Соғыстан кейінгі Газа секторы
Соғыстан кейінгі Газа секторы
2 жыл бұрын 864

Израилдің «Мызғымайтын жартас» деп аталатын, неше мыңдаған бейбіт тұрғынның өмірін қиған әскери жорығынан әлі ес жимаған Газа секторындағы палетиналықтар гуманитарлық дағдарысқа тап болып отыр. Бәрінен бұрын ауыз су тапшылығынан зардап шегуде. Газа секторындағы Израил басқыншылығынан келген шығынды шотқа салып есептеген сарапшылардың сөзіне қарағанда, анклавта электрмен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табуы үшін кем дегенде бір жыл күтуге тура келеді екен. Ауыз судың тапшылығына байланысты бұл аймақ инфекциялық аурулардың індет ошағына айналуы әбден мүмкін. Израилдің әскери шенді қызметкерлері Газа секторында 5226 нысанға әуеден соққы берілгені жөнінде ақпарат таратты. Сондай-ақ, Израил билігі Иордан өзенінің батыс жағалауында 400 гектар жерді игеруге кірісетінін мәлімдеді. Осыған байланысты АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің өкілдігі Израилдің бұл қадамы екі елдің арасындағы жанжалды одан ары ушықтыратынын алға тартып, жөйттер билігін райынан қайтаруға тырысуда. Палестина жетекшісінің баспасөз хатшысы Нәбіл Әбу Радаинах да Израил билігін шешімін өзгертуге үндеді. Израил келімсектерінің Палестина аумағына қоныстануына қарсы күрес жүргізіп келе жатқан Peace Now ұйымы соңғы 30 жыл ішінде жөйттердің Иордан өзенінің батыс жағалауындағы ең ауқымды жерді игеретінін жайып салды. Біріккен Ұлттар Ұйымы да Изаирлдің бұл әрекеті халықаралық құқыққа қайшы келетінін алға тартып, заңсыз жоспарынан бас тартуға шақырды. Өйткені, палестиналықтардың осынау аумағын Израил 1967 жылы жаулап алған болатын. Бұл аумақта 2,4 млн палестиналық пен 500 мың жөйт тұрып жатыр.

Тель-Авивтің маңында жүргізілген құрылыс жұмыстары кезінде 1947-1949 жылдар аралығында орын алған араб-жөйт соғысынан опат болған палестиналықтардың бауырластар зираты табылды. Бауырластар зиратында әйелдердің, балалардың және қарттардың 200-ге тарта сүйегі тарих беттерінде өшпейтін қара дақ болып, шындық болып су бетіне қалқып шықты. Осы соғыста 760-қа жуық палестиналық өз үйінен безіп, олардың дені әлі күнге дейін Иорданияда босқын атанып жүр.

Израилдің екі айға жуықтаған Газа секторындағы әскери операциясы кезінде ұзын саны 73 мешіт қиратылды. Бұдан бөлек мұсылмандардың 205 құлшылық үйі зақымданған. Нақтырақ айтқанда, Газа секторындағы мұсылмандардың ғибадат ғимаратының үштен бірі жермен жексен болған. Палестиналықтардың экономикалық кеңесінің жанындағы комиссия,  мәдени орындар, мазарлар және кеңселер есебін жүргізетін қайырымдылық қорының хабарлауынша, 40,4 млн доллар сомасында шығын шеккен. 

0 пікір