Тақыр жерден қала тұрғызып таңдай қақтыру емес мақсат. Мақсат басқада...
Тақыр жерден қала тұрғызып таңдай қақтыру емес мақсат. Мақсат басқада...
6 жыл бұрын 6632 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бірден тікелей тақырыпқа көшпес бұрын Саудияның соңғы уақытта қалыптасқан имиджі мен әлемдегі саяси салмағы туралы сәл шегініс жасап, аз-кем айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені, ислам дінінің алтын бесігіне айналған қасиетті қос қала орналасқан мемлекеттің тағдырына исі мұсылман бей-жай қарай алмасы анық. Саудияның басты проблемасы - патриархалдық-консервативтік қоғамда, тіпті, айтар едік, орта ғасырлық ортадоксалды танымда қалып қоюы және соған байланысты экономикасының тек шикізат көзіне байланғанында жатыр деп. Десе де соңғы уақытта Саудия жеріндегі тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманның пәрменімен қолға алынған әлеуметтік-экономикалық реформалар мен өзгерістерден бұл елдің де ендігі жерде бұрынғыша өмір сүрудің мүмкін емесін ұғып, болашағын басқаша құруға ұмтылғанын байқауға болады. Әйелдерге қатысты түрлі шектеулер мен тыйымдардың күшін жойып, біршама еркіндік беруі, мұнайға тәуелді экономикасын әртараптандыруға (диверсификация) күш салуы, туризмге рұқсат беруі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес ашуы, сыртқы саясатта белсенді әрекетке көшуі, т.б. тек аймақтағы бәсекелесі Иранды тұқырту үшін ғана қолға алынып отырған жоқ, ең бастысы, болашақта жұртта қалып қоймаудың қамынан туған қарекет еді. Аймақтағы бәсекелесі Иранға келсек, бұл елде де саудиялықтар секілді жаһанға жар салып жария қылмаса да көптеген өзгерістер орын алуда. Мәселен, ирандық әйелдердің тек ер-азаматтар ғана атқаратын мамандықтар мен кәсіптерге тартылуы осы сөзімізді растай түседі. Ал Саудия Иранға қарағанда өзіндегі өзгерістерді барынша жаһанға жар салуының астарында инвестиция, туристер, т.б. тарту секілді себептер жатыр. Өйткені, бұл жариялалық ең алдымен елдің көш соңында қалып қоймауы үшін керек. Саудия билігі экономикасының жандануына серпін береді деген жобаларға (қаншалықты қымбат болғанына қарамастан) басымдық беруде. Сондай жобалардың бірі әрі бірегейі - Қызыл теңіз жағалауындағы қу медиен шөл далада, былайша айтқанда, тақыр жерден жаңа қала тұрғызу. Нақтырақ айтқанда, Мысырмен және Иорданиямен арадағы шекара маңынан, дәлірегі, Қызыл теңіз бен Ақаба шығанағы қиылысқан тұстан тұрғызылатын қала 26,5 мың шаршы шақырым аумақты алмақ және бірнеше аралды қамтымақ. Осы жоба аясында Саудияны Мысырмен жалғайтын көпір де салынбақ. Аталмыш жоба 500 млрд доллрға бағаланып отыр. Тіпті, мұнайлы елдің қазынасы үшін аса қомақты қаржыны қажет ететін қала құрылысына қаражатты мемлекетпен әріптес жекеменшік компаниялардан, әл-ауқат ұлттық қордан, тарту көзделуде. Болашақта араб түбегінде бой көтеруі тиіс қала NEOM атауына ие болғанын айта кету керек. Латын тілінде neo (жаңа) және m дыбысы - араб тіліндегі «мустакбаль» ("болашақ" мағынасын беретін) сөзінің қысқарған нұсқасы. Жасыратыны жоқ, Саудия билігі бұл жобаға үлкен үміт артып отыр: Саудия тарихының жаңа парағын осы қаламен байланыстырғысы келеді - аталған елдің экономикалық және қоғамдық-саяси өмірін түбегейлі өзгертетін жоба ретінде қарастыруда. Бұ қаланың ерекшелігі - Саудия билігіне тікелей бағынышты болмайды, неғұрлым дербес құқыққа ие болмақ. Бұл өз кезегінде инвесторлардың, жоғары білікті мамандардың қаласына айналуы тиіс. Бұл қалада адамдар қара жұмыс істемейді, қара жұмысқа роботтар жегіледі. Ол ол ма, роботтар бұл қала тұрғындарының қарасынан да көп болатыны айтылып жүр. Адамдар бұл қалада интеллектіні талап ететін ой қызметімен шұғылданбақ. Сөз орайы келгенде тағы бір мәрте естіріңізге сала кеткенді жөн көріп отырмыз: Саудя экономикасының табыс көзі - мұнай - бұл елдің барлық табысының 69,4 пайызы мұнай экспортынан түседі. Мұнай нарығындағы ахуалдың нашарлауы ел қазынасын ортайтып кеткендіктен мемлекеттік шығындар барынша қысқартылып, сырттан қарызу алуға көшті, экономиканы мұнайға тәуелділіктен арылтуға, яғни, экономиканы әртараптындыруға күш салып жатыр. Мәселен,  2016 жылы елдің жалпы табысы 149,7 млрд долларды құраған екен, оның мұнай экспортынан түскені - 103,9 млрд доллар. Бұл көрсеткішті екі есеге арттырыңыз, мұнай бағасы құлдырамай тұрғанда осынша табыс тауып келген ел болатын. 

0 пікір
Мұрағат