ОАР мұсылмандарына көрші елдерді паналауына мүмкіндік беру керек пе?
ОАР мұсылмандарына көрші елдерді паналауына мүмкіндік беру керек пе?
10 жыл бұрын 2988

Қақтығыс кезінде Орталық Африка республикасының мұсылмандары «Анти-Балака» деп аталатын христиан радикалдары тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап, Бода, Карнот және Ялоке анклавтарына бас сауғалағанымен ол жерде де көзтүрткіге айналып, жергілікті христиандар тарапынан қысым көріп отыр. Ең сорақысы, өз жерінде, өз елінде босқын атанған олардың тұрмысы мүлдем мүшкіл. Тазалық талаптарының сақталмағаны былай тұрсын, ішер асқа жарымай отыр. Осыған байланысты өткен аптада «Адам құқығының күзетшісі» деп аталатын ұйым өз баяндамасында зорлық-зомбылық тиылмай тұрған Орталық Африка Республикасының билігінен және бітімгершілік күштерден мұсылмандарға көршілес елдерді паналауына мүмкіндік беруін талап етті. Осы елдегі мұсылмандарға олардың қауіпсіздігіне байланысты көшіп-қонуына қатаң тиым салынған болатын.

«Мұсылмандардың дені көрші елдерге қоныс аударғысы келетінін ашық айтады. Осыған байланысты олардың көрші елдерге қоныс аударуына мүмкіндік беру керек»,- деді босқындар лагерінде болып, мұсылмандардың аса ауыр жағыдайын өз көзімен көрген аталмыш ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Питер Букерт. Бұған қоса, Африка одағының бітімгершілік күштерінің құрамындағы Конгодан келген контингент оларға тұтқын секілді қарап, ойларына келгенін істейтін көрінеді.

Осы арада айта кетерлігі, Бода, Карнот және Ялоке анклавтарында қазіргі уақытта 12 мыңнан аса мұсылман босқыны тұрып жатыр.

0 пікір
Мұрағат