Сәулет: Ыстамбұлдағы үш мешітті әйелдер салдырған
Сәулет: Ыстамбұлдағы үш мешітті әйелдер салдырған
9 жыл бұрын 5124
Пертевниял Уәлид Сұлтан мешіті

Фатыһ-Ақсарай ауданындағы қиылыста орналасқан мешіттің салынуына сұлтан Әбіәзіздің анасы – Пертевниял Уәлид Сұлтан ықпал еткен. Аталмыш мұсылмандар құлшылық үйі 1869-1871 жылдары аралығында тұрғызылды. Сәулетшісі – италияндық Монтани. Мешіт ауғамында сағат жасайтын және жөндейтін шеберхана, субұрқақ, кітапхана, мектеп бар. Екі мұнарасының екеуінде де балкон бар. Бұл мешіт осы шаһардағы мұсылмандардың өзге құлшылық үйлерінен әдемі өрнектерімен, декорациясымен ерекшеленеді. Мұнда 16-17 ғасырларға тән сәулет өнерінің озық үлгілері көрініс тапқан. Мешіттің іші де, алды да жазу қашалған мәрмәрмен көмкерілген.

 

Жаңа мешіт

Мысыр базары орналасқан Еминону ауданында Жаңа мешіт алыстан көз тартады. Мешіт кешенінде дәмдеуіштер базары, бастауыш мектеп, мешіттің жанынан ашылған қасиетті Құран оқу бөлмесі, субұрқақ, тынығатын орын, сұлтан павильоны бар. Босфор бұғазының жағалауындағы осынау мешіт қала ажарын аша түседі. Бұл мешіттің құрылысы сұлтан Мұраттың әйелі Сафия бегімнің әмірі бойынша 1597 жылы салынды. Алғашқыда Дәуіт аға сәулетіне басшылық жасаса, 1598 жылы оны Далғаш Ахмет аға ауыстырды. Құрылыс жұмысы 1603 жылға дейін жалғасты. Ахмет І таққа отырғаннан кейін құрылысы тоқтап қалды. 1661 жылы Мехмет IV сұлтанның анасы Хадиша Тұрқан Сұлтанның тапсырмасымен құрылыс жұмысы қолға алынды. Іргетасы қаланған сәтінен 66 жыл өткеннен кейін Мехмет  IV билік құрған тұста бас сәулетші Мұстафа ағаның бас-көз болуымен оның құрылысы аяқталған болатын.

 

Миһримаһ Сұлтан мешіті

Бұл мешітті аты аңызға айналған Сүйлеймен сұлтан қызы Миһрамиһтың құрметіне салдырған. Оның құрылысы 1540 жылдары басталып, 1547 жылы аяқталды. Сәулетші Синан бір мезгілде осы құрылыс жұмысына жетекшілік ете жүріп, Шахзада мешітіне де өзі бас-көз болады. Оның аумағында медресе, бастауыш сынып, қайырымдылық асханасы, қонақ үй, су арнасы, суубұрқақ, мазар бар. Кейін моншамен, тынығатын орынмен, ағаш павильонмен және сағат шеберханасымен толықты. Уақыт өте келе қайырымдылық асханасының да, сағат шеберханасының да, павильонның да орны қалған жоқ. Бертінге дейін жұмыс істеп келген монша күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін дүкенге айналды. Ал субұрқақ тастан қашалған.

Бибінұр Асадова

Аударған: Алмат Жалбағаев

0 пікір
Мұрағат