Жаһан: Төрт маймыл баласының кесірінен екі елдің қатынасы одан ары ушығып кетті
Жаһан: Төрт маймыл баласының кесірінен екі елдің қатынасы одан ары ушығып кетті
9 жыл бұрын 4888

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын Мысыр астанасында өткен Араб елдері лигасының мәжілісінде Швецияның сыртқы істер министрі Маргот Валстрем (Margot Wallstrem) Сауд Арабиясының билігін адам құқығының бұзылуына жол беріп отыр деп айыптап, сынға алған болатын. Осыған байланысты екі елдің арасы ашылып, аталмыш мәселеге саяси дау-дамай өршіп кеткен еді. Бұл талас-тартыс маймылдарды да айналып өтпеді. Нақтырақ айтқанда, Скандинавия түбегіндегі осынау елдің хайуанаттар бағынан Сауд Арабиясына 4 маймылдың баласы әкелінуі тиіс болатын. Алайда, Сауд Арабиясы Швециядан келген бұл маймылдарды қабылдаудан бас тартып, елге енгізуге тыйым салды. Осылайша, екі ортада түк жазығы жоқ маймылдың балалары «саяси құрбанға» айналды. Оңтүстік Америкада өсіп-өнетін бұл маймылдар жөніндегі келісім Швеция сын айтпай тұрып бекітілген болатын. Маймыл балаларының әрбіреуінің салмағы 100 грамнан аспайды.

 

Түрік тілшілері Charlie Hebdo карикатурасын басып көшіргені үшін жауапқа тартылады

Түркияда шығатын Cumhuriyat басылымының тілшілері Хикмет Четин мен Жейд Каран француздардың Charlie Hebdo сатиралық басылымының мұқабасында жарық көрген Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) карикатурасын көшіріп басқаны үшін жауапкершілікке тартылуда. Charlie Hebdo-ге қолдау білдіргені үшін олардың үстінен 1280 адам сотқа шағым түсірген болатын. Олардың ісін қараған Ыстамбұл прокуратурасы ата дініне опасыздық жасағандарды абақтыға жабуды талап етуде. Яғни, «діни құндылықтарды қорлағаны» үшін 1,5-нан 4,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. 

 

Блогын танымал ету үшін туған ұлын өлтірді

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласының Лэйси Спирс есімді 27 жастағы тұрғыны блогын танымал ету мақсатында туған ұлын өлтіргені үшін аттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жайында Metro.co.uk ақпарат көзі хабар таратты. Ол бес жастағы ұлы Гарнетке көп мөлшерде тұз беріп, онысын блогында жазған, яғни, ұлының «құпия ауруы» туралы жазба қалдырған. Прокурор көмекшісі Дорин Лойнның мәлімдеуінше, анасы ұлын «елдің назарын өзіне аудару» мақсатында өлтірген. Тергеу мәліметіне қарағанда, ұлын өз қолымен өлтірген әйел әпенделік әрекеттерімен талай ұрпақтың сүйікті кейіпкеріне айналған Мюнхгаузен синдромымен сырқаттанатын болып шықты. Яғни, өзге біреуге қамқор болмаса тұра алмайтын, алайда, қамқорлығындағы адамнан айырылып қалмау үшін түрлі ауруларды ойдан шығарып, оған «жапсырып», емдеп-жазуға ұмтылады. Анасының қолынан көктей солған баланың әкесі кезінде жол-көлік апатынан көз жұмған екен.

 

Исламофобиялық материалдарды оқушыларға таратқан мұғалім жазаға тартылады

Техас штатындағы мектептердің бірінде сабақ кезінде мектеп оқушыларына исламофобияны насихаттайтын материал таратқан педагог осы әрекеті үшін тәртіпке шақырылатын болды. Аталмыш мектеп әкімшілігі 8 беттен тұратын исламға қарсы материалды таратуға рұқсат бермегенін алға тартып отыр. Бұл жайында The Daily Mail ақпарат көзі хабар таратты. Ричмонд елді-мекеніндегі Фостер білім беру мекемесінің аға мұғалімі (аты-жөні айтылмаған – ред.) оқушыларға «Ислам/Радикалды ислам» деген тақырыптағы материалды таратқан. Онда «мұсылмандардың 38 пайызы діннен шыққандарды жазалау керек деп санайды» және «радикалды исламды ұстанатындар қарасы 190-300 млн адамды құрайды» деп жазылған. Оқушылардың бірі бұл материалды ата-анасына көрсеткен, ал олар болса Америка-Ислам қатынасы жөніндегі кеңесіне хабарласқан екен.

 

Кектенген христиандар мұсылмандарды қырып жатыр

Нигерияның мұсылман жамағаты «Боко Харам» тобының содырларынан өздері де қуғын-сүргін көріп, жапа шегіп отырғанына қарамастан осы елдегі аталмыш радикалды топқа кектенген христиандар «таз ашуын тарақтан аладының» керін келтіріп, мұсылмандарды өлтіріп жатыр. Бұл жайында International Business Times ақпарат көзі хабар таратты. Нигерияның солтүстігіндегі тұрғындардың бірі жергілікті бұқаралық ақпарат құралының тілшісіне христиандар тұратын елді-мекенге кеткен мұсылман досының әйелінің жансыз денесінің өзеннен табылғанын айтып берді. Адамава штатының мұсылмандар кеңесінің мүшесі Салих Атику қолында сәбиі бар қарындасының жергілікті христиандардың қолынан қаза тапқанын жеткізді. Қандары қарайып, көздеріне қан толған жергілікті христиандар анасын да, сәбиін де аямаған. «Христиандардың ойынша, «Боко Харамды» мұсылмандар әдейі шақыртқан христиандарды өлтірту үшін. Сол себепті, әр мұсылман олардың нысанасына айналды»,- деді ол сөзінің соңында.

 

Жазасын өтеп шыққан әйелдерге үйленуге үндеді

Дәулеті асқан саудиялық бизнесмен отандастарын жазасын өтеп шыққан әйелдерге үйленуге үндеді – оларды қалыпты өмірге қайтару үшін. Бөріктілерге осындай үндеу тастаған Фаһд Сағат әл-Жұһани есімді кәсіпкердің үш әйелі бар және барлық әйелінен перзент сүйіп отыр. Жуырда ол өзгелерге үлгі көрсеткісі келгендей бұрын қылмыскер болған әйелді тоқалдыққа алды. Бұл жайында The Saudi Gazette ақпарат көзі хабар таратты. Ол бұл қадамын: «Ер адамдардың күнәсі мен қылмысын кешіреміз де әйелдерге келгенде неге мұны істемейміз?» деп түсіндірді. Ол түрмеге отырып келген әйелге үйленіп қана қоймай, жазасын өтеп шыққан ақ жаулықтыларға көмектесетін, яғни, азат өмірге бейімдейтін арнайы қайырымдылық қорын құруға бел байлап отыр. Саудиялық неке қиюшы Зиада Сағат әл-Мағауи де бизнесменнің бұл бастамасын қолдап отыр. Ол бұрын некеден тыс төсек қатынасына барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеп жатқан ер мен әйелдің некесін түрме қабырғасында қиғанын есіне алды.

 

8 000 мұсылманның қанын мойнына жүктеген қылмыскер ендігі қалған өмірін түрмеде өткізеді

Босниялық сербтер армиясының қолбасшылығында әскербасының орынбасары әрі 2012 жылы диктатор Ратко Младичтің (Ratko Mladich) сенімді серіктерінің бірі болған Здравко Толимирді (Zdravko Tolimir) 8000 мұсылманның қанын мойнына жүктеген қылмысы үшін Гагадағы трибунал оны өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оған «мұсылмандарға қарсы геноцидті ұйымдастырды» деген айып тағылған болатын. 

 

«Мұсылмандарды мойындау күні»

Жуырда АҚШ-тың Айова штатындағы мұсылмандар жамағатының жетекшілері «Капитолидегі мұсылман күні» деген атпен шара ұйымдастырды. Мақсаты осы штаттағы діни азшылықты құрайтындар мен мемлекет арасындағы қатынасты реттеуге саяды. Аталмыш акция осымен екінші жыл қатарынан өтіп отыр. Айова штатының губернаторы Терри Бранстад (Terry Branstad) сәуірдің 8-і күнін штатта «Мұсылмандарды мойындау күні» деп жариялайтын арнайы құжатқа қол қойды.

0 пікір
Мұрағат