ИСИМ содыры жаңадан некелескен әйелін басқа біреудің қойнына салып берген...
ИСИМ содыры жаңадан некелескен әйелін басқа біреудің қойнына салып берген...
2 жыл бұрын 4617

Тегі түрік, бірақ Нидерланды азаматы саналған ИСИМ содыры Өмер Йылмаз өзінің жаңадан үйленген қалыңдығын үш ай өткен соң басқа бір содырға ұсынған.

Нидерланды бұқаралық ақпарат құралдарында 19 жастағы Айша есімді қыздың ИСИМ содырлары арасында бастан кешкен оқиғалары қызу талқыда. Бұл жайында BBC сайты хабарлайды.

Ата-анасынан бөлек Нидерландының Маастрихт қаласында тұратын Айша әуелі «Стерлина» есімді бір қыз еді. Оның мұсылмандықты қабылдап, Айша есімін алуына және күрт өзгеруіне әлеуметтік желі әсер еткен. Ол Өмер Йылмазбен әлеуметтік желі арқылы танысып, ғашық болады. Өмер ол кезде Нидерланды әскерінің сарбазы еді. Өмер Йылмаздың уағыз-насихаттарынан қатты әсерленген ол қысқа уақыттың ішінде қараға оранып, чаршап киеді, атын өзгертеді, радикалдық бағытқа қарай ауа бастайды. Ата-анасымен қарым-қатынасы да бұзылады. Сирияға «жиһад» деп аттанып кеткен ғашығының соңынан бару үшін ол жолға да жинала бастайды. Алайда, оның бұл дайындығын сезіп қойған Маастрихт әкімдігі Айшаның паспортын алып қояды. Бірақ бұлардан қыздың айласы асып, Айша Түркия және Еуропа Одағы мемлекеттеріне кіруге жарамды куәлікпен өткен жылдың ақпан айында елден шығып, пойыз арқылы Түркия асып кетеді.

Осылайша, Түркиядан Сирияға өткен ол ғашығына жетеді. Екі-үш күнде некелерін қиып алып, 3 айдай «бал күндерін» өткізеді. Үш айдан соң Айшадан жалыққан Өмер қалыңдығын «тунистік» танысына ұсынады. Былайша айтқанда зорлықпен қойнына салып береді.

Танымайтын, сүймейтін біреудің қойнынан бірақ шыққан Айша Нидерландыда қалған анасы Моникаға шығып, өзін алып кетуін өтініп, көмек сұрайды. Анасы қызын алып қайту үшін Түркияға келіп, ол жерден чаршап киіп, «халифат орталығы» саналған Раккаға жетеді. Осылайша, ана содырлардың қолында қуыршаққа айналған қызын ИСИМ-нен құтқарып әкеледі. Қазіргі уақытта Айшамен тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тергеуге терроризммен күрес мамандары да қатысуда.

Айшаның бастан кешкен оқиғасы Нидерландыдағы бұқаралық ақпарат құралдарында күн тәртібіндегі тақырыпқа айналды. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «Анасы Моника қаһарман шығар, бірақ қызына біз құшақ жая қарсы алып, «қош келдің» дей алмаймыз» деуде. «Себебі, ИСИМ құрамында жүргенде қолына қару алмаса да, ол да ИСИМ содырлары секілді өмірін, ниетін жиһадқа арнады» деп жазуда. Сондай-ақ, Айшаның не себепті «жиһад сапарынан» бас тартқанына да БАҚ өзінше жауап іздеуде. «Расымен де Айша ол жаққа барып, радикалды ағымның дұрыс еместігіне көз жеткізіп, байланысты үзіп келіп отыр ма, жоқ әлде радикал күйеуінен көңілі қалып, қайтып келіп отыр ма?» деген секілді сұрақтар да баспасөз беттерінде талқыға түсуде.

0 пікір