Израил ұсынды, Сауд Арабиясы бас тартты?
Израил ұсынды, Сауд Арабиясы бас тартты?
9 жыл бұрын 3289

Израил Сауд Арабиясына қантөгіс пен қақтығыс орын алған Йеменмен арадағы шекараға орнатуы үшін «Темір күмбез» деп аталатын зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің технологиясын ұсынды. «Израил үні» ақпарат көзінің хабарлауынша, бұл ұсыныс үстіміздегі жылдың мамыр айының орта шенінде Иордания астанасындағы АҚШ елшілігінде өткен құпия кездесуде айтылған екен. Бұл кездесуге Израил өкілдері мен Израилмен қандай да бір дипломатиялық ресми қатынасы жоқ белгілі бір араб елдерінің дипломаттары қатысқан. Осы кездесу барысында араб дипломаттары Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері бойынша Израилмен ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізген. Ал Ұлыбританияда араб тілінде хабар тарататын «Рай әл-Яум» басылымының таратқан ақпаратына қарағанда, Сауд Арабиясы Израилдің зымыран жүйесінен бас тартқан. Айта кетейік, «Темір күмбез» – төрт шақырымнан 70 шақырым қашықтыққа дейін зеңбірек оғы мен басқаруға келмейтін зымырандарды аулауға арналған тактикалық зымыран жүйесі. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне қарағанда, үстіміздегі жылдың наурыз айының 19-нан бері осы уақытқа дейін қарулы қақтығыстан 1800-ден аса қаза тапқан, 7300-ден аса адам жарақат алған. Біршама уақыт бұрын аятолла Али Хаманейдің жақын әскери кеңесшілерінің бірі, генерал-майор Яхья Рақым Сафауи Сауд Арабиясының билігінің атына сын айтқан болатын. Оның айтуынша, Сауд Арабиясы АҚШ пен Израилдің мүддесі үшін Йеменде соғыс ашып, аймақтағы қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отыр. АҚШ пен Батыс елдері бұл соғысқа тікелей араласпай, өзге біреудің қолымен от көсеп, мұсылмандардың арасына от тастауды мақсат еткен.   

 

0 пікір
Мұрағат