Жаһан жаңалықтары: Австралия премьер-министрінің әрекеті мұсылмандардың наразылығын тудырды
Жаһан жаңалықтары: Австралия премьер-министрінің әрекеті мұсылмандардың наразылығын тудырды
2 жыл бұрын 688

Австралияның ондаған ислам ұйымдары мен діни жетекшілері осы елдің премьер-министрі Тони Эбботтың мұсылман жамағатының үреймен күн кешуіне түрткі болған қадамын қатаң сынға алып, мәлімдеме жасады. Бұл жайында The Age ақпарат көзі хабар таратты. «Біз «контртерроризм» тарыл заңның тетіктерімен мұсылмандарға қарсы қасақана жүзеге асырылатын іс-әрекеттерді айыптаймыз», деп айтылған 64 ұйым мен 42 қоғамдық және діни ұйымдардың бірлескен мәлімдемесінде. «2014 жылдың соңында қабылданған заң мұсылмандар үйіне жасалатын оппортунистік рейдтерді ақтап алу үшін пайдалануда, сондай-ақ, аталмыш заң мұсылмандарға, әсіресе, әйелдер мен балаларға қарсы қастыққа пара-пар ахуал тудырып, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамда дүрбелең тудырды»,- деп айтылған тағы бір жерінді. Естеріңізде болса, өткен жылдың аяғына таман өз алдына бір құрлықты алып жатқан Австралияда діни азшылықтың (мұсылман жамағатының) құқығын аяқ асты етуі мүмкін арнайы заң жобасының қаралып жатқанын, егер бұл заң жобасы қабылданып кететін болса, шикілігі мен олқы тұсы көп осы заңды бүркеніп, терроризмді желеу етіп, мұсылмандарға қарсы науқан ұйымдастырылуы мүмкін екенін ескертіп, хабар таратқан болатынбыз.
Осман қағанатының негізін қалаған Сүлейменнің сүйегі әкетілді

Естеріңізде болса, кеше, яғни, үстіміздегі жылдың ақпан айының 23-і күні сайтымыздың жаңалықтар бөліміндегі «жаһан жаңалықтары» айдарымен берілетін жаңалықтар топтамасында Түркияның Шам жерінде Осман империясының негізін қалаған Сүлеймен Шаһтың сүйегі қойылған кесенені күзететін сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сирияда әскери операция өткізгенін хабарлаған едік. Сенбі күні басталған кең ауқымды әскери операцияға он артиллерия, 600-ге жуық әскери қызметкер және әскери ұшақтар қатысты. Түрік парламенті аталмыш әскери операцияны жүргіхуге өткен жылдың қазан айының бас кезінде рұқсат берген болатын. Десе де, Сирия билігінен ресми рұқсат алмаған болатын. Осыған байланысты Сирия билігі түріктердің бұл қадамын айыптап отыр. Ал Түркия билігі өз кезегінде өздерінің рухани әрі ұлттық мұрасын қорғау үшін осындай қадамға барғандарын айтып, ақталуда. Түрік сарбаздары Сүлеймеен Шаһтың сүйегін қазып алып, Шам жеріндегі шекараға жақын орналасқан Ешме аймағына алып кетті. Сүлеймен Шаһ 1227 жылы Ракка провинциясында жерленген болатын. Оның сүйегі осымен бірнеше рет қазып алынып, жерленген еді. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, түріктер Сирия билігін ИСИМ содырларын оппозицияға қарсы күресте қолшоқпар етіп, пайдаланып отыр деп айыптады. Нақтырақ айтқанда, Түркия президентінің ресми өкілі Ибрагим Қалың осындай мәлімдеме жасады. «Башар Асадтың әскері оппозицияны бомбаның астына алып отыр. ИСИМ содырларын неге жайына қалдырады?»,- деді ол мәлімдемесінде.

 

Ирак тарихында тұңғыш рет әйел адам қала әкімі болып тағайындалды

Ирак тарихында тұңғыш рет әйел адам қала әкімі болып тағайындалды. Жай қала болса, бір сәрі – Бағдат шаһарының әкімі әйел адамнан болатыны әлем жұртшылығын елең еткізді. Бұрын жоғары білім беру министрлігінің атқарушы директоры қызметін атқарған Зикра әл-Вищ бұл лауазымды қызметіне үстіміздегі жылдың ақпан айының 22-і күні кіріскен.
Мұхаммед Әли мен Сони Листонның қолғабы 965 мың долларға сатылды
Baq.kz ақпарат көзінің Heritage Auctions аукцион үйінің ресми порталына сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда әлемге әйгілі боксшы Мұхаммед Әли мен 1965 жылы оның қарсыласы атанған Сони Листонның қолғабы Нью-Йорктегі бәссаудада 956 мың долларға сатылған.
Сарапшылар саудаға шығарылмас бұрын қос қолғаптың құны миллион доллардан асады деп болжаған болатын. Бірақ, миллионерлер спорттық жәдігерге аса қызығушылық таныта қойған жоқ. Оларды сатып алған азаматтың аты да жасырын сақталып отыр. Айта кетейік, Әли мен Листон арасындағы матч-реванш 1965 жылдың 25 мамырында Мэн штатындағы Льюистон қаласында өткен болатын. Ол кезде Кассиус Клей деп әлемге танылған Әли алғаш рет "Мұхаммед Әли" деген атпен рингке көтерілді. Әли Листонда жекпе-жектің алғашқы раундында нокаутқа жіберіп, әлем чемпионы атағын сақтап қалған. Ал, қос боксшының қолғабын ол кезде рингте төрелік еткен рефери Джордж Руссо өзімен бірге алып кеткен екен. Араға ондаған жыл салып ол жәдігерді калифорниялық коллекционерге сатқан.

 

Қытай Үндістанға наразылық нотасын жолдады

Қытай үкіметі Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің даулы аймақ – Аруначал-Прадеш штатына барғанына байланысты наразылық нотасын жіберді, себебі, Бейжің бұл аумақ Тибетке тиесілі деп санайды.
Бұл туралы ВВС агенттігі хабарлады. Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ҚХР Сыртқы істер министрлігі Үндістан елшісін шақыртып, үнділердің үкімет басшысы сол аумаққа баратын болса, Қытайдың шекаралық тұтастығын бұзған болып есептелетінін ескерткен. Алайда, Моди жұма күні Аруначал-Прадешке аталған аумаққа штат мәртебесінің берілгеніне 28 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараларға қатысу үшін барып, Қытай билігінің ескертпесіне елең қылған жоқ. Еске сала кетейік, аталған мәселе бойынша 1962 жылы Үндістан мен Қытай арасында қарулы қақтығыс орын алған болатын.

 

Содырлардың беталысы жаман

Адам қанын судай ағызғандарымен қоймай неше ғасырлық тарихы бар жәдігерлер мен көненің көзіндей болған ескерткіштерді қиратып, мазарларды жарып, аты шыққан ИСИМ содырлаарының кеше VII ғасырда салынған екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб атындағы мешітті жермен-жексен қылғанын хабарлаған едік. ИСИМ содырлары бұл жолы Шам жеріндегі әлемдегі ең ежелгі кітапханалардың бірін отқа орады. Бұл арада жарты жылдан бері ИСИМ баскесерлері бақылауда ұстаған Мосулдегі орталық кітаапхана жайында сөз болып отыр. Үш қабатты аталмыш кітапхана ғимаратын жарып жібергенімен қоймай ақыл-ой кеніші болып табылатын кітаптарды түгелдей өртеп жіберді. Сирек кездесетін, аса құнды қолжазбалар да жанып кетті. Кітапхана қызметкерлерінің есептеуінше 10 мың томға жуық кітап отқа оранған. ИСИМ қанышерлері осы уақытқа дейін 100 мыңнан аса кітапты осылайша жоқ қылды. 

 

Мысыр президенті араб елдерінің ортақ әскерін құруды ұсынды

Мысыр президенті Әбдіфаттаһ әл-Сиси араб елдерінің бірлескен қарулы күштерін құру қажеттігі күн сайын артып келе жатқанын мәлімдеді. Ақпанның 22-сінде теледидардан сөйлеген әл-Сиси бірлескен әскер құру аймақта ислам экстремизміне қарсы күресуге мүмкіндік тудыратынын айтты.
"Мысыр қажет деп тапса, араб елдерімен бірлесе отырып өзін және аймақты қорғайды" деді ол. Мысыр президенті Иордания мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өткен аптада "ИСИМ" экстремистерінің қолынан 21 мысырлық христиан қаза тапқаннан кейін Мысырға әскери көмек ұсынғанын айтты. "Аймақ пен елдерімізге үлкен қауіп-қатерлер төніп тұр. Біз оларға бірлесіп тойтарыс бере аламыз",- деді әл-Сиси.- сөзінің соңында.
Бангладеште паром апатынан 66 адам қайтыс болды
Бангладеште паром апатқа ұшырап, кемі 66 адам қаза тапты. Бұл жайында Reuters ақпарат ресурсы жергілікті полиция өкілдеріне сілтеме жасап, хабар таратты.
Бұл қайғылы оқиға Падма өзенінде орын алған. Даулатди қаласынан Патурия қаласына бет алған паром траулерге соқтығысып аударылып қалды. Апат болған сәтте су көлігінде барлығы 150-ден астам жолаушы болыпты. Қазіргі таңда 50 адамның құтқарылғандығы белгілі. Қайтыс болғандардың жартысынан астамы әйелдер мен балалар. 43 адамның мәйіті жағаға шығарылған және тағы 23 мәйіт су астында жатыр. Құтқарушылар қазір өзге адамдарды іздестіру үстінде. Полиция болған жайттың себеп-салдарын анықтауға кірісіп кетті. Траулердің капитаны мен экипаждың екі мүшесі қамауға алынған. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Швейцарияда пойыздар соғысуынан 49 адам зардап шекті
Швейцарияда пойыздардың соғысуы салдарынан екі составтан бірнеше вагон рельстен шығып кетті. Бұл туралы Швейцария федералды темір жолдар мен жергілікті полиция өкілдерінің деректеріне сілтеме жасаған ВВС (Би-би-си) радиостансасы хабарлады.
Апат жергілікті уақыт бойынша таңғы 6:45 сағат шамасында Цюрихтің солтүстік жағынан 30 шақырым жердегі Рафц деген коммуна тұсында орын алған. Рейтер ақпарат агенттігінің дерегінше, кем дегенде 49 адам зардап шеккен. Алдын ала алынған мәлімет бойынша бұл апат Рафцтан Шаффхацзенге қарай шыққан қалааралық составы мен Цюрихке бет алған жүрдек пойыз арасында болған. Қазіргі таңда желіде пойыздардың қозғалысы қиындап тұр. Швейцария темір жолының басшылығы осы бағыттарға қосымша жолаушылар автобустарын аттандырып үлгерді. Апат болған жерде құтқарушылар жұмыс жасап жатыр. Билік, сондай-ақ, барлық аймақтардан медициналық бригадаларды жеткізуде.

0 пікір
Мұрағат