ОРТА АЗИЯ ОДАҒЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕ МЕ?
ОРТА АЗИЯ ОДАҒЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛЕ МЕ?
7 жыл бұрын 5606 aikyn.kz Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

Дәл осы мәселе жөнінде  Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мәулен Әшімбаев ой қозғады. Оның айтуынша, Орта Азияда қоңсылас отырған республикалар өзара байланысты неғұрлым реттеп, оны жаңа деңгейге көтеруі тиіс. Өйткені, бұл елдердің арасында қордаланып қалған мәселелер жеткілікті.

Соның бірі – трансшекаралық өзендер. Оны бірлесе пайдалану. Аймақтың экологиялық түйткілдерін бірлесе қарау, транзиттік-байланыс саласын күшейту, әсіресе, соңғы жылдары қауіптілігі тым артып бара жатқан терроризм һәм экстремизммен күресу, лаңкестіктің алдын алу мәселелері. Осының бәрін сарапқа сала келе депутат аймақта жаңа бір өңірлік одақ дүниеге келуге тиіс, деп есептейді. Бірақ, бұған өңірдегі өзге елдер қалай қарайды? Өйткені, біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Орта Азия одағын құрайық» деген бастама көтерген еді. Өйткені бұл елдердің аумағында аса ірі көмірсутегі отынының қоры бар. Сондай-ақ, Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті қосып жататын дәліздік рөл атқарады. Сауда-саттықтың көрігін қыздыратын һәм арғы тегі тамырлас жетпіс миллионға тарта халық өмір сүреді. Бұдан тыс, Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Иран секілді алып елдермен шекаралас. Демек, одақ құрылып жатса, ұтпаса ұтылмасы анық-тұғын. Сонымен қатар, осы аймаққа қызығып, бәсекелестік танытып, ықпал етуге асық болып отырған алып мемлекеттердің жемсауына түсіп кетпеуінің де бір кепілі осы одақ болуы тиіс еді. Алайда, жекелеген елдер басшыларының жеке амбициясы Орта Азия одағының дүниеге келуіне бөгет болғаны белгілі. Осы жолы көтеріліп отырған жаңа бір бастамаға олар қалай қарайды?

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Орта Азия елдері қандай да бір одақ құрады деп айту қиын. Соның ішінде, саяси. Тіпті, экономикалық одақ құра қоюының өзі екіталай. Себебі, өңірдегі елдердің экономикалық дамуы әрқилы. Мұндай жағдайда одақ жөнінде ойлаудың өзі біртүрлі. Әрине, Қазақстанның жағдайы бөлек. Елімізде даму бар, ілгері серпін бар. Мәселен, Қазақстанның ішкі жиынтық өнімі Өзбекстаннан үш жарым есе көп. Бір ғана Алматының жиынтық өнімі мұқым Қырғызстанмен тең екен. Тәжікстан мен Түркіменстанның экономикасы бізге белгілі. Оларды «сүйреу» үшін Қазақстан көп қаржы шығару керек. Локомативтің рөлін қолға алуы тиіс. Бұл тым қымбатқа түспек. Негізі осы республикалардың саяси ұс­танымдарының өзі әртүрлі. Демек, осы бөгеттердің бәрін бір сәтте алып тастап, төрт аяғын тең басқан өңірлік одақ құруымыз қиын. Әрине, терроризмге, экстремизмге қарсы бірлесе күресу керек шығар. Өйткені, жекелеген елдің ешуақытта терроризммен күресі алға басқан емес. Бұл жерде құзырлық-күштік мекемелердің бірлесе қимылдағаны дұрыс. Негізі екі жақты келісімдер арқылы да көп істер тындыруға болады.

Сейілбек МҰСАТАЕВ, саясат ғылымдарының докторы, профессор:
– Дәл осы мәселені осыдан он үш жыл бұрын, яғни, 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген еді. Алайда, өзбек президенті Ислам Каримов түрлі сылтау айтып, басын ала қашты. Өйткені, оны сол кезде одақтан гөрі «Орта Азияда кім лидер?» деген мәселе қатты қызықтырған еді. Тіпті, Өзбекстан осы мәселе жөнінде Қазақстанмен бәсекелес те болды. Бірақ, қазір уақыт өзгерді. Каримов жоқ. Оның орнына келген Шавкат Мирзиёев айналасымен жақсы болуға ұмтылуда. Өзге елді былай қойып, алғашқы сапарын Орта Азиядан бастады.
Кеше Түркіменстанға барса, енді Қазақстанға келе жатыр. Демек Орта Азия елдерінің арасында жақсы қарым-қатынас, байланыс жаңа бір деңгейге көтерілуде деуге болады. Десек те бізге қазір жаңа бір одақ жөнінде ойланғаннан гөрі, бар нәрсені жөндеп алған әлдеқайда дұрыс сияқты. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ. Бұған Орта Азиядан Қазақстан мен Қырғызстан кіреді. Тәжікстан да кіруге даяр. Түркіменстан – әу бастан бейтарап ел. Сондықтан, оны қандай да бір одаққа енетін шығар деп үміттену қажет емес. Бәлкім, өзбектің жаңа президенті осы ЕАЭО жөнінде ойланғаны жөн шығар. Ресей президенті Путиннің Каримов қайтыс бола салып, бұл елге ат басын тіреуі бекерден-бекер емес. Осы мәселе тілге тиек етілген болар. Ертең Шавкат Мирзиёев Қазақстанға келгенде де әңгіме ауаны осы болуы мүмкін. Демек, отау ішінен отау тіккеннен гөрі, барды ұқсатып алғанымыз дұрыс-ау. Терроризм және экстремизммен күрес дегенге келетін болсақ, бұл мәселе Шанхай Ынты­мақтастық Ұйымының жарғысында бар дүние. Осы ұйым аясында белгілі бір деңгейде іс-шара жасалып та жатыр. Осы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Орта Азияда жатқан мемлекеттердің бәрі кіреді.

0 пікір
Мұрағат