Көптен айтылып жүрген дағдарыс басталды
Көптен айтылып жүрген дағдарыс басталды
5 жыл бұрын 6091 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Жаһандық жылынуға байланысты орын алған климаттық өзгеріс, су ресурсының ластануы мен тиімсіз пайдаланылуы ақыр түбінде Үндістанда дағдарыстың басталуына себеп болды. Ең қажетті тіршілік көзі адамдарға да, ауыл шаруашылығына да жетпейді. Болжам бойынша алдағы уақытта жағдай ушыға бермек. 

Иә, Үндістанда су дағдарысы басталып кетті. Аталған елді жылда климаттың өзгеруінен жаз мезгілінде құрғақшылық жайлайды. Жыл сайын тек ауызсудың болмауынан 200 мың үнді опат болады. Адамдар шөлден немесе лас судан болатын түрлі кеселдерден ғана қырылып жатқан жоқ, сонымен қатар, судың жетіспеуінен азық-түлік тапшылығынан да баудай түсіп жатыр. Су ресурсының тапшылығынан адамның өмірі мен денсаулығына қатер төніп қоймай, елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне сына қағып отыр. Үнді халқының 60 пайызы ауыл шаруашылығымен жан бағып отыр. Үндістан әлемдегі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін алдыңғы қатарлы ел болғандықтан су ресурсын ең көп тұтынатын ел екенін айта кету керек. Жауын-шашын сирек түсетіндіктен жерасты суы да тапшы. Урбанизация қарқын алған аудандарда жағдай мүшкіл. Сумен жабдықтау инфрақұрылымы мүлдем сын көтермейді. Адамдар суды тасып ішіп жатыр. Үкіметтік талдау орталығы аталмыш елдегі су ресурсына қатысты есебін жария етіпті. Онда келтірілген мәліметке қарағанда, биыл судың жетіспеуінен 600 мыңнан аса адам зардап шегеді. Үндістанның 29 штатының 24-де су тапшылығы орын алған. 2020 жылға қарай су қоры 21 қалада таусылады. Бұл өз кезегінде 100 млн адамның өміріне теріс әсерін тигізбек. 2030 жылға қарай суға сұраныс екі есе артып, ел тұрғындарының 40 пайыздан астамы су ресурсына қол жеткізе алмайтын болады. Су ресурсы тапшылығынан Үндістанның аталған мерзімде жалпы ішкі өімі бірден 6 пайызға кемиді. Су ресурсы тапшылығынан миграциялық процесс күшейіп, көрші елдерге босатындар қарасы артады. Ең жақын көршісі Пәкістанның өзінде қазіргі уақытта екі миллионнан аса үнді тұрып жатыр. Одан кейінгі орында Біріккен Араб Әмірліктерінде үнділер көп шоғырланған. Бұл өз кезегінде көрші елдердің наразылығын тудырмай тұрмайды. Пәкістан мен Үндістан арасындағы 1947 жылдан бері шешімін таппаған Кашмир даулы аймағына байланысты бұрыннан бар проблема үнді мигранттарымен толығатын болды. Халқы бетпе-бет келген проблеманы шешуде Үндістан билігі әлі күнге қауқарсыздық танытып отыр. Су ресурсын тиімді басқару, суды үнемдеуге мүмкіндік беретін жоғары технологияны кеңінен енгізу әрі игеру, сумен жабдықтау инфрақұрылымын жолға қою секілді қолдан келетін істердің өзін атқара алмай отыр. Тығырықтан шығатын тағы бір жол – теңіз суын тұшшыландыратын өнеркәсіп кешенін салу. Суды термикалық әсер ету арқылы тұздың микроскопикалық кристалын өткізбейтін мембранның көмегімен тұшшыландыру: мұндай тәсіл қолданылған жағдайда су буға айналып, тұз кристалданады, ал бу конденсанты тұшшы болып шығады. Айналып келгенде суды тұшшыландырудың қандай тәсілін қолдансаңыз да соңғы кезеңінде судың минералды балансы қалпына келетін болады. Өнеркәсіптік жолмен суды тұшшыландыруды кейде атомдық тәсіл деп аталып жатады. Суды тұшшыландыру зауыты өз өндірісінде су буы мен электр энергиясын пайдаланады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, қазіргі уақытта су ресурсы тапшылығын жою үшін әлемнің көптеген елдері суды тұшшыландыру технологиясына көшкен. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігі, Саудия, т.б, елдерде суды тұшшыландыратын зауыттар салынған. Алайда, аталған елдердің экономикалық әлеуеті, яғни, қаржылық жағдайы мұндай қымбат тұратын технологияны игілігін көруге мүмкіндік беріп отыр. Үндістан мұндай технологияға қол жеткізе ала ма, гәп – сонда.

0 пікір
Мұрағат