Қытай билігі ел азаматтарын қадағалауды күшейтуге мүмкіндік беретін тағы бір шараны қолға алып жатыр
Қытай билігі ел азаматтарын қадағалауды күшейтуге мүмкіндік беретін тағы бір шараны қолға алып жатыр
4 жыл бұрын 2611 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бұдан былай Қытай азаматтарына қалта телефоны қызметін пайдалануға қатысты келісім-шартқа отырғанда бет-әлпетін сканерлеу процедурасынан өтуді міндеттеді. Жаңа талап осы жексенбіде қолданысқа еніп те қойды. Қытай билігі мұндай қадамға киберқауіпсіздік  саласындағы ел азаматтарының мүддесі мен құқығын қорғау үшін барып отырғандығымен түсіндірді. Бұрын аталмыш байланыс қызметін пайдалану үшін тек жеке куәлігін көрсетіп, фото-суретке түсірумен шектелетін. Ендігі жерде бұл міндетті шараларға адамның жүзін сканерлеу процедурасы кіріп отыр. Қытай халық республикасының өнеркәсіп және ақпараттық технология министрлігі мәлімдегендей, аталмыш талап өз кезегінде сим-картаны қайта сатуға тосқауыл қойып, жеке мәліметтері қолды болған жағдайда телефонын бөгде адамдардың өз атына тіркеуден қорғайды. Бүгінгі таңда қытай азаматтарының дені интернетті смартфон арқылы пайдаланып жүр. Көптеген онлайн-сервис пен әлеуметтік желілерге қалта телефоны арқылы кіреді. Міне, осындай себеппен Қытай билігі әлгіндей қадамға барып отыр. Бұл ережені жақтаушылардың уәжінше, жаңа талап телекоммуникация саласындағы алаяқтық әрекеттерін азайтпақ, ал наразы топ бұл ережені биліктің ел тұрғындарын қадағалауға қосымша мүмкіндік беретін шара, деп есептейді. Авторитарлы елдің билігі осы заманғы озық технология көмегімен өз режимін сақтап қалғысы келеді. Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Енді интернетке адамның жүзін тану жүйесі арқылы кіретін боласың» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/endi-internetke-adamnyn-juzin-tanu-juiesi-arqyly-kiretin-bolasyn-12507/#gsc.tab=0) атты материалымызда аталмыш технологияның адамның биометрикалық мәліметтерін пайдаланудың артықшылықтарын да айтып өткенбіз. Десе де кей сарапшылар аталмыш технологияның мемлекет тарапынан қандай да бір кепілдіксіз енгізіліп жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Цинхуа университетінің құқық профессоры Лао Донгян Қытайда адамның жүзін тану технологиясын реттейтін заңнаманың жоқтығын алға тартып отыр. «(Персоналды мәліметтерді) қорғау қылмыстық заңнамада жеткіліксіз. Біз көптеген жағдайда жиналған мәліметтеріміздің сақталуы мен пайдаланылуы заңнамалық талаптарға сай келмей жатады»,- деп мәлімдеді ол өткен аптада Бейжің қаласында өткен адамның жүзін тану технологиясына қатысты симпозиумде. «Қытай заңнамасына сәйкес жеке мәліметтерді алу үшін иесінің келісімі керек, алайда, шындығында қоғам аз білетін адамның жүзін тану технологиясы кеңінен пайдаланылады»,- деді Лао Донгян. CCTV мемлекеттік хабар тарату компаниясының соңғы өткен сенбідегі баяндамасында Қытайдағы көптеген қосымшалардың ел тұрғындарының мәліметтерін олардың келісімінсіз жинағанын жария еткені айтылды. Дәлірегі, 5 мыңнан аса азаматтың дерегі онлайн арқылы әрбіреуінің мәліметі бар-жоғы 10 юанға сатылып кеткен. Қытай коммунистік партиясы осы келеңсіздіктен кейін ел тұрғындарына жүзін сканерлеуден бас тартуға құқылы екенін мәлімдеуге мәжбүр болды. «Заңды жолмен жиналған мәліметтерді теріс мақсатта пайдалану үлкен қауіп төндіреді, алайда, бізде мәліметтерді теріс мақсатта пайдалануды реттейтін (тыйым салатын, жауапкершілікке тартатын)  қылмыстық заңнама жоқ»,- деп мәлімдеді Лао Донгян.

0 пікір
Мұрағат