Таяу Шығыс су проблемасын шеше ала ма?
Таяу Шығыс су проблемасын шеше ала ма?
6 жыл бұрын 3028 Алтынай Қуанышбек

Планетамыздағы ең ыстық әрі құрғақ жерлердің бірінде судың аздығы сонша, кейде теңіз суын тұздан арылтып пайдалануға тура келіп жатады. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка – су жетіспеушілігіне тап болған мемлекеттер. Мұнда 17 мемлекет БҰҰ бекіткен кедейлік деңгейінен де төмен күнкөріс кешіп отыр, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап. 

Банктегі есепшоттарға қарағанда бұл өңірлерде судың жиналуынан, жұмсалуы жылдам жүреді. Мұндай мәлімет жақында Бүкіләлемдік банк баяндамасында ұсынылды. Онда бұл өңірлердің су қауіпсіздігі мәселесіне тап болып, су тапшылығын бастан кешіп отырғандары айтылған.

Бүкіләлемдік банк мәліметтеріне сенсек, әлем халқының небәрі алты процентін қамту үшін әлемдік су қорларының бір проценті қажет етіледі. Яғни, суға деген сұраныс пен ұсыныстың арасы тым алшақ болғандықтан, бұл проблеманы шешу үшін міндетті түрде шара қолдану керек.

«Абсолютті су тапшылығымен» күрес қалай жүргізіледі?

Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада судың жетіспеушілігі жүздеген жылдар бойы үлкен проблема болып келеді. 2018 жылдың Араб өңірі баяндамасына сенсек, халық санының жылдам өсіп, экономиканың артуы, шекарадағы суды екі жақ тараптың бірігіп пайдалануы, климаттың өзгеруі, құрғақшылық пен жауын-шашынның аздығы өңірдегі су тапшылығы проблемасына айтарлықтай әсер еткен.

БҰҰ-ның Ауыл шаруашылық ұйымының соңғы мәліметтеріне сенсек, 2014 жылы Таяу Шығыс пен Африканың 13 мемлекеті «абсолютті су тапшылығына» тап болған.

Мемлекеттерде табиғи су көздерінің жылдық қамтамасыз етуі өндірістік, ауыл шаруашылық және үй шаруасындағы қажеттіліктерді өтеу үшін адам басына шаққанда 500 куб метрден төмен болса, олар судың абсолютті дефицитіне тап болды деп саналады.

Абсолютті дефицитке тап болған мемлекеттердің жетеуі шөлді климат пен өте аз мөлшердегі жауын-шашын көлемімен танымал Араб түбегінде орналасқан. Нәтижесінде кейбір мемлекеттер өздеріне қажетті мөлшерден де көп су тұтынады.

Қай жерлерде су тұрақсыз тұтынылады?

Бүкіләлемдік банк мәліметтеріне сенсек, суды тұрақсыз тұтыну өзен мен тау суы, жерасты суы жиі қолданылатын жерлерде көп байқалған. Бір айта кетерлігі, мұндай су жаңбыр болғанда жылдам қалпына келеді.

«Егер су мөлшері ақырын толықтырылса, бірақ ол толмай жатып, тұтыну мөлшері көп болса, судың горизонты өзгереді. Бұл экожүйеге кері әсер етеді. Өз кезегінде оның салдарынан экономикалық өндіріс пен үй шаруашылығына зиян келуі мүмкін», - дейді Халықаралық су ресурстарын басқару институтының директоры Клаудиа Садофф.

Оның айтуынша, деградацияның алдын алуға болады.

«Жыл бойы қатты жауын-шашын болса, су горизонттары қайта қалпына келуі мүмкін», -дейді КлаудиаСадофф.

Бүкіләлемдік банк есебінде жерасты суларын тұрақсыз әрі тиімсіз тұтыну Араб түбегінде, Магриб пен Иранда байқалғаны айтылған. Бірақ Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың кейбір мемлекеттері өз суларын өндіруге тырысып жатыр.

Теңіз суын тұщыландыру тиімді ме?

Су қорын қайта толтырудың танымал жолы – теңіз суынан тұзды бөліп алу, яғни теңіз суын тұщыландыру процесі. Бүкіләлемдік банктің есептеуінше, әлемдік тұщыландыру процесінің жартысына жуығы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға тиесілі. Яғни, ұл елдер теңіз суын тұщыландырудың ең ірі нарығына айналып отыр.

Теңіз суын тұщыландыру әлем бойынша 150 мемлекеттің тәжірибесінде бар. Халықаралық тұщыландыру ассоциациясының (МАР) мәліметінше, бүкіл әлем бойынша 300 миллионнан астам адам тұщыландырылған суға тәуелді немесе өзінің барлық күнделікті қажеттілігі үшін теңіздің тұщыландырылған суын пайдаланады.

Дегенмен, Таяу Шығыстағы теңіз суын тұщыландыру процесінің кері әсері байқалады. Оның ішінде бұл өңір термикалық тұщыландыруға тәуелді болып отыр. Бұл процесс өз кезегінде суды тазарту үшін көп жанармай қолдануды талап етеді. Сондай-ақ химиялық заттар мен рассол, процестен қалған тұзы көп су қайтадан теңізге жіберілетіндіктен, теңіздің экожүйесін бұзуы әбден мүмкін.

Мұндай экологиялық проблемаларды шешу үшін бұл өңірлерде бірнеше жоба қолға алынған. Оның ішінде күн энергиясын қолдана отырып теңіз суын тұщыландыру әрекетін ерекше атап өтуге болады.

Халықаралық тұщыландыру ассоциациясының бас хатшысы Шеннон МакКартидің айтуынша, қайта жаңартылатын энергия көздері процесті арзанырақ әрі экологиялық тұрғыда таза қылуға әсер етеді.

Су дағдарысынан өз жолын табу...

Теңіз суын тұщыландырудың көп мөлшері Парсы шығанағына тиесілі. Ондағы мемлекеттердің кейбірі тіпті ішкі тұтынушылықта 90%-ке тұщыландырылған суға тәуелді.

«Бұл мемлекеттерде басқа альтернатива жоқ, сондықтан олар тұщыландырылған суға тәуелді», - дейді Шеннон МакКарти.

Дегенмен, мұндай дәстүрлі емес жолдар қымбат тұратындықтан, кедей мемлекеттерде кең тарамаған.

Садофтың айтуынша, суды өндірудің басқа арзан альтернативалары да жоқ емес.

«Су горизонттарын қайта толтыру үшін топырақ суын құнарландыру, жаңбыр суын жинау секілді қымбат емес жолдар бар», - дейді ол.

Дегенмен, Йемен, Ливия, Газа секілді кедей мемлекеттер өзінің суын өндірудің орнына жерасты суларының қорынан үмітті. Бір айта кетерлігі, дәл осы жерлерде су тапшылығы мен санитариялық жағдай ең төмен деңгейде саналады.

Бүкіләлемдік банк мәліметтеріне сенсек, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы су тапшылығы мен нашар санитария жылына 21 миллиард доллар экономикалық шығын әкеледі. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына кететін шығын, ауру мен мерзімінен бұрын өлім бар.

Жақын арада бұл өңірлерде халық санының артуы мен климаттың өзгеруі су дағдарысын арттыра түседі. Бүкіләлемдік банк мәліметінше, бұл шекарадағы су ресурстары үшін бәсекені арттырып, саяси шиеленісті арттыруы мүмкін.

Бүкіләлемдік банк есебінде 2040 жылға қарай Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың 60%-ы су тапшылығының экстремальды деңгейіне тап болады. Ал 2050 жылға қарай климаттың өзгеруіне байланысты су тапшылығы өңірге ІЖӨ-нің 6−14%-ін алатын болады.

Садофтың айтуынша, су ресурстарын арттыру үшін үш түрлі стратегияға жүгінуге болады.

«Біріншіден, сіз тұтынып отырған суды тиімді пайдалана бастай аласыз. Екіншіден, қажет емес кезде суды пайдаланбаған жөн. Үшіншіден, дәстүрлі емес су ресурстарын құру керек», - дейді ол.

Су мөлшері күннен күнге азайып жатқандықтан, бұл үш жол да болашақ ұрпақты сумен қамтудың кілті бола алады. 

0 пікір
Мұрағат