Мұсылман елдерінің бірыңғай криптовалютасын жасауды ұсынды немесе Куала-Лумпур саммиті төңірегінде бірер сөз...
Мұсылман елдерінің бірыңғай криптовалютасын жасауды ұсынды немесе Куала-Лумпур саммиті төңірегінде бірер сөз...
4 жыл бұрын 3788 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Малайзия астанасында өткен ислам елдері саммитінде мінбеден сөз алған Иран президенті Хасан Рухани: «Ислам әлемі америкалық доллардың үстемдігіне әрі АҚШ-тың қаржы режиміне қарсы тұру үшін іс-шараларды қолға алуы керек», - деп мәлімдеді. Осылай дей келе ол мұндай шаралардың бір парасы ретінде мұсылман елдерінің бірыңғай криптовалютасын жасауды ұсынды. Бұл жайында парсы елі президентінің ресми сайтында айтылған. «Блокчейн технологиясының пайда болуына байланысты орталық банктердің ынтымақтасты мен атсалысуы арқылы өз криптовалютамызды жасауға болады... Цифрлы технологияны пайдалана отырып, ислам әлемі үшін жаңа валютаны енгізу мүмкіндігі бар»,- деді ол артынша ойын нақтылай түсіп. Сондай-ақ, ол ислам елдерінің технология саласында ынтымақтасып, жасанды интеллекті және киберқауіпсіздік салаларында бірігіп зерттеу жүргізу қажеттілігіне және маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. Бұл мақсатта Куала-Лумпурде мұсылман елдерінің біріккен қорын құру туралы бастама да көтерді.

Жалғыз Хасан Рухани ғана емес, Малайзия премьер-министрі Маһатхир Мұхаммед та мұсылман әлеміндегі ең басты проблемаларды тізбелей келе (солардың ішінде ислам елдері арасындағы бірліктің әлсіздігі де бар) ислам әлемінің артта қалуының бір себебіне технологияда кенжелеп қалуды жатқызды.

Аталмыш саммит туралы бірер сөз айта кеткен жөн: бұл шараны әу баста ислам ынтымақтастық ұйымы қолдаған жоқ. Ол ол ма, байкот жариялады. Десе де Маһатхир Мұхаммед бұл айыптаудың негізсіз екенін, өйткені, Куала-Лумпурдегі саммит ИЫҰ миссиясын алмастыра алмайтынын жеткізді. Неге десеңіз, Куала-Лумпурдегі саммит нақты бір діни, саяси, тіпті, керек десеңіз, экономикалық мәселелер бойынша қандай да бір шешім қабылдау үшін өткізілген жоқ, бары – исі мұсылманның бүгінгі күннің алға тартқан талаптары мен үрдістеріне, заман ағымына жауап іздеу үшін өткізілгенін айта кеткен жөн. Ол ол ма, исі мұсылманға, дәлірегі, ИЫҰ-на мүше 56 елге «сауын айтылғанымен» бұл алқалы жиынға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Иран президенті Хасан Рухани, Саудия бастаған араб елдері байкот жариялаған Катар әміршісі Тамим бен Хамад әл-Тани секілді бірен-саран мемлекет басшылары қатысқанын да көп жайтты ұғуға болады. Көбіне батыстың қас-қабағын бағатын, өзара алауыз араб монархтары секілді емес, Маһатхир Мұххамед көпті көрген көреген әрі салмақты саясаткер. Бірыңғай мұнай шикізатына иек артқан әрі сонымен ғана билігін ұстап отырған араб монархтарынан қайран жоғын түсініп, ешкімнің көңіліне қарамай, өз жерінде осынау айтулы жиынды өткізіп отыр. Мұнай ресурсына иек артқан араб елдері секілді емес, адамзаттың үштен бірі шоғырланған оңтүстік-шығыс Азияда кіл бәсекелес, бақталас елдер арасында барлық салада ойып тұрып өз орнын алған Малайзияның мұндай айтулы шараны өткізуінің астарында исі мұсылманның бүгінгі таңдағы мүшкіл халіне алаңдаушылық жатыр.

ИЫҰ бүгінгі таңда 56 ел мүше болғанына қарамастан аты бар да, заты жоқ, тек формалды ұйымға айналған. Олай дейтініміз, халықаралық мәселелерде, соның ішінде күллі әлемде орта ғасырдағы крест жорығынан кейін қарқын алған мұсылмандарға қарсы түрлі саяси науқандарда (мәселен, Қытайдағы ұйғырлар мәселесінде, рохиниялық мұсылмандардың будда радикалдары тарапынан қуғынға ұшырауы, т.б.) тек айыптап мәлімдеме жасаудан ары аса алмай, белсенді әрі табанды әрекетке барған емес. Мәселен, исламофбия секілді жат құбылыстың себептерімен күресуде қауқарсыздық танытып отыр (жалғыз Түркия бұл бағытта белсенділік танытып отыр). Мұның бірнеше себептері бар. Солардың бірі осы саммитте төбе көрсетпеген ИЫҰ белді мүшесі Саудия мен Пәкістан басшыларының келмеуі көп жайтты аңғартады (осыған қарап ислам елдерінің ауызбіршілігі туралы айтудың өзі артық). Пәкістан өзінің экономикасына қыруар қаржы құйып отырған Қытайдың ығына жығылса, Саудия аймақтағы амбициясы (Иранмен текетіресін айтып отырмыз) үшін АҚШ пен Израилге арқа сүйеп отыр.

0 пікір
Мұрағат