Шекара мәселесі өзекті болып тұр
Шекара мәселесі өзекті болып тұр
9 жыл бұрын 3617

Tengrinews.kz ақпарат көзінің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда, өткен жылы, яғни, 2014 жылы еліміздің шекарашылары бір жарым тонна есірткі тәркілеген.  «Есепті кезең аралығында шекарада  24 мыңнан аса заң бұзу оқиғалары анықталды. Жалпы салмағы 2 мың тоннадан асатын контрабандалық және тыйым салынған заттарды шекарадан өткізудің 673 әрекетінің жолы кесілді. Шамамен 1,5 тонна есірткі заттарын, соның ішінде 96,8 келі героин тәркіленді»,- деп айтылған хабарда. Сонымен қатар, жуырда елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаевты қабылдап, Таяу Шығыстағы терроризм мен экстремизм мәселелерін, еліміздегі ахуалға олардың ықпалын талқылады. ҚР тұңғыш президенті мемлекеттік шекара күзетін күшейту үшін қосымша шаралар қолдануды тапсырды. ИСИМ содырларының Орталық Азияда белсенділік танытып келе жатқандықтан сақтық шараларын қолға алу керектігі түсінікті. ИСИМ жетекшілерінің Ферғана жазығында тұрақсыздық тудыруды көздейтіні жөнінде пікір айтылып жүр. Аталмыш аймақтағы толқу бір мезгілде Өзбекстан мен Қырғызстанды қоса қамтуы мүмкін. Неге десеңіз, екі елдің шекара аумағында жиі жанжал шығып тұратынын ескерсек, әлгіндей пікірдің жаны бар. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 20-ы күні Бішкек қаласында өткен баспасөз мәслихатында «Дін, құқық және саясат» талдау орталығының директоры Қадыр Мәліков ИСИМ-нің Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан азаматтарынан жасақталған «Мәуреннаһр» бөлімшесі барын айтып қалды. Алайда, ол бұл ақпараттың әзірге расталмағанын да тілге тиек етті. Сарапшы қалжыңды көтермейтін немесе құрғақ қауесетке бола айтылмайтын мұндай мәлімдеменің астарында 2014 жылдың қыркүйек айының 14-і күні «Өзбекстанның ислами қозғалысының» жетекшісі Усмон Гозидің аузынан шыққан ИСИМ-ге қосылатыны туралы мәлімдемесі жатқаны ескерілсе керек.

0 пікір
Мұрағат