Шартарап: Найзағай ұшақтың тұмсығын тесіп жіберді
Шартарап: Найзағай ұшақтың тұмсығын тесіп жіберді
9 жыл бұрын 3762

Исландия астанасынан АҚШ-қа, дәлірегі, Колорадо штатына қарасты Денвер қаласына бет алған жолаушылар ұшағын найзағай соқты. Соққанда да ұшақтың тұмсығын тесіп жіберген. Бұл жайында жергілікті FOX31 Denver ақпарат көзі хабар таратты. Десе де, Icelandair әуе компаниясына тиесілі Boeing 757 ұшағының жүйесі істен шыққан жоқ, жолаушылар діттеген жеріне аман-есен жетті. Яғни, жолаушылардың бірде-біреуі жай оғынан зардап шеккен жоқ. 

 

Марк Цукерберг Панаманы тегін ғаламтормен қамтамасыз етуге уәде берді

Әлемге әйгілі Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаған Марк Цукерберг Панама тұрғындарын тегін ғаламтормен қамтамасыз етуге уәде берді. «Біз өте қуаныштымыз, жуық арада Панамада президент әкімшілігімен бірігіп, Internet.org жобасын іске қосамыз»,- деді ол осы елде өткен кәсіпкерлер форумында сөйлеген сөзінде. Оның айтуынша, аталмыш жоба панамалықтарға ғаламторды денсаулық сақтау, білім, көлік және қауіпсіздік мәселелері бойынша тегін ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба 2 немесе 3 жылдың ішінде толық жүзеге асырылады. Мұндай жобалар Африка құрлығындағы бірқатар елдерде, сондай-ақ, Гватемале мен Колумбияда жүзеге асырылып жатыр.

 

Компьютерлік вирус ғаламтор пайдаланушысының 24 миллион долларын ұрлаған

Жапонияда компьютерлік вирус ғаламтор пайдаланушысының шотынан 24 миллион долларын ұрлаған. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің айтуынша, елде 82 мыңнан аса персоналды компьютер вирустың жаңа түрін жұқтырған. Ғаламтор арқылы банктік операцияны жүргізу барысында логинді енгізген кезде зиянды программа автоматты түрде қаржыны өзге шотқа аудару турасында бұйрық беретін көрінеді. 44 мың компьютерге қатысты полицияға арыз түсіргендер вируспен күресуді талап еткен. Қалған 38 мыңы компьютерлік вирусты шетелден жұқтырған болуы мүмкін. Полиция Интерполмен бірігіп, тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Facebook-та досыңның атын жамылған компьютерлік вирус 800 мыңдай ғаламтор пайдаланушы тақырға отырғызып кеткен. Зиянды компьютерлік бағдарламаны италиялық мамандар анықтаған екен. Электронды адресіңізге досыңыздан видеоны көру үшін браузерді кеңейтуді ұсынған хат келген сияқты болады. Қосымшаны жүктеп алғаннан кейін қаскүнемдер браузерде сақталған, соның ішінде, есептік жазбаларыңыз бен паролді қоса алғанда, барлық мәліметке қол жеткізеді.

 

Қытайда 18 жүк көлігінен тұратын той кортежі жұртты таңқалдырды

Үстіміздегі жылдың сәуір айының 8-і күні Қытайдың Шаньши өлкесіндегі Луияң қаласында ерекше үйлену тойы болды. Ерекшелігі сонда, әдеттегі жалақысы өте қымбат әрі сәнді лимузиндер емес, камаздар, яғни жүк көлігі шеру тартқан. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.

Күйеу жігіт пен қалыңдық және оның туыстары 18 ауыр жүк көлігімен шеру жасады. Әр КамАЗ жергілікті дәстүрге сай қызыл жолақтармен, гүлдермен безендірілді.

Той иесі – 25 жастағы Луияң қаласының тұрғыны Лей Хуаюн. Бірнеше жылдан бері жүк тасмалдаушы болып жұмыс істеген оның үйленетінін естіген достары күйеу жігіттің той шығынын үнемдеу мақсатында осындай сыйлық жасаған екен.

 

Қытай Эверест үстінен темір жол салуды көздеп отыр

Baq.kz сайтының The Guardian ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып таратқан хабарына қарағанда, Қытай транстибет темір жолын ұзартып, Немал мен Қытай аралығын жалғауды жоспарлап отыр. Аталған магистраль әлемдегі ең биік шың орын тепкен Эверест тауының үстінен өтеді. Демек, қытайлық жұмысшыларға әлемдегі ең биік таудың үстіне шығып жұмыс істеуіне тура келеді.

Қытай ғылым академиясының темір жол бойынша сарапшысы Ван Мэншудің айтуынша, Қытай Непалдың өтініші бойынша жобаның дайындық жұмыстарын бастап та кеткен. Бүгінгі таңда екі ел арасында темір жол қатынасы мүлдем жоқ.

"Темір жол желісін Эверест арқылы өткізуге тура келеді. Демек, тау ішімен өтетін бірнеше тоннель қазуымыз керек" дейді ғалым. Оның айтуынша, қозғалыстың қиын болуы салдарынан тау ішінде пойыздар жылдамдығын сағатына 120 шақырымнан асырмайтын болады.

Айта кетейік, өткен онжылдықта Қытай Тибет автономиялы округінің астанасы Лхаса қаласына дейін созылатын темір жол торабын салған болатын. Аталған жол да тау арасымен өтеді.

Жаңа магистраль 2020 жылға қарай аяқталады деп күтілуде. Ол Непал арқылы Азиядағы ең ірі екі мемлекет - Қытай мен Үндістанның нарығын да жалғамақ.

0 пікір
Мұрағат