Жаһан: Түркия долларсыздандыру саясатын қолға алды
Жаһан: Түркия долларсыздандыру саясатын қолға алды
7 жыл бұрын 2452 egemen.kz Baq.kz jasqazaq.kz e-islam

Түркияда долларсыздандыру саясаты аясында бұдан былай елдегі барлық тендер тек түрік лирасымен ғана жүргізіледі, деп хабарлайды Haberler басылымы Түркия жекешелендіру мәселелері бойынша әкімшілігіне сілтеме жасап.

Тек енді қолға алынатын тендерлер емес, сонымен қатар қазір келісімшарты дайындалып жатқан тендерлік сауда да тек ұлттық валютамен есептесетін болады.

Стамбул биржасы 2 желтоқсан күні барлық операцияны лирамен жүргізіп, жиналатын қорды да тек ұлттық валютамен сақтау туралы шешім қабылдаған еді.

Президент Ердоған бұдан сәл ертерек ел азаматтарын тек түрік лирасымен ғана жұмыс істеп, артық ақшаны да өз валюталарында сақтауға шақырған.

Сонымен қатар, Түркияның сауда палатасы да аталған бастамаға қосылды. Ведомства басшысы Ибрагим Чағлардың айтуынша, ел аумағында сауда палатасы тек түрік лирасын қолданбақ.

Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Ердоған Түркияның Ресеймен, Қытаймен және Иранмен арадағы саудасында тек осы мемлекеттердің валютасы қолданылатынын мәлімдеген еді.

ГУМАНИТАРЛЫҚ ШЫҒЫНДАР РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШКЕ ЖЕТТІ
2017 жылы 33 мемлекеттің 93 миллионға жуық тұрғынына 22,2 миллиард доллар гуманитарлық көмек қажет. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы мәлімдеді.
 

Аталған халықаралық іргелі ұйым мәліметінше, бұл рекордтық көрсеткіш болып отыр. Өткен жылы мұның сомасы 20,1 миллиард долларды құраған.

БҰҰ бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Стивена О'Брайенның айтуынша, әлемдегі халықтың көпшілігі ұзаққа созылған дағдарыс салдарынан гуманитарлық көмекке мұқтаж. Мұқтаж халықтың үштен бір бөлігін Сирия, Йемен, Ирак және Ауғанстан елдерінде саяси және экономикалық тұрақсыздықтың зардабын шегуші тұрғындар құрайды. Әлем бойынша гуманитарлық көмекке зәрулік көрсеткіші ұлғайып келеді, ал гуманитарлық ұйымдардың мүмкіншіліктері шектеулі, адам құқықтарын бұзу фактілері жиі орын алады, сондай-ақ, халықаралық гуманитарлық заңнама да аяқасты болуда.

Өзбекстан 27 елдің туристеріне визаны алып тастады

Президенттің Қаулысына сай, 2017 жылдың 1 сәуірінен бастап Өзбекстанға Аустралия, Аустрия, Британия, Германия, Дания, Испания, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Сингапур, Финляндия, Швейцария мен Жапония азаматтары 30 күнге дейін визасыз кіре алады.

Сонымен қатар, Бельгия, Индонезия, Қытай, Малайзия, АҚШ, Франция, Вьетнам, Израиль, Польша, Венгрия, Португалия мен Чехияның 55 жастан асқан азаматтары 30 күн бойы визасыз жүре алады.

Өзбекстан президентінің Қаулысында электронды виза мәселесі де қарастырылған.

Қаулыға сай 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін Ташкент, Самарқанд, Бұқара мен Үргеніш қалаларының әуежайында «электронды дәліз» орнатылып, Туризмді дамытудың мемлекеттік комитеті құрылады.

Қазіргі таңда Өзбекстанға жылына екі миллион турист барады.

Боливияны ширек ғасырда болмаған құрғақшылық жайлап тұр (Видео)

Боливияда фермерлермен қатар жергілікті үндістер де қуаңшылық зардабын тартып отыр. Өйткені, елдегі ең ірі тұзды көлдің бірі Поопо құрғап қалған. Соның салдарынан су қоймасы жағалауында балық аулап күн көріп жүрген байырғы тұрғындар енді нәпақа табу үшін өзге өңірлерге қоныс аударуға мәжбүр.

Негізі мамандар бұл экологиялық апат жайлы дабыл қағып, талайдан бері ескерту жасап келген болатын. Енді елді соңғы ширек ғасырда болмаған құрғақшылық жайлап тұр. Бұл аздай, жақын маңдағы шахтадан төгілген қалдықтар да жығылған үстіне жұдырық болды.

Даниэль Маурицио, жергілікті тұрғын:
— Біз осы көлден тұз жинап, оны сатумен айналысып келгенбіз. Алайда, соңғы жүргізілген сараптама нәтижелері көңіл көншітпейді. Олар бұл тұзды пайдалану адам денсаулығы үшін аса қауіпті екенін көрсетіп отыр.

Грегория Флорес, жергілікті тұрғын:
— Ер-азаматтар тиын-тебен табу үшін өзге жерге бас сауғалап кетті. Сондықтан, қазір мұнда тек әйелдер мен балалар ғана қалған.

0 пікір
Мұрағат