Жылдан жылға босқындар саны артып келеді
Жылдан жылға босқындар саны артып келеді
2 жыл бұрын 878

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы жасаған баяндамада келтірілген мәліметке қарағанда, Сирия мен Ирактағы соғыстан және өзге елдердегі қарулы қақтығыстардан бас сауғалаған, сондай-ақ, гуманитарлық ахуалдың нашарлауынан соңғы 22 жылдың ішінде дамыған елдерге ағылған босқындар қарасы артқан. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы дамыған елдерден пана сұрағандар саны  866 000 адамды құраған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 45%-ға көп. Яғни, 2013 жылы 596 600 босқыннан өтініш түскен. 2014 жылы босқындардың пана сұрап, шағым түсіруі ең жоғары көрскеткішке жеткен. 1992 жылдан бері есептегенде. 1992 жылы Босния мен Герцеговинада азаматтық соғыс, геноцид өршіп тұрған болатын. 2014 жылы босқындардың денін сириялық азаматтар құраған: 150 000-ға жуық адам немесе олардың әрбір бесіншісі дамыған елдерден пана сұраған. Ирактан ағылғандар арасында 68 700 адам пана сұраса, ал үшінші орында ауғандықтар тұр – 60 мыңға жуық адам. 2014 жылы пана сұрағандар Германияда көптеп тіркелген – 173 мың адамнан асады, олардың төрттен бірі – сириялықтар. 2014 жылы 1,5 млн сириялық босқындар қабылдаған Түркияда тағы 87 800 адам пана сұраған, олардың дені – ирактықтар. Ал Италия билігінен пана сұрағандар қарасы 63 700 адамды құраған.

 

Сириялық босқындар еліне қайтқысы келмейді

Қақтығыстар алаңына айналған Таяу Шығыстан келген Түркиядағы босқындардың денін көршілес Сириядан келгендер құрайды. Мәселен, Сириямен арадағы шекара маңындағы Онджюпинар босқындар лагерінің өзінде 13 мыңға тарта сириялық босқын өмір сүріп жатыр. Олардың көбісі бұл арада 3 жылдан аса уақыттан бері тұрып жатыр. Аталмыш лагердің өз инфрақұрылымы қалыптасқан: дүкені, кафесі, шаштаразы, т.б. бар. Қиын сәтте қолұшын созған түріктер жеріне бауыр басып қалған сириялық босқындар неше жылға созылған соғыстан қирап, бүлінген отанына оралғысы жоқ. Газьянтэпе және онымен шектесіп жатқан аудандарда 400 мыңнан аса сириялық босқын бар. Олардың жергілікті халықпен арадағы қатынасы аса жақсы деуге келмейді. Өйткені, босқындардың қаптап келуі өз кезегінде тұрғын үй мен азық-түлік бағасының күрт көтерілуіне себеп болды.

0 пікір