Жаһан жаңалықтары: Копенгагенде дизайны ерекше мешіт ашылады
Жаһан жаңалықтары: Копенгагенде дизайны ерекше мешіт ашылады
9 жыл бұрын 3554

Копенгаген қаласының әкімдігі мұсылмандардың Islamisk Trossamfund тобының осы заманғы мешіт салуға қатысты түсірген арызын қанағаттандыратын болды. Жобасын Henning Larsen Architects сәулет фирмасы сызған жаңа мешіт Дания астанасының солтүстік-батысында тұрғызылатын болды. Атаалмыш шаһардағы мұсылмандар жамағатының құлшылық үйінің құрылысы келесі жылдың, яғни, 2016 жылдың ақпан айында аяқталады.

 

Испаниядағы сайлауға мұсылмандар партиясы да қатысады

Испаниядағы мұсылмандар жамағаты мен өзге де діни және этникалық азшылықты құрайтындардың құқығын қорғаумен айналысатын саяси партия алда келе жатқан, дәлірегі, наурыз айының 22-і күні өтетін Андалузиядағы сайлауға қатысатынын жария етті. Тек бұл сайлауға ғана емес, сонымен қатар, үстіміздегі жылдың мамыр айының 24-і күні өтетін муниципалдық және аймақтық сайлауларға да қатысатын болады. «Біздің міндетіміз – мейлі ол сыған болсын, шетелдік болсын, мұсылман немесе иудей болсын, олардың талап-тілегін ел билігіне жеткізу», - деді аталмыш партия мүшесі, ислам дінін қабылдаған испандық Мануэль Бужейро ANSA ақпарат көзіне берген сұхбатында. Осылай деген ол нәсілшілдікпен, қандай да бір кемсітушілікпен және исламофобиямен күресті жалғастыратындарын мәлімдеді. Діни және этникалық азшылықты құрайтындардың құқығын қорғаумен айналысатын PRUNE партиясының бөлімшелері Мадрид, Валенси, Толедо, Кадис және Сеут қалаларында ашылды. Ал оның штаб-пәтері Астуриас шаһарында орналасқан. Айта кетейік, Сеута мен Мелиля қалалары тұрғындаарының шамамен 40 пайызын мұсылмандар құрайды. 

 

Химиялық шабуылдан ондаған бейбіт тұрғын опат болды

Әлемге әйгілі «әл-Жазира» ақпарат көзінің Сириядағы әскери ұрыстың барысын қадағалап отырған адам құқығы жөніндегі топтың мәліметіне сілтеме жасай отырып таратқан хабарына қарағанда Сирияның Идлиб провинциясына қарасты Тахарим шағын қаласында химиялық қаруды қолданған үкімет авиациясының шабуылынан 13 тұрған қаза тапқан. Сол маңдағы елді-мекенде тағы алты адам осы шабуылдан көз жұмған. Шабуыл нәтижесінде қаза тапқан алты адам да бір отбасынан. Қаза тапқандардың үшеуі – бала. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бейбіт тұрғындар гаазбен уланып, қаза тапқан. 

 

ОАР-да 417 мешіт қиратылған

Жуырда Орталық Африка Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтқан Біріккен Ұлттар Ұйымындағы АҚШ елшісі Саманта Пауэр соңғы айдың өзінде бұл елде «Анти-Балака» деп аталатын радикалды христиан содырларының 436 мешітті қиратып тастағанын мәлімдеді. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. АҚШ өкілі ел астанасында қалған жалғыз мұсылман орамында болғанын, ондағы мұсылман отбасыларының үреймен күн кешіп жатқанын жеткізді. Көшеге басқа орамал тартып шығудың өзі басын қатерге тігумен бірдей әрекет болып саналатын бұл елде айы-күні жеткен мұсылман әйелдері үйде босануға мәжбүр болып отырғанын да жайып салды. Қазіргі уақытта ОАР-да БҰҰ-ның 8 мыңдай бітімгершілік күштерінің сарбаздары болғанымен, олар мұсылмандардың еркін жүріп-тұруын былай қойғанда, олардың қауіпсіздігін жөнді қаамтамасыз ете алмай отыр. 

 

Биыл сукук нарығы үшін табысты жыл болуы мүмкін

Халықаралық Moody’s рейтинг агенттігінің мамандарының топшылауынша биыл, яғни, 2015 жыл әлемдік сукук (ислами құнды қағаз) айналымы мұнай экспорттайтын араб елдерінің және Малайзияның аталмыш нарыққа шығуына байланысты жанданады. Айта кетейік, өткен жылы, яғни, 2014 жылы әлем бойынша сукуктың айналымы 2013 жылмен салыстырғанда едәуір азайған болатын: яғни, 2013 жылы – 120 млрд долларды құраса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 114 млрд доллардан асқан жоқ. «Әлемдік инвесторларға деген сұраныс пен ислами инвестиция өтімділігінің артуы өз кезегінде сукукке деген сұранысты арттырады. Мұсылман және мұсылман емес елдер тарапынан көрсетілген қолдау да сукук айналымын арттыруға септігін тигізеді»,- деді Moody’s сарапшысы Халид Хауладар.

 

Ұйқыда жатқан мұсылман отбасына шабуыл жасалды

АҚШ-та тағы мұсылмандарға қатысты тағы бір оқыс оқиға орын алды. Дәлірегі, Солтүстік Каролина штатында дүйсенбіден сейсенбіге қараған түнінде белгісіз біреулер шырт ұйқыда жатқан мұсылман отбасына оқ жаудырған. Мекленбург округіндегі Шарлотт қаласында орын алған осынау шабуылдан екі баланың анасы ауыр жарақат алды. Ал қыылмыыстың не себепті жасалғаны әлі анықталған жоқ. Тексеру амалдары жүріп жатыр. Өткен жылдың ақпан айында дәл осы штатта қаскүнем үш мұсылман студентін атып кеткен болатын. Бұл жайында WBTV ақпаарат көзі хабар таратты.

 

Үндістан халқы әйелдерді зорлауға қарсылық білдіріп ереуілге шықты

Үндістанның Калькутта қаласында ірі ереуіл өтіп жатыр. Халық 75 жастағы монах әйелді зорлаған топты тауып, жазасын беруді талап етуде. Бұл жайында nur.kz аақпарат көзі Астана арнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Рейтерс ақпарат ресурсының хабарлауынша, халық әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тоқтаталсын деген ұран көтерген. Жаға ұстатар оқиға Калькуттада орын алған. 12 қарақшы христиан миссионерлік мектебіне баса көктеп кіріп, ойран салған. Зорлық көрген қарт әйел қазір ауруханада. Мектеп қызметкерлері оқиғаға дейін әлдебіреулердің қоқан-лоқы көрсетіп жүргенін айтып, полицияға шағымданған. Полицияның пайымынша, қылмыскерлер өш алу мақсатымен келуі мүмкін. Ұрылар сонымен қатар, ақша, ұялы телефон, компьютер, фотоаппарат сынды мектептің бірталай мүлкін қолды еткен. Жергілікті тәртіп сақшылары оқиғаға қатысы бар деген күдікпен екі адамды тұтқындады. Еске сала кетейік, Нью-Делиде Қазақстан азаматшасы да зорлық құрбаны болғаны туралы кеше ақпарат шықты. 27 жастағы қыз Үндістанға іс-сапармен барғаны белгілі болды. Жергілікті полиция күдікті деген үш адамды ұстаған. Ал кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі отандасымыздың құқын қорғау үшін тиісті шаралар жүргізіп жатқанын хабарлады.

 

ПӘКІСТАНДА ХАЛАЛ ӨНІМІНЕ АРНАУЛЫ ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ

Пәкістанның Карачи қаласындағы Химия-биологиялық ғылымдар Халықаралық орталығында азық-түлік, фармацевтикалық және косметикалық өнімдерді тексеруге арналған зертхана ашылды.
Мұхаммед Икбал Чодри есімді профессор бұл зертхана халал сертификатын беруде маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ мемлекеттің маңызды саласына өзіндік үлес қосатынын атап өтті.
Зертханада білікті мамандардың жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайлар жасалған. Себебі, аталмыш ғимарат Химия-биологиялық ғылым орталығының мықты ғылыми-зерттеу платформасына сай жабдықталуда.
Орталық сонымен бірге алдағы уақытта халал саласында еңбек етуші компанияларға сауда-саттық, фармацевтикалық және косметика тауарларының әлемдік деңгейде халал стандартына сай дамып, алға жылжуы үшін жоғары білімді, білікті мамандар қызметкерлерімен де қамтымақ.

 

Тунисте лаңкестер 20 туристі өлтіріп тастады

Тунистің музейінде болған лаңкестік оқиғаның салдарынан 22 адам қаза тапты. Олардың 20-сы шетел азаматтары деп жазады BBC News.
Қайтыс болғандар Италиядан, Испаниядан, Польшадан, Германиядан және Колумбиядан келген туристер. Тағы екі азамат жергілікті тұрғындар, бірі - полиция қызметкері.
Айта кетейік, суық қаруланған кеше белгісіз біреулер Тунис парламентінің жанында орналасқан музейге шабуыл жасаған болатын. Олар мәдени орталыққа келгендерге қарата оқ жаудырған, тірі қалғандарын кепілдікке алды.
Мұнан кейін қауіпсіздік күштері ұйымдастырған операциядан кейін лаңкестердің көзі жойылып, кепілдегілер босатылды. Әзірге Тунис билігі болған жайтқа еш пікір білдірген жоқ.

0 пікір
Мұрағат