Қолаңса иістен құтқаратын киім
Қолаңса иістен құтқаратын киім
9 жыл бұрын 7806

Швецияның королдік технологиялық университеті ғалымдарының жуырда жарық көрген мақаласында қызыл балдырдан алынатын экстракт сіңдірілген жіптің жаңа түрі туралы айтылған. Бұл экстракт ғылыми ортаға «ланосол» (lanosol) деген атпен белгілі әрі бактерияға қарсы өзгешелігімен ерекшеленеді. Ғалымдардың айтуынша, матаны осы экстрактпен қаптаса ол да бактерияға қарсы қасиетке ие болады. Әдетте адамның денесінен бөлінетін тердің иісі болмайды. Тек теріміздегі әрі киімдегі бактериямен байланысқаннан кейін ғана барып, иіс бөлетіні белгілі. Тері осынау микроағзаларды жояды, міне, осы кезде жағымсыз иіс пайда болатын көрінеді. Кейін антибактериялық киімді киіп қалуымыз да ғажап емес. Кейбіреулерге бұл тосын жаңалық болып көрінуі мүмкін. Антибактериялық матаның пайда болғанына біршама уақыт өткенін біреу білсе, біреу білмес. Алайда, оны пайдалану көрсеткішінің төмен болуына ондағы күміс иондарының кездесетіні себеп болғанын айта керек. Өйткені, күміс адамның генетикалық материалына, ұрықтың дамуына және репродукторлық қызметіне кері әсерін тигізеді. Антибактериялды әрі иіс шығармайтын киімді қауіпсіз ету үшін ғалымдар матаның тал жібі мен қызыл балдырдан алынған экстракт негізінде жасалған ланосолдың биологиялық тұрғыдан кірігуіне мән беріп отыр. «Электрлік иіру әдісімен алынған жіптің жіңішкелігі шамамен адам шашының жуандығының жүзден біріндей ғана болады», - деді ғалымдардың бірі Микаэль Хеденквист осы мақалада. «Субстанция [ланосол] антибактериялық мата мен медициналық мақсатта қолданылатын бинттерді жасауға аса қолайлы болар еді». Сондай-ақ, ғалымдардың сөзіне қарағанда,  қызыл балдыр эстрактісінен алынған антибактериялық талшықты кәдімгі жіпке кіріктіргенде умаждалу, матасып қалу, т.б. қолайсыздық тудырмайды. Яғни, ланосолдың оның механикалық өзгешелігіне ешқандай да әсері жоқ. Антибактериялды талшықтан жасалған киімді медицина қызметкерлері кеңінен пайдалануы мүмкін. Неге десеңіз, ол бактериядан қорғайды.

0 пікір
Мұрағат