Жапонияда Төртінші индустриалды революция басталды − Forbes
Жапонияда Төртінші индустриалды революция басталды − Forbes
6 жыл бұрын 3968 Алтынай Қуанышбек

Бұрындары компьютер, телефон мен камераның қызметін бір уақытта атқаратын әрі көлемі шағын, қалтамызға сыйып кететін технологияны елестету ғылыми фантастикаға пара пар еді. Ал қазір айналамыздың бәрі смартфондарға толы және олар күннен күнге «ақылдырақ» бола түсуде, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі Forbes басылымына сілтеме жасап. 

Ал енді елестетіп көріңізші: сіздің телефоныңыз жасанды интеллектпен жабдықталып, сіздің медициналық проблемаларыңызды дәл табады делік. Бұл сіздің тіпті дәрігерге баруыңызды да қажет етпейтін болады. Телефондағы арнайы қосымша диагноз қойып, оны емдеу жолдарын да көрсете алады. Ал жергілікті дәріханалар 3D-принтерлер арқылы сізге қажетті дәрі-дәрмектерді шығарып береді. Бұл ойдан шығарылған фантастика емес, жақын маңдағы болашақта болуы мүмкін өзгерістер.

Біздің айтып отырғанымыз Төртінші индустриалды революцияның (4IR) белгілі бір бөлшегіне айналмақ. Бұл кезеңде ғылым мен техникадағы прогрестерге негізделген өте жылдам өзгерістер болады деп болжанып отыр. Дегенмен, «ақылды машиналардан» қорқатындар қатары да күн санап артып келеді.

«Ақылды машиналар» жұмыс орнымыз бен қоғамдағы орнымызды тартып ала ма? Жапония мен Бүкіләлемдік экономикалық форум олай болуы мүмкін емес екеніне сенеді. Олар революция мүмкіндіктерін қоғам игілігіне қажетті жоғары технологиялы құралдар жасауға, технологиялардың адамның тұрмыс-тіршілігіне кедергі келтірмейтініне үмітті.

Бүгінгі таңда біз Төртінші индустриалды революцияның ең бастапқы сатысында тұрмыз. Бұл уақытта циярлық, физикалық және биологиялық жүйелер бірігіп, өмір сүру деңгейі артады. Ең алғашқы индустриалды революция қозғалтқыштың пайда болуына негізделсе, екінші және үшінші индустриалды революция кезінде электр қуаты өндірістің артуына әкеліп, компьютерлер мен коммуникациялық технологиялар цифрлық дәуірді дамыта түсті. Ендігі кезекте Төртінші индустриалды революцияның қозғаушы күші Интернетке негізделген (AI, IoT) өте қуатты технологияларға байланысты болмақ. Әрине, белгілі бір деңгейде біз де белсенді қызмет атқарып, революцияның өзгерістеріне атсалысуымыз керек. Сол арқылы біз өзімізге қажетті қоғамға қол жеткізе аламыз.

Өзгеріс жылдамдығының артуы

Көптеген мемлекет осы күрделі проблемаға енді бас қатыра бастағанда, Жапония жаһандық инновациялармен айналысатын жаңа WEF орталығын ашты. «Бұл орталық Төртінші индустриалды революцияның мүмкіндіктерін арттыру үшін жұмыс істемек», − дейді орталықтың атқарушы директоры әрі негізін қалаушы Клаус Шваб.

«Жапония өзінің инновациялық мүмкіндігін әлі де толықтай таныта алмады. Әлем Жапонияның өте сәтті стартап қауымдастық құрғанын білмейді. Бұл Жапонияныың инновациялық күші бар екенін көрсетеді. Сол арқылы олар жаһандық нарықтағы маңыздылығын сақтап қалады», − деді Шваб.

Шваб Токиоға Төртінші индустриалды революцияға арналған орталық (C4IR Japan) құру үшін барды. Бұл жаңа технологиялық орталық биыл жапон корпорацияларымен және үкіметімен тығыз байланыс орнатпақ.

Қаңтар айында Давоста өткен WEF жиынында 2017 жылы наурыз айында Сан-Франциско да Төртінші индустриалды революция орталығы ашылғаннан кейін C4IR Japan атты орталық құрылатыны хабарланған болатын. WEF осылайша Төртінші индустриалдық революцияға арналған орталықтар желісі мен филиалдарын бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен ашуды жоспарлап отыр.

Швабтың айтуынша, Жапонияның бұл трансформациядағы ерекше рөл атқаруының бірнеше себебі бар.

«Біріншіден, Жапония көптеген дамыған мемлекеттерде болуы мүмкін демографиялық өзгерістердің алдында келеді. Екіншіден, премьер-министр Синдзо Абэ мен үкіметтің ұзақмерзімді басымдықтары мемлекет пен жеке сектордың арасындағы байланысты арттырып, мемлекетте жұмыссыздықтың төмендеуіне әкелген. Бұл өз кезегінде Төртінші индустриалды революция кезіндегі әлеуметтік өзгерістерге оң ықпал ететін жағдай болмақ», − деді Шваб.

Оның айтуынша, Төртінші индустриалды революция орталығы жаһандық келіссөздер арқылы жаңа технологиялар принципін қалыптастырмақ.

«Себебі бұл технологиялардың барлығы адамзатқа үлкен пайда әкеле алады. Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізіп, қоғам проблемаларын шешуде маңызды рөл атқаратын болады. Қоғамда мобильділік артады. Бірақ кей жағдайда мұндай технологиялар қоғам игілігі үшін емес, ұжымдық мақсаттарда қолданылып кетуі мүмкін деген де күдік бар», − деді Клаус Шваб.

Шынайы өмірді ажарландыратын қадам

WEF кеңес мүшелерінің бірі, TIBCO Software аналитикалық компаниясының бұрынғы басшысы Мұрат Сонмез C4IR орталығын басқарады және бүгінде ол орталықтың АҚШ-тан тыс жерде кеңейіп жатқанының куәсі болып отыр. Бүгінгі таңда Зонмез Токиода шілде айында ашылған орталыққа Жапонияның ең ақылды деген адамдарын таңдаумен айналысып жатыр.

«Біз Төртінші индустриалды революция технологияларының адамзат пен қоғам өміріне жақсы әсерін арттыру әрі жеделдету үшін осы орталықты құрдық. Біз өткеннен сабақ ала отырып, қандай қажеттіліктер бар екенін ескеретін боламыз», дейді Зонмез.

Зонмез C4IR орталығын «танкке» теңеп, Африка елінен мысалдар келтірді. «Руанда – медициналық құралдар мен қан тасуға қиындық тудырып отырған таулы мемлекет. Вакцинация және иммунизацияның жаһандық альянсы (GAVI) жақында ауруханаларға қанды 30 минутта жеткізіп беретін Zipline атты дрон шығаруды қаржыландырды. Жоба алғашқы жылда-ақ 929 әйелдерің өмірін құтқарып қалды. Нәтижесі жақсы болғанымен, дрондарды қолданудың басқа да қиындықтары бар. Мысалы, оның жүйесін бұзу жеңілдігі, мәліметтер қорын сақтаудың тиімсіздігі және азаматтық авиацияға кедергі келтіруі. Сан Францискодағы C4IR орталығы Руанда билігімен келісімге келіп, тоғыз айда дрондарды басқару ережесін бекітуге атсалысты. Енді бұл мемлекет ноу-хауды ойланбастан қолдана алады», дейді Зонмез.

Жапонияның медицинадағы бастамалары

Жапония Төртінші индустриалды революцияны қалай басқара алады? Болашақ ұрпаққа не бере алады? Жапониядағы WEF орталығы автономды технологиялар мен медициналық технологиялар құрастыруға басымдық бермек. Жапония қазіргі күннің өзінде автономды технология саласында әлемдегі ең үздік мемлекет болып отырғанымен, медицинадағы жетістіктері әлі де өз деңгейінде бағаланған жоқ.

Прецизионды медицина АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама 2015 жылы Юнион штатындағы Прецизионды медицина бастамалары туралы айтқанынан кейін кең таныла бастады. Онда прецизионды медицина «гендегі, қоршаған ортадағы және әр адамның өмір сүру дағдысындағы өзгерістерді қарастыратын, аурулардың алдын алу мен емдеудің жаңа әдісі» ретінде сипатталған. Яғни, бұл медицина генетикалық, экологиялық және емделуші өмірінің факторларын негізге ала отырып емдеу әдісін анықтайды. Бүгінгі таңда бір дәріні барлық халық қолданатынын ескерсек, бұл жаңа әдіс емделушіге қандай ем мен аурудың алдын алу тәсілі тиімді болатынын дәл анықтауға септігін тигізбек.

Прецизионды медицина семіздік секілді бүкіл әлемге кең тарап жатқан инфекциялық емес ауруларға қатысты қолданылады. Бұл аурулар генетика мен қоршаған ортаның күрделі байланысынан пайда болуы мүмкін. Бұны түсіну үшін ғалымдар биомаркерлерге қатысты зерттеу жүргізді. Көптеген мәліметтерді ескере отырып олар биомаркерлер арқылы емделушінің ауруға шалдығу қаупін дәл анықтай алады. Яғни, прецизионды медицина әрі сандық, әрі сапалық нақты мәліметтерді қажет етеді. Мамандардың айтуынша, бұл салада да Жапония басқа мемлекеттердің алдын орап, алдыңғы қатардан көрінетін болады.

Токиодағы биліктің өзгеруі

Зонмез Жапонияға көп үміт артып отыр. «Жапония әлемдегі үшінші орындағы экономиканың иесі. Оның жаңа инфрақұрылым құруға, операциялық жүйелерді жасауға, азаматтарын өмірін жақсартуға қатысты саясат жүргізуге, инновацияларға мүмкіндік беріп, стартаптарды қолдауға мүмкіндігі жетеді», − деді М.Зонмез. Оның айтуына қарағанда, Жапония басқа мемлекеттермен салыстырғанда жоғары сапалы технологияға келгенде өз-өзін шектемейді. Сондықтан да ол Токиода ашылған 4IR-орталыққа зор үміт артып отыр.

Бүкіләлемдік экономикалық форум мен Жапония арасындағы жемісті келіссөздерді дамыту үшін WEF жақында Intel компаниясының бұрынғы басшысы Макико Эданы Жапониядағы WEF кеңсесінің басшысы етіп тағайындады.

Жапония үкіметі Төртінші индустриалды революция 5.0 Қоғамға әкелетініне сенімді. Бұл өз кезегінде адамдарға тек пайда әкелуге негізделмек. Эданың айтуынша, Төртінші индустриалды революция қазіргіден де қауіпсіз әлем құруға септігін тигізетін болады және халықтың болашақты алаңдамай өмір сүруіне әкеледі.

«Менің ойымша, Жапониядағы жоғары технологиялар Төртінші индустриалды революцияны тиімді басқарып, Токиодағы жаңа орталық дұрыс бағытқа жылжуға көмектесетін болады. Төртінші индустриалды революция біздің өмірімізге, жұмысымызға, кез келген салаға әсер етеді және ол басталып та кетті. Бұл кезең жаңа технологиялар арқылы әлеуметтік проблемаларды да шешуге септігін тигізуі керек», - дейді Эда.

«Интернет мәліметтер арқылы Жапония барлық қоғамды қамтыған бірінші мемлекет бола алады. Тұтынушылар инновациялармен бірге алға жылжитын болады. Жапония сол арқылы басқа мемлекеттерге үлгі бола алады. Сол себепті біз таңдауымызды Жапонияға түсіріп отырмыз», − дейді Зонмез.

Біз жоғарыда айтқан фантастиканы елестетіп, алаңдаудың еш қажеті жоқ. Жапония, Бүкіләлемдік экономикалық форум мен басқа да тараптар Төртінші индустриалды революцияның адамзат игілігі үшін жұмыс істегеніне мүдделі. Сондықтан да машиналардың «ақылды» болғанына куә болып, соның қызығын көріңіз. Олар сіздің өміріңізді жеңілдете алады.

0 пікір
Мұрағат