Ресейдің сына қағар қаруы
Ресейдің сына қағар қаруы
5 жыл бұрын 4542 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ресейдің С-400 «Триумф» зениттік зымыран жүйесі бұрыннан бар С-300 ресейлік кешеннің негізінде жасалған қару. Алайда, С-300 кешенімен салыстырғанда айтарлықтай артықшылықтарға ие. Атап айтқанда, тактикалық-техникалық мүмкіндіктері жоғары, соның ішінде, ұшу траекториясы, аймақтық ауқымы жағынан болсын, тиімділігі тұрғысынан болсын, жойып жібере алатын нысандарының әр алуандығымен ерекшеленеді. Қысқаша қайырғанда, С-300 кешеніне қарағанда тиімділігі 2,5 есе жоғары. Шын мәнінде, біз сөз етіп отырған ресейлік қару шағын және орта қашықтықтағы зымырандарды ғана жоя алады, ұзақ қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды атып түсіруге қауқарсыз. Ресейлік зымыранға қарсы технологияның бәлендей артықшылығы жоқ, дейді әскери сарапшылардың өздері. Оған қарамастан бұл қаруды Түркиядан бөлек, Қытай сатып алды. Саудия қолқа салып отыр. Үндістан осы қаруға ие болуды көздеп отыр. Десек те бұл қаһарлы қарудың соңғы уақытта геосаясатта бәсі жоғары болып тұр. Олай дейтінімз, нақты мақсатында қолданудан гөрі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Өздеріңіз де түсінген шығарсыздар, біздің қайда меңзеп отырғанымызды: Түркия мен батыс елдерінің арасына сына болып қағылатын түрі бар. Бұрын да жазғанымыдай, Түркия мен батыс елдері арасындағы дау-дамайды өршіткен аталмыш қаруға қатысты Ресей мен Түркия арасындағы мәміленің соңы АҚШ бастаған НАТО құрамындағы өзге елдердің Түркияға түрлі қоқан-лоққы көрсетуіне ұласып отыр. Тіпті, Түркияны солтүстік әскери альянс құрамынан шығару, Түркияға экономикалық санкция салу секілді түрлі ескертулер соңғы уақытта жиі жасалатын болды. Не бүк, не шік түсіретін, екінің бірін таңдауды талап еткен мұндай шектеу мен шетін мәселе Түркияға, тіпті, шегінетін жер қалдырмады десе де болады. Дәлірегі, Түркия ресейлік аталмыш қаруды сатып алудан бас тартпаған жағдайда НАТО ережесінің бесінші бабына сәйкес санкция салатынын қатаң ескерткен де болатын. Бұдан бөлек, Түркия аумағындағы, яғни, Інжірліктегі америкалықтардың әскери базасын көрші жатқан Грекияға көшіретінін де ескертті. Десе де Түркия одақтастарының көңіліне қарағаннан гөрі өзінің қауіпсіздігі мен стратегиялық қаруын жетілдірген маңызды. Түркияға НАТО құрамында болу бұрынғыша көкейтестілігін, маңыздылығын жойған.  Өйткені, НАТО әу баста КСРО мен батыс елдері арасындағы социалистік және капиталистік лагер болып бөлінгенде құрылған саяси-әскери одақ болатын. Қырғи-қабақ соғыс кезінде мұндай одаққа ең алдымен батыс елдері мүдделілік танытқанын да айта кету керек. Қазір аталмыш әскери-саяси одақтың міндеті мен мақсаты батыс елдерінің тек геосаяси мүддесін қорғауға бағытталғанан да айта кетпеске болмайды. Түркия бұл одаққа күні қарап отырған жоқ. Америкалықтардың Түркия аумағындағы әскери базасын Грекияға көшіруіне келсек, бұл ең алдымен АҚШ-тың өзіне тиімсіз. Геосаяси жағынан болсын, экономикалық жағынан болсын. Ал экономикалық санкцияның салдары туралы нақты кесіп-пішіп айту қиын. Қалай дегенмен де Түркия АҚШ-тың талабына құлақ асып, ресейден аталмыш қаруды сатып алудан бас тартар болса, бұдан ең алдымен Түркия мүддесі зардап шекпек. Біріншіден, Түркия мен Ресей арасындағы қатынасқа терең сызат түседі. Яғни, кезінде Шам жеріндегі соғыста Түркия шекарасынан өтіп кеткен ресейлік ұшақты атып түсірген кезде орын алған екі ел арасындағы дағдарыстан да ауыр тығырыққа тіреледі. Жақша ішінде ескерте кететін жайт: Түркия өзінің шекарасын бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндірген ресейлік ұшақты халықаралық талапқа сай атып түсірді, яғни, қорғану құқығын жүзеге асырды. Екіншіден, Түркия өз тізгіні өзінде емес, АҚШ-тың жетегінде кеткен ел ретінде халықаралық беделі мен имиджіне елеулі нұқсан келтіреді. Ресей Түркияның ауыл шаруашылық өнімдеріне санкция салып қомай, Түркия экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналған туризм саласын ақсатып кетеді. Өйткені, Түркияға барып демалатын ресейлік туристер қарасы жылдан жылға артып келеді. Өткен жылдың (2018 ж.) бірінші жартысында ғана ресейлік туристер Түркиядағы туристер рейтингісінде көш басынан көрініп, 2,2 млн адамға жеткен. Әдетте демалыс (отпуск) маусымы шілде айынан басталатынын ескерсек, жыл соңына дейін Түркияға демалуға келген ресейлік туристер қарасын өзіңіз шамалап есептей беріңіз. Негізінде АҚШ пен Түркия арасындағы қатынастың нашарлауына тек Түркияның ресейлік қаруға қол созғаны ғана себеп болған жоқ, сонымен қатар, Түркия билігі терроистік ұйым ретінде таныған Күрдістанның жұмысшылар партиясының содырларынан Ефрат өзенінің шығысын азат етуге АҚШ-тың кедергі келтіргені де түрткі болуда, күрд лаңкестеріне қару-жарақ жеткізіп, басқалай да жәрдем бергені де екі елдің арасына жарықшақ түсіруде. Аймақтағы бірде-бір ел, атап айтқанда, Иран да, Ирак та, Түркия да күрд сепаратистерінен қауіптенеді. Аталған елдерге жұлдызы қарсы Израил де күрдтерге саяси қолдау білдіріп,  аталған елдерді іштен шалып, жік салып отыр. Бұдан бөлек, АҚШ (F-35) жойғыш ұшағын Түркияға сатудан бас тартатынын ескерткен болатын. Түркия С-400 кешенін сатып алудан бас тартпаған жағдайда. Алайда, сарапшылар бұл тарапта мынадай пікір білдіріп отыр: Түркия С-400 кешенін сатып алудан бас тартқан күннің өзінде АҚШ аталмыш жойғыш ұшағын Түркияға сатар-сатпасы неғайбыл. Өйткені, Израил өз кезегінде мұндай жойғыш ұшаққа аймақта жалғыз өзі ие болғысы келетінін білдіріп, аталған жойғыш ұшақты Түркияға сатпауы үшін АҚШ-қа қысым көрсетіп отыр. Бұған қоса, F-35 жойғыш ұшағы соншалықты мінсіз техника емес. Кем-кетіктері бар. Мұны америкалық әскери сарапшылардың өздері жасырмай айтып жүр. Кремль бір ғана қаруымен тікелей мақсатында қолданбай-ақ НАТО мен Түркия арасына от салып отыр. Ресейге Түркияның батыс одақтастарынан алшақтағаныы керек. Санкция астында әлемнен оқшауланып қалған Ресей үшін Түркияның стратегиялық маңызы зор. Ресей билігі Түркиямен араздасатын болса, АҚШ-тың Таяу шығысты түгел монополиялап алатынын жақсы біледі. Таяу Шығыстағы энергетикалық ресурс дәлізіне бақылау орнатып, ресейді сонау 1990-шы жылдардағы жағдайға түсіретінін де түсініп отыр. Сол себепті, Түркияның Ресейдің мүддесіне қайшы кей әрекеттері мен мәлімдемелеріне көз жұма қарауға мәжбүр. Мәселен, Қырымдағы референдум нәтижесін мойындамай қойғанын да «кешірді». Оның үстіне, Таяу Шығыста Түркия мен Ресей әріптес елдерден гөрі бәсекелес елдер екенін де айта кету керек. Өйткені, Түркияның Таяу шығыстаңы мүддесі ресейдің мүддесімен ұштаса бермейді. Десе де екі елді де қандай да бір ортақ идеология емес, Таяу Шығыстағы мүдделері жақындастырғанын да жоққа шығаруға болмайды. Мұны аталған екі елдің Таяу Шығыстағы әскери, гуманитарлық, т.б. мәселелер бойынша іс-әрекетінен байқай аласыз. Бір жағынан, Түркия үшін Ресейдің Жерорта теңізінің оңтүстік және шығыс жағалауында болғанын қаламайды. Өйткені, Түркияның маневр жасау аймағы тарылады. Османлы кезінен бері ресейліктерді Жерорта теңізінің оңтүстік және шығыс жағалауына жолатпауға күш салып келе жатыр. Соған қарамастан бүгінгі таңда Ресей аталған аймақта, дәлірегі, Шам жерінде, Либияда, Мысырда және Алжирде белсенді әрекетке көшіп, ықпалын арттырып келеді. Ресейдің бұлайша еркін қимылдағаны, әлбетте, түріктерге ұнамайды. Ерте ме, кеш пе, бұл мәселеде – Жерорта теңізінің оңтүстік және шығыс жағалауынан Түркия Ресейді ығыстырып шығаруға талпынады. Уақытша одақ екенін осыдан аңғарасыз. Екіншіден, Таяу Шығыстың болашағына қатысты екі елдің қалауы бір-бірімен үйлеспейді: Ресей өзінің ықпалы жүре бастаған Таяу Шығыс елдерінде зайырлы қоғам заңдылықтары үстем болғанын қалайды, мәселен, Сириядағы Башар Асад режимі, Мысыр басшысы Әбдіфаттаһ ас-Сиси, Либиядағы Халиф Хафтар, Палестинадағы Азат ету ұйымы зайырлы қоғам жақтаушылары екенін ұмытпайық. Ал Түркия Башар Асадтың режиміне қарсы. Мысыр билеушісі ас-Сисиді «Мұсылмман бауырлар» үкіметін төңкеріп тастағаны үшін айыптайды. Осыған қарап, Түркияның позициясын аңғарасыз. Үшіншіден, Түркия мен Ресейдің экономикалық мүдделері де қабыспайды: Энергия ресурсын экспорттаушы Ресейге энергия ресурсы бағасының жоғары болғаны қолайлы. Сол себепті, Ресей ОПЕК-ке мүше елдермен, соның ішінде, Саудиямен жақындасқан әлдеқайда тиімді. Ал Түркия энергия ресурсын аса ірі импорттаушы ел ретінде энергия ресурсы бағасының жоғары болғаны тиімсіз.

0 пікір
Мұрағат