Тағы бір ел жануарларды циркте пайдалануға заң жүзінде тыйым салды
Тағы бір ел жануарларды циркте пайдалануға заң жүзінде тыйым салды
4 жыл бұрын 2873 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Чехия парламентінің  төменгі палатасы циркте жануарлардың кез келген түрін қолға үйретіп, пайдалануға тыйым салатын заңға енгізілетін түзетуді қабылдады. Бұл жайында орыс тілінде хабар тарататын "Интерфакс" ақпарат агенттігі мәлім етті. Аталған елде 2004 жылдан кейін дүниеге келген жекелеген жануарлар түрін (маймылды, мүйізтұмсықты, сусиырды, керікті) пайдалануға тыйым салатын заң қолданыста болған еді. Ал піл мен дельфинді пайдалануға рұқсат етілген болатын. Жаңа түзетуде жаппай тыйым салу қарастырылған. Аталмыш түзету 2022 жылдың басынан бастап қолданысқа енеді. Сол елдегі әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, респонденттердің 74%-ы жануарлардың кез келген түрін циркте көрермендердің көңілін көтеріп, пайда табу үшін немесе басқа да мақсатта пайдалануға үзілді-кесілді қарсылық білдірген екен. Чех билігінің бұл қадамын Чехияның ветеринарлық дәрігерлер қауымдастығы да қолдап отыр. Осы орайда бұрын да сайтымыздың жаңалықтар таспасында хабарлағанымыздай, әлемнің бірқатар елдері, соның ішінде, Иран, Перу, Грекия, Нидерланды, Словения, Парагвай, Кипр, т.б. циркте жануарларды пайдалануға тыйым салған болатын.

0 пікір
Мұрағат