Сегрегацияға жол бергені үшін тұтқындалды
Сегрегацияға жол бергені үшін тұтқындалды
2 жыл бұрын 625

Кенияда қытай мейрамханасының қожайыны Чжао Янг сегрегацияға (нәсіліне қарап алалаушылыққа) жол бергені үшін тұтқындалды. Нақтырақ айтқанда, ол өзінің мейрамханасына кешкі сағат жетіден кейін зәңгілерді кіргізбеген. Бұл жайында "Вести.Ru" ақпарат көзі хабар таратты. Бұған қоса, оның мейрамханасы тазалық талаптарын сақтамағаны үшін жабылды. Мейрамханаға қара нәсілділерді жанында еуропалық немесе азиялық азамат болғанда ғана кіргізетіні де белгілі болды. Оның бұл тәртібі қара нәсілді достарына, дәлірегі, ықпалды достарына, атап айтқанда, сенатор Майка Сонкоға және бұрынғы министр Рафаэл Туджуге жүрмейтін болды. Мейрамхана қожайыны Кения мен Сомалиде ойран салып жүрген «аш-Шабаб» террористік топтың мүшелерінің өзінің территориясына кіріп кетуінен сақтанғандықтан осындай қадамға барғанын айтып, ақталды. Сөз реті келгенде айта кетейік, Қытай Африка құрлығындағы елдерге тікелей инвестиция салуда әлем бойынша бірінші орынға шыққан. Алайда, жергілікті халық қытайларды жақтыра бермейді. Кениялық тілшілер қытайларды пайда үшін битін сығып, қоршаған ортаға өлшеусіз зиян келтіріп жатқанын жиі сынайды. Қытайлардың ұқыпсыздығынан экологиялық жүйеге орасан зор зиян келуде. Бұл сөзімізге мысал ретінде  Standard Media Group бұқаралық ақпарат құралының репортері Мосоку Джоффридің Facebook әлеуметтік желісінде қалдырған мына жазбасын келтіруге болады: «Найроби ауруханасының жанында қытай мейрамханасы бар. Достарым Патрик Майо және Деннис Онсариджомен бірге нигериялық әріптестерімізбен коктейл ішу үшін қытай мейрамханасына бас сұқпақ болдық. Бірақ, онда бізді кіргізген жоқ. Себеп? Бізге айтқаны: кешкі сағат жетіден кейін африкалықтарға қызмет көрсетілмейді. Отаршылдық кезеңдегі Норфолкті немесе Нью-Стенлиді еске түсіреді. Мен әрдайым Қытайдың бізді отарлайтыны жөнінде айтып жүремін. Мұның өзі қазірдің өзінде жүріп жатыр».

0 пікір