Жасанды ет төңірегіндегі талас-тартыс өршіп барады
Жасанды ет төңірегіндегі талас-тартыс өршіп барады
4 жыл бұрын 3553 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Араб әлемінде жасанды ет пен өзге де жасуша технологиясы өнімдерінің шариғат талаптарына қаншалықты сай келетіндегі немесе келмейтіндігіне қатысты дау-дамай өршіп келеді – араб аймағындағы ет тапшылығының орнын толтыру үшін жасуша технологиясын енгізуді жақтаушылар мен мұндай жаңашылдыққа қарсы консервативті орта арасында. Өздеріңіз білесіздер, жасанды ет биотехнологияны, ұлпа инженериясын және синтетикалық биологияны пайдалана отырып, жануар жасушасын өсіру арқылы «түтікте» жасалады. Шын мәнінде осындай жолмен зертханада алынған еттің адалдағы турасында нақты бір ортақ келісімге келген кесімді сөз айтылған емес. Соған қарамастан жасанды ет табиғи еттен қарағанда әлдеқайда арзанға түсетіндігімен, яғни, экономикалық, экологиялық жағынан тиімділігімен әлем жұртшылығының назарын өзіне аударуда. Естеріңізде болса, осыдан 1 ай бұрын «Жасанды ет өндірісінің кәдімгі ет өнімдерінен қандай айырмашылығы бар» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/jasandy-et-ondirisinin-kadimgi-et-onimderinen-qandai-aiyrmashylygy-bar-12523/#gsc.tab=0) деген тақырыппен берген материалымызда бұл турасында шетжағалап айтып өткенбіз. Тағы бір мәрте қайталай кеткенді жөн көріп отырмыз: «Дәстүрлі мал шаруашылығымен салыстырғанда аталмыш технологияның артықшылығы жетіп артылады. Атап айтқанда, парникті газдың бөлінуін 80%-ға кемітіп, жайылымның аумағын 99%-ға пайдаланбауға мүмкіндік береді және су ресурсын пайдалануды 96%-ға азайтады. Яғни, көп нәрседен үнемдеуге мүмкіндік береді. Соған қарамастан жасанды еттің дәмі қойдың немесе сиырдың етінен еш айырмашылығы болмайды».

Жылдан жылға адамзат қарасының артуымен әрі жаһандық жылынудан орын алып отырған климат өзгерісінің салдарынан азық-түлік пен өзге де ресурс тапшылығы артып келеді. Осы орайда бұл прблеманы шешуге ғылым көмекке келеді. Дәлірегі, суды және өзге де қоры таусылуға жақын қалған немесе тапшы ресурсты үнемдеуге жол ашатын осы заманғы технологияның мүмкіндіктеріне иек артып отыр. Arabian Business ақпарат көзінің хабарлауынша, ислам ғұламалары әзірге бұл мәселеде қандай да бір пәтуа берген емес. Мысырдағы әлемге әйгілі әрі беделді әл-Азһар университетінің ғалымдары да, Біріккен Араб Әмірлігіндегі пәтуа жөніндегі басқарма өкілдері де бұл мәселеде үнсіздік танытып отыр. Рұқсат беретін немесе тыйым салатын кесімді сөзін айтқан емес. Соған қарамастан осы салаға инвестиция құйған ханзада Халид бин әл-Уәлид бин Талиал өзінше топшылаған жауабын бере кеткенді жөн көріп отырмыз: «Малды соярда «Бисмиллях» айтылады, жасуша үлгісін алғанда да осыны айтуға болады».

0 пікір
Мұрағат