Жындармен байланысқандардың соңына шырақ алып түсті
|
Түркіменстанда биылдан бастап, ел аумағындағы сиқыршылармен, бақсы-балгерлермен күрес күшейтілді. Нақтырақ айтқанда, оларды жаппай қолға түсіріп, 100 манат (түркіменнің ұлттық валютасы) мөлшерінде айыппұл салып жатыр. Айта кетейік, 2016 жылы ел аумағында оккульттік қызмет көрсетуге ресми түрде қатаң тыйым салынған болатын. Ендігі жерде заң талаптарына сай «гипнозшыларды, емшілерді, экстрасенстерді, болашақты болжап, бал ашушыларды, жұлдызшыларды, яғни, астрологтарды, сиқыршыларды» жарнамалауға тыйым салынады. Сондай-ақ, бойындағы тылсым қасиеті мен қабілетіне қарай алдағы болатын жағдайды болжай алатын, адамдарға, олардың рухани әлеміне және дүние-мүлкіне ықпалын тигізе алатын» тұлғаларды да жарнамалауға тыйым салынып отыр. Сиқыршылар жаппай тұтқындалып жатыр. «Ферғана» ақпарат көзінің таратқан хабары мен келтірген дерегіне қарағанда, діни сауаты шамалы жергілікті халық арасында бақсы-балгерлердің беделі жоғары, олардың дәурені жүріп тұр. Бұл жат әдетке бұдан былай заңмен тосқауыл қойылып жатыр.