын жоюға атсалысып қоймай, денсаулық саласында медициналық жәрдем көрсеткен. Афирика құрлығынан бастап, Атлант мұхитының арғы жағалауындағы латын америкалықтарға дейін қолұшын созып, мешіттер мен білім беру орталықтарын салуда. Әлбетте, Иран мен Саудия да мұндай ауқымды шараларды жүзеге асырып жатыр. Десе де түрік үлгісі әлемде уахабизмге таралуына тосқауыл қоюымен, дәлірегі, толеранттылығымен ерекшеленеді. Кезінде Османлы империясының құрамында болған Таяу шығыс халықтары түріктердің жұмсақ күшіне феномен ретінде қарастырмайды. Десе де аталған аймақта түріктердің тарихи сериалдары ең көп көрілетін фактіні жоққа шығара алмайсыз. Кино – қандай да бір идеологияны жеткізуде ең күшті насихат құралы екенен ескерсек, таяу шығыс халықтары түріктердің мәдени экспанциясына қалай жол беріп қойғанын өздері де сезбей қалғанға ұқсайды. Осыны ескерген қазіргі Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған түрік сериалдарына мемлекет тарапынан қолдау білдіруге арнайы пәрмен беріп отыр. Бұдан бөлек, кезінде Османлы құрамында болған Балқан түбегі елдері де түріктердің жұмсақ күшін сезінуде. Мәселен, 2015 жылы Албания астанасы Тиран қаласында түріктер мешіт тұрғызды. 2016 жылдың көктем мезгілінде Түркия президенті АҚШ-тың Мэриленд қаласында аталған құрлықтағы ең ірі ислами орталықты салтанатты түрде ашты. 2018 жылдың қыркүйек айында Германияның аталған ел аумағында ғана емес, сонымен қатар, күллі кәрі құрлықтағы ең ірі түріктердің диспорасы шоғырланған Кельн қаласында үлкен мешіт ашылды. Бұдан бөлек, Куба аралында да, Румынияда да, тіпті, Венесуэлада да түріктердің күш-жігерімен ислами орталықтардың құрлысы жүріп жатыр. Түріктер мұнымен ғана шектеліп қалмай, әлемнің әр түкпірінде қасиетті сапарға аттанғысы келетіндердің шығынын өз мойнына алып, қасиетті Құран даналарын тегін таратуда, құран курстарын ұйымдастыруда, қасиетті Құранды жергілікті тілге аударуда. Айта берсең, атқарып жатқан істері ұшан-теңіз. Білім беру саласында да мектептер тұрғызып, оқулықтармен қамтамасыз етуде. Ауызсу тапшылығын тартып отырған аймақтарда құдықтар қазып, жергілікті халықтың алғысын алуда. Осылайша Түркияның сыртқы саясатында жаңа бағыт пайда болды. Түріктердің қайырымдылық қорлары, әсіресе, ең артта қалған Сомалидегі жетістіктерінің өзі бір төбе. 2011 жылы аштық жайлаған Сомалидің басындағы қиын жағдайға батыс елдері көзжұма қарағанда, түріктер гуманитарлық көмек жеткізіп, Сомали экономикасына 1 млрд доллардан аса инвестиция құйды. Аталға ел аумағындағы Могадиш әуежайын Turkish Airlines компаниясы басқарып отыр. Бүгінгі таңда ол Сомалиді сыртқы әлеммен байланыстыратын ел аумағындағы жалғыз әуежай болып отыр. Бұдан бөлек, түріктердің шетелдегі ең ірі әскери базасы осы Сомалиде орын тепкен. Сондай-ақ, түріктердің ықпалы Чадта, Эфиопияда, Ганада, Нигерияда, Нигерде жылдан жылға артып келеді. Аталған африкалық елдер табиғи ресурстарға бай. Бұдан басқа, аталған елдерде арзан жұмысшы күші де жетіп артылады.

0 пікір
Мұрағат