Мұсылман әйелдерге кім қалай қолдау көрсетті?
Мұсылман әйелдерге кім қалай қолдау көрсетті?
10 жыл бұрын 3524

Австралияның қоғам қайраткерлері мен бизнес әлемінің жұлдыздары осы елдегі исламофобиялық құбылыстың белең алуына байланысты өзгеше акция өтті. Сәл шегініс. Осыдан біраз күн бұрын шариғат шәлісін жамылған әйелді исламофобтар жүріп бара жатқан пойыздан лақтырып жібергені турасындағы ақпарат қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Әйелдің суішкілігі таусылмаған екен, аман қалды. Оның алдында да мұсылман әйелдерге шүйлігу, тіл тигізу, балағаттау оқиғалары қалыпты жағдайға айналғаны жайындағы ақпараттар әлемді шарлап кеткен болатын. Міне, осыған алаңдаған әрі әділетсіздікке төзбеген австралиялық әйелдер мұсылман ақ жаулықтыларына қолдау көрсету мақсатында өздері де шариғат шәлісін жамылып, фотосуретке түсіп, әлеуметтік желілерге орналастырып жатыр. Бұл акцияны өткізу туралы бастаманы қоғам белсендісі әрі қорғаушы заңгер Мариям Вейсзаде көтерген еді. Бастаманы көтеріп қана қоймай, өзі бас болып, өзгелерге үлгі көрсетіп, әлеуметтік желіге бірінші болып өз фотосуретін орналастырды. Шариғат шәлісін жамылған фотосуретін. Оған тележүргізуші Мишель Лори, диктор Джессика Роув және Джули Оуэнс секілді танымал тұлғалар қосылды. Сол сол-ақ екен, шариғат шәлісін жамылып түскен мұсылман емес әйелдердің фотосуреттері әлеуметтік желілерде көбейді. Алғашқы аптада 14000 әйел шариғат шәлісін жамылып түскен фотосуреттері әлеуметтік желілерде пайда болған.

0 пікір
Мұрағат