Мысыр министрі кедейлерді кемсіткені үшін жұмыстан кетті
Мысыр министрі кедейлерді кемсіткені үшін жұмыстан кетті
2 жыл бұрын 576

Мысыр елінің Әділет министрі Махфуз Сабер өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болды. «Басқа пәле тілден» демекші, білдей бір министрдің қызметтен босауына оның тәкаппарланып сөйлеген сөзі себеп болған. Бұл жайында muslim.kz ақпарат көзі хабар таратты.

Айта кетейік, таяу күндері Махфуз Сабер жергілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында «қоқыс тазалаушының ұлына сот болудың не қажеті бар?!» деген өрескел пікір айтқан болатын.

«Қоқыс тазалаушының ұлы атқаратын жұмыс емес бұл. Дәрежесі сәйкеспейді», – деген көрінеді дандайсыған шенеунік. Сұхбаттан соң министр атына айыптаулар мен сын жебелері қарша бораған.

Ақыр соңында Сабер айтқан сөздері үшін кешірім өтініп, өз еркімен жұмыстан кетуге өтініш білдірген. «Қоғамдық пікір мен қарапайым азаматтарға деген құрметін» министр осылай дәлелдемек болыпты.

Ушыққан жағдайды жуып-шаю мақсатында Министрлер кабинетінің басшысы Ибрагим Махляб «Мысыр үкіметі қоғамның барлық мүшелерін бірдей құрметтейтінін» жеткізді. 

0 пікір