Қытайда Джини коэффиценті қатерлі деңгейге жетіп қалды
Қытайда Джини коэффиценті қатерлі деңгейге жетіп қалды
10 жыл бұрын 3467

Қытай Халық Республикасы байлығының үштен бірі осы елдегі ат төбеліндей топтың қолына ғана шоғырланған, яғни, қытайлықтардың тек 1 пайызы ғана осынша ен дәулетке ие болып отыр. Бай мен кедейдің арасындағы алшақтықты және капиталдың шоғырлануына қатысты өзге де көрсеткіштерді салыстырмалы түрде талдауға құрылған Джини коэфициенті бойынша бұл қатерлі деңгейге жетеқабыл құбылыс болып табылады. Нақтырақ айтқанда, қатерлі көрсеткіш «бірлікке» (единицаға) жақындап қалды. Әлеуметтік мәні терең осынау мәлімет Бейжің университетінің баяндамасында келтірілген. Тарқатып айтқанда, соңғы жылдары іргеміздегі алып елдің экономикасы қарыштап дамып келеді. Жалпы ішкі өнім артып келе жатқанымен бір мезгілде Джини коэфициенті де қатерлі сипат алып келеді. Мәселен, 1995 жылы бұл көрсеткіш 0,45-ті құраса, 2012 жылы 0,73-ке жеткен. Жылдан жылға абсолютті теңсіздік орнап келе жатқанына Бейжің университетінің ғалымдары алаңдаушылық білдіріп отыр. Десе де, Қытайда «байлар байыған үстіне байып жатыр, ал тұрмысы төмен тұрғындар тақыр кедейге айналуда» дейтін жүйе орнаған екен», деп біржақты кесіп айтуға болмайды. Қытай тұрғындарының орташа табысы 2014 жылдың бірінші жарты жылдығында өткен жылдың осы мезгіліндегі көрсеткішпен салыстырғанда 10 пайызға артқан.

0 пікір
Мұрағат