Шариғат талаптарына сай тігілген киімдерге әлемде сұраныс артып келеді
Шариғат талаптарына сай тігілген киімдерге әлемде сұраныс артып келеді
10 жыл бұрын 4653

Бүгінгі таңда әлем бойынша шариғат талаптарына сай тігілген киімдерге сұраныс артып келеді. Десе де, халықаралық брендке айналған мұсылман киім үлгісі әлі қалыптаса қойған жоқ. Үстіміздегі жылдың қазан айының 28-30 күндері аралығында Дубай қаласында өтетін Дүниежүзілік ислам экономикалық форумның қарсаңында Дубайдың сауда-өнеркәсіп палатасы жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Бұл жайында Pakistan Observer ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш палата жетекшісі Әбдірахман Саиф әл-Гурайрдың айтуынша, Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ешбірінде әлемдегі 1,6 млрд мұсылманның талғамынан шығатын бірде-бір киім бренді қалыптаспаған. Ол Дубайды шариғат талаптарына сай тігілген киімдерінің сән орталығына айналдыру арқылы осы олқылықтың толтыруға болатынын жеткізді. Дубайдың сауда-өнеркәсіп палатасының мамандары 2012 жылы әлем мұсылмандарының киім мен аяқ киімге 224 млрд доллар жұмсағанын анықтады. Бұл осы саладағы 2012 жылы киімге жұмсалған 2,1 трлн доллар шығынның 10,6 пайызын құрайтынын, 2018 жылға дейін бұл көрсеткіш 2,9 трлн долларға жететінін тілге тиек етті. Осыған орай мұсылмандардың киім мен аяқ киімге жұмсайтын шығыны енді төрт жылдан соң 322 млрд долларға жететінін де жайып салды. Яғни, әлем бойынша осы саладағы барлық шығынның 11,2 пайызын құрайтын болады. Осылайша шариғат талаптарына сай тігілген киімдер нарығы осынау тұтыну сегментінде алдыңғы қатарға шығып, Қытайды (221 млрд доллар), Жапонияны (111 млрд доллар), Ресейді (106 млрд доллар), Германияны (101 млрд доллар) артқа тастайды. Ал АҚШ-тың бұл саладағы көрсеткіші 494 млрд долларды құрайды. Мұсылман елдерінде киім шығыны бойынша Түркия алда келеді – 24,9 млрд доллар. Екінші орында – Иран (20,5 млрд доллар), содан кейінгі орынға Индонезия жайғасқан – 16,8 млрд доллар, Мысыр – 16,2 млрд доллар, Сауд Арабиясы – 15,3 млрд доллар, Пәкістан – 14,4 млрд доллар және Біріккен Араб Әмірліктері – 10,2 млрд доллар. Баяндамада АҚШ-та, Канадада және батыс Еуропа елдерінде мұсылман киімдеріне сұраныстың артып келе жатқаны айтылған. 2012 жылдың есебі бойынша аталған елдерде мұсылман киімдеріне кеткен шығын 21 млрд долларды құраған. Ал ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдерінде тігін өнеркәсібіндегі сауда балансы 35 млрд долларға жеткен. Экспортқа 59 млрд доллардың киімі шығарылған. Ал импортта – 24 млрд доллар. Мұсылман киімдерінің импортауда Парсы шығанағы елдері көш бастап тұр – 11,4 млрд доллар. Негізгі экспорттаушылар – оңтүстік Азия елдері (25,9 млрд доллар), осылардың арасында Индонезия – 97,2 млрд доллармен көш бастап тұр, Бангладеш– 22 млрд доллар, содан кейінгі орынға Түркия жайғасқан – 14 млрд доллар. 

0 пікір
Мұрағат