Саудия билігін қандай мәселелер алаңдатып отыр?
Саудия билігін қандай мәселелер алаңдатып отыр?
9 жыл бұрын 4216

Сауд Арабиясында сусамыр дертіне шалдыққандар қатарының артуына байланысты әрі семіздіктен зардап шегетін адамдардың қарасының көбеюіне байланысты ел билігі нақты шараларды қолға алып, салауатты өмір салтын насихаттауды жоспарлап отыр. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың ақпан айының 28-і күні «Семіздікке қарсы жүгіру» деп аталатын шараға қатысатындар король Абдолла саябағынан ханзада Файсал бин Фаһда атындағы стадионға дейін бес шақырым жүгіретін болды. Жүгіруге шамасы келмейтіндер осы аралықты адымдап жүру арқылы бағындыруы тиіс. Әйелдер басқа күндері жүгіретін болады. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Сондай-ақ, бұл елде  жасы 30-дан асып, тұрмыс құрмаған кәрі қыздардың саны 1,5 миллионнан асып кеткен. Бұл жайында The Gulf News ақпарат көзі хабар таратты. Бұл көрсеткіш елдегі барлық әйелдердің үштен бірін құрап отыр.  Хабарда бұл көрсеткіштің бұрмаланғаны да айтылмай қалмаған. Шындығында, Сауд Арабиясында оң жақта отырып қалған қыздар саны 2 миллионнан асып кететін көрінеді. Бойдақ жігіттер болса тұрмыстық жағдайдың төмендігін желеу етіп, үйлену мәселесін кейінге ысырып қойған. Айтуларынша, отбасын құруға немесе қыздың қалыңмалын төлеуге жағдайлары жоқ. Сондықтан, араб жігіттері жарды шетелден таңдайды екен. Жергілікті тұрғындар қазіргі таңда осынау проблеманы шешуде биліктен көмек сұрап отыр. Олар ер азаматтарға қалыңдықты шетелден емес, мемлекет ішінен таңдау керек дейді. Сондай-ақ, кәмелет жасына толмаған қыздарға құмартпай, өз қатарластарына үйленуді де заңмен бекіту тиіс дейді халық ішінен шыққан белсенділер. Айта кетейік, 2010 жылы Кувейтте шетелдік қыздарға үйленуге тыйым салынатын заң қабылданған болатын. Ал, Бахрейн заңы бойынша, ер азамат шетелден қалыңдық алып келсе, ол міндетті түрде өз елінен тағы үш әйелге үйленуі тиіс. 

0 пікір
Мұрағат