Шариғат шәлісін жамылғаны үшін ток-шоудан қуды
Шариғат шәлісін жамылғаны үшін ток-шоудан қуды
9 жыл бұрын 3050

Американың медиа алыбының бірінен саналатын «Warner Bros» әкімшілігі жуырда өздерінің студияларында орын алған келеңсіз жайтты мұқият тексеруге уәде берді. Нақтырақ айтқанда, “The Real” ток-шоуы басталар кезде режиссер мұсылман әйелдерін шариғат шәлісін жамылғаны үшін аудиториядан қуған болатын. Бұл жайында «Al Arabiya» ақпарат көзі хабар таратты. Студия басшылығы шариғат шәлісін жамылғандарды түсірілімге қатыстырмауды қарастыратын ішкі ереженің барын айтып, ақталып отыр. Осыған байланысты мұсылман әйелдер шағымданған Америка-Ислам қатынасы жөніндегі кеңес: «Warner Bros-тың шариғат шәлісін жамылған әйелдерді камерадан алыс ұстауға ешқандай заңдық негізі жоқ»,- деп мәлімдеді.

 

Раввин халалға қарсы шыққандарға тойтарыс берді

Австралияның бас раввиндерінің бірі Моше Гутник осы елдегі мұсылман жамағатының жағына шығып, халал сертификатына қарсы науқан ұйымдастырған исламофобтарға тойтарыс берді. Ол исламофобтардың бұл жолғы әрекетін құптамай, наным-сенім бостандығына қол сұққаны үшін айыптады. Бұл жайында «The Age» ақпарат көзі хабар таратты. Нақтырақ айтқанда, ол либерал саясаткер Эндрю Лэмингтің халал сертификаты туралы заңды реформалауды талап етіп жуырда жасаған мәлімдемесін осылайша жауап қатты. Эндрю Лэминг халал сертификатын беретін органға «компаниялардан түскен қаржыны экстремизмді қаржыландыруға жіберіп жатыр», - деп жала жапқан болатын. Австралияның денсаулық сақтау министрлігі саясаткердің жалаға толы бұл мәлімдемесін теріске шығарса да Эндрю Лэминг бетбақтырар емес.

0 пікір
Мұрағат