Орта Азия елдеріндегі синофобияның негізі бар ма немесе Қытай Орта Азия елдеріне басып кіруі мүмкін бе деген риторикалық сауал төңірегінде бірер сөз
Орта Азия елдеріндегі синофобияның негізі бар ма немесе Қытай Орта Азия елдеріне басып кіруі мүмкін бе деген риторикалық сауал төңірегінде бірер сөз
5 жыл бұрын 4828 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Соңғы уақытта елімізде және Қырғызстанда ел аумағында жұмыс істеп жүрген қытай азаматтарымен арадағы қақтығыстардан, сондай-ақ, Қытай халық республикасы мен еліміз арасындағы экономикалық түрлі жобаларға қатысты келісімдерге наразылық үдеп бара жатқанын байқайсыз. Бұл наразылық көрші елмен арадағы экономикалық келісімдердің ақыры Қытай экспанциясына ұласуы мүмкін деген қауіп пен үрейден туындап отырғанын айта кету керек. Бір оқ шығармай-ақ, түрлі экономикалық жобаларды желеу етіп, бейбіт жолмен жаулап ала ма, деген қауіп халықтың санасында әлі сейілген емес. Әлбетте, халқының көптігімен-ақ жасқап отырған елдің көлденең тартқан экономикалық жобаларын Қытайдың құрған қақпаны мен тұзағына балайтындар да жоқ емес. Бұдан бөлек, Қытай билігінің соңғы уақытта өз аумағындағы азшлықты құрайтын ұлттар мен ұлыстарды жаппай қытайландыру бағытында қыспаққа алып жатқаны да (мәселен, Шыңжаңдағы ұйғырлар мәселесі) жергілікті халықтың күдік-күмәнін қоюлатып, көрші елге сенімсіздікпен қарауға алып келуде. Қытай өз арнасына сыймай жатқан ел. Бұл сөзімізге әлеуетін толыққанды жүзеге асыру үшін әлем елдерінің шамамен үштен бірін қамтитын, тарихи Жібек жолының осы заманғы жаңғыртылған нұсқасы саналатын «Бір белдеу – бір жол» ғаламдық жобасы дәлел бола алады. Бұл жоба турасында бірсыдырға талдау материалдарын бердік. Қытай туралы сөз қозғалғанда аталмыш жобаны айналып өту мүмкін емес. Өйткені, қытай болашағын осы жобамен байланыстырады. Естеріңізде болса, аталмыш жобаның жүзеге асуына Қытай тарапы мүдделілік танытқанымен, оның экономикалық тиімділігі дәлелденгенімен, өзге елдер бұл жобаға ең алдымен өзінің ұлттық бірегейлігін сақтауға төндірер қауіп-қатеріне, генофондына тигізер залалына назар аударып отыр. Бұл турасында да кезінде кеңінен талқылап жазғандықтан тоқталып жатпаймыз. Біздің айтпағымыз, Қытай көрші ел болғандықтан Орта Азия елдері қалай да интеграциядан бас тарта алмайды. Десе де Қытай қатерін барынша азайтудың екі жолы барын да айта кетпеске болмайды (бұл тақырыпқа алдағы уақытта кеңінен тоқталатын боламыз – ред.): біріншісі, Қытайдан мейлінше сақтана отырып, екі шоқып, бірі қарап,  қатынас орнату. Екіншіден, қытай тану инстиутын қалыптастыру. Бұл өз кезегінде ұлттық иммунитетті нығайтуға көмектесетін шара болмақ. Осылайша Қытай факторын жұмсартуға болады. Тағы бірт ескере кететін жайт, Қытай әлемде әскери қуаты зор держава. Сайдың тасындай  2 млн-ға тарта сарбаз сақадай сай тұр. Соған қарамастан Қытай халық республикасы шетелде әскери жорық жасап, көзге түспеген ел. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, т.б. батыс елдері секілді. Десе де Қытай тарапынан тікелей қауіп төнбесе де аталған елдің көрші елдерге әскер кіргізді делік, яғни, Орта Азия елдеріне мұздай қаруланған әскерін үйіп-төкті делік. Бұл – риторикалық сауал. Қытай экономикасының позициясы алда болғанымен жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда соншалықты көп те емес. Яғни, әлі күнге кедей ел санатында. Сол себепті, әскер қатарын толықтырғысы келетіндер қарасы көп ел. Отбасын асырау, мансабын қалыптастырудың бірден-бір мүмкіндігі десек, артық айта қоймаспыз. Өйткені, жоғары білім алу екінің бірінің қалтасы көтере бермейді бұл елде. Десе де кілтипан өткен ғасырдың жетпісінші Қытай билігі халық санының өсуін тежеу үшін қабылдаған «Бір отбасы – бір бала» саясатының салқыны енді білініп жатыр. Егер соғыс ұзаққа созылатын болса, көптеген отбасылар жалғыз ұлын әскерге жібергісі келмейді. Өйткені, зейнетақы жоқ елде қартайғанда асыраушысынан айырылғысы келмейді. Бұл – ертегінің әлқиссасы. Ертегінің өзі енді басталады: Уикипедия электронды, энциклопедиялық анықтама көзінен алынған мәлімет бойынша Қазақстан армиясында 39 мыңның ар жақ, бер жағында әскери бар, Түркіменияда – 36,5 мың, Өзбекстанда – 65 мың, қырғызстанда – 20 мың, Тәжікстанда – 16,3 мың. Аталған елдердің әскерінің жалпы саны 176,8 мың болмақ. Бұдан бөлек, әр елдің әскери жарақтануы экономикалық әлеуетіне байланысты түрлі деңгейде екенін ескерсеңіз, Қытайдың қарулы күштері Орта Азияны бір аптаның ішінде басып алмақ. Орта Азия елдері партизандық тәсілге көшеді. Қытайға қаны қарайған Шыңжаңдағы ұйғырлар да қарап қалмайды. Көтеріліске шығады. Осылайша Орта Азия елі Қытай үшін екінші Ауғанстанға айналады. Әлемнің көптеген мұсылман елі Қытаймен арадағы дипломатиялық әрі экономикалық қатынасын үзіп, Орта Азияның мұсылман елдеріне қолұшын созады. Бұрыннан Қытайдың өздерімен бәсекелес ел болғанын қаламайтын, жоғары өрлеп келе жатқанын көре алмайтын батыс елдері Қытайға қатысты түрлі экономикалық шектеу шараларын енгізеді, оларға Қытайдың әлсірегені керек. Қысқасы, Қытайға Орта Азия елдеріне соғыс ашу алдымен өзіне қауіпті қадам болмақ. Ақыр соңында Қытайдың ғаламдық ықпал ету аймағы барынша тарылып, іштен «іриді»: Гонконг, Макао, Тибет, Гуандун, Ішкі Моңғолия егемендігін жариялап, Қытай бірнеше бөлікке бөлініп, ыдырап тынуы мүмкін. Қытай билігіне сценаридің бұлай өрбігені керек емес.

0 пікір
Мұрағат