Малави мұсылмандары нышаны бар адамдарды қорғайды
Малави мұсылмандары нышаны бар адамдарды қорғайды
2 жыл бұрын 768

Малави мұсылмандары соқыр сенімге негізделген түрлі жоралғылар үшін альбиностарды (қазақша айтқанда, нышаны бар адам – ред.) тағылықпен өлтіру әдетіне тосқауыл қоятын болады. ansar.ru ақпарат көзінің хабарына қарағанда, осынау игі іске өз еркімен атсалысатын мұсылмандар ақысыз-пұлсыз елді-мекендерді аралап, хаалыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Яғни, соқыр сенімнің жетегінде жүргендерге альбиностың денесінің ешқандай емдік қасиеті жоғын, олар да өздері секілді жұмыр басты пенде екенін түсіндіреді. Керісінше оларды қорғаудың сауапты іс екенін жеткізеді. «Оларды жаппай қырып-жою жаныңды түршіктіреді. Өздерін иман келтіргенбіз деп есептегендер ондайға жол бермеуі керек. Мұндай жағдайда қол қусырып, қарап отыруға тағы болмайды. Дәл қазір қандай да бір шара қолдануымыз керек», - деді Малави мұсылмандар қауымдастығының бас хатшысы Сәлман Омар. Әр адамның өмірі қастер тұтылатын асыл дініміздің талабын ескеріп: «Міне, осы себепті елдегі альбиностардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды өлтіруге қарсы күрес ашуға бел будық. Иман келтіргендіктен бастаманы өз қолуымызға алуымыз керек»,- деді ол артынша.

Анықтама: Альбиностардың бойында туғаннан меланин пигменті болмайды. Меланин пигменті терінің, шаштың, т.б. түсіне жауапты. Статистикалық мәліметке жүгінсек, еуропалық нәсілге қарағанда зәңгілердің арасында осындай кемістікпен туатындар көп екен. Нақты санмен өрнектегенде, альбиностардың қарасы еуропалықтарға қарағанда зәңгілердің арасында алты есе көп. Яғни, 3000 негрдің біреуі альбинос болып табылады. Бұл да туыстық некеге көп баратын африкалықтардың арасында кездесетін дерттердің бірі.

0 пікір