Түркия криптовалютаға дайын ба
Түркия криптовалютаға дайын ба
5 жыл бұрын 4900 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Пайызға шаққанда Түркия цифрлы валютаны иемденгендер арасында әлем бойынша көш бастап тұр, яғни, бірінші орыннан көрінген. Статистикалық дерекке қарағанда, аталған ел тұрғындарының 18%-ы (14 млн-нан аса адам) қандай да бір виртуалды активке ие болып отыр. Бүгінгі таңда. Ал осы уақытқа дейін электронды валютамен жасасақна мәмілелер шамалы болып келген еді. Аталған ел аумағында 6 цифрлы биржа ғана жұмыс істейтін, олардың арасындағы ең ірісі саналатын Paribu, Koinim және Btcturk-те бір күндегі сауда айналымының мөлшері ары асқанда 11,6 млн доллардан аспаған болатын. Салыстыру үшін алсақ: әлемдегі ең ірі Binance биржасында күн сайынғы айналым мөлшері 5 млрд доллардан асып түсетін. Қысқаша қайырғанда, түріктер осы уақытқа дейін инвестициялауды емес, жинауды артық көріп келген болатын. Аяқ астанын жағдай өзгеріп сала берді: осы жылдың басынан түріктердің ұлттық лирасы 40% құнсызданып, долларға шаққандағы бағамы күрт құлдырап кеткен еді. Сарапшылардың айтуынша, бұған АҚШ-пен арадағы саяси әрі дипломатиялық дағдарыс себеп болған. АҚШ билігінің Түркияға қысым көрсетуінің төрт себебі бар: Түркия билігінің Сирия мәселесінде нақты бір позиция ұстанбауы, Ресейдің зениттік зымыранға қарсы кешенін сатып алу туралы мәмілесі, «Оңтүстік ағын  - 2» инфрақұрылымы бойынша түріктердің белгілі бір позициясы болмауы, сондай-ақ, америкалық пастор Эндрю Брансонды тұтқындауы (бұл жайында кезінде кеңінен жазғанбыз).

Таяқтың екі ұшы бар емес пе: допты ұрған сайын соғұрлым секіретіні секілді АҚШ-тың бұл қысымы ақыры өзіне таяқ болып тиді. Түріктер доллардан бас тартып, оның орнына цифрлық валютаны қолға алды. Қазірдің өзінде Түркия аумағында 20-дан аса криптовалюталық биржа жұмыс істеп жатыр. Бұл жайында түріктердің IT-компаниясының директоры Дэвид Тевфик Сайин мәлім етті. Былайша айтқанда, АҚШ-пен арадағы дағдарыстан кейін түрік азаматтарының цифрлы нарықтағы белсенділігі 3,5 есеге артқан. «Әлем цифрлы жүйеге өтуге талпынып жатыр. Әлі де кеш емес, Түркия өзінің цифрлы жүйесі мен валютасын жасауы тиіс» деп мәлімдеді аталған елдің экономика министрі Ахмет Кенан Таңрықұлы. Десе де дағдарысты цифрлы нарықты жандандыру арқылы еңсеруге ден қойған әлемдегі жалғыз ел Түркия емес. Мәселен, ирандықтардың ұлттық цифрлы валюатысының жобасын аталған елдің орталық банкі бекітіп те қойды. АҚШ-тың қырына іліккен Иран да, Венесэула да, т.б. тіпті, АҚШ-пен араздығы жоқ елдер де криптовалютаға ден қойып жатыр. Қытай блокчейн технологиясына ден қойып, бұл бағытта бірқатар шаруаның басын қайырды. Бұдан бөлек, шетелдік сарапшылар да түріктердің цифрлы валютаға көшуге қам жасап жатқанын құптап отыр. Мәселен, European blockchain association маманы Эндрю Розенбаум «түрік компанияларына борышты шетелдік валютада өтеуге регресс жетіспейді, алайда, цифрлы активтер қарыздан құтқаратын жаңа кіріс көзі болуы мүмкін» десе, оның бұл пікірімен келіскен түріктердің тәуелсіз қаржы сарапшысы Мұстафа Кизгин де: «Әлемдік дағдарыстың басты себебі – фиатты ақша мен біз пайдаланып жүрген несие жүйесі» деп толықтырды әріптесінің ойын. Десе де олардың бұл пікірімен келіспейтіндердің уәжі қандай? Сарапшылардың кейбіреуі түрік халқы әзірге цифрлы валютаны өздерінің күнделікті өмірінде пайдалануға дайын емесін айтып отыр. Ал Z ұрпағы (келер буын) цифрландыруға бет алмақ. Түрік халқы көзге көрінетін немесе қолмен ұсталатын материалды құндылықтарды қалайды негізінен. Бұл тақырыпта дау-дамай мен талас тартыс жүріп жатқанына қарамастан бүгінде аталған ел аумағында виртуалды валютамен сауда жасау қарқын алып келеді. Оның концепциясы да жасалып жатыр. Айталық, бұл Turkish Airlines, Turk Telekom немесе Стамбұл қор биржасының құнды қағаздарымен қамтамасыз етілген (кепілдендірілген) stablecoin деп аталуы мүмкін. Әзірге ел билігі қоғамда осынау қалыптасқан қолайлы ахуалды пайдаланып, ұлттық виртуалды валютаны енгізуге күш салып жатыр. Өйткені, бұл қадам тұтыну нарығындағы капитал жинау құрылымын өзгертіп (әртараптандырып), АҚШ қысымына қарсы тұруға көмектеспек.

0 пікір
Мұрағат