Иран үшін АҚШ Қытайға жем болуы мүмкін...
Иран үшін АҚШ Қытайға жем болуы мүмкін...
6 жыл бұрын 4417 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

The Times of Israel ақпарат көзі Израилдің көлік министрі Исраэл Кацтың тарихта тұңғыш рет аса ірі амбициялық жоба турасында мәлімдеме жасағанын хабарлапты. Дәлірегі, Жерорта теңізінен Парсы шығанағына дейін теміржол тартуға қатысты жоба "Аймақ әлеміне жол" деп аталатын бастама аясында қолға алынуы мүмкін. Яғни, Израил билігі Хайфа айлағын Сауд Арабиясымен жалғайтын аталмыш жобаға мүдделілік танытып отыр. Бұл жоба бойынша Палестина, Иордания және Саудия аумағы арқылы өтетін теміржол қатынасы есебінен Парсы шығанағы елдері мен Еуропалық одаққа мүше елдер арасындағы сауда-саттық интеграциясын жандандыруға болады. Израил, әлбетте, бұл жобада құрлықаралық қақпа ретінде стратегиялық маңызды орынға жайғасады. Былайша айтқанда. Бұл жоба өз кезегінде күллі Таяу Шығыс аймағын қамтыған Иран ықпалын азайтуға септігін тигізбек. Гибридтік соғыста. Аталған жобаға қатысты мәселе Саудияның тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманның Израил премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Иордания астанасында осыдан бірнеше ай бұрын өткен құпия келіссөзде де көтерілуі мүмкін екенін айтады сарапшылар. Шын мәнінде, Хайфа-Даммам теміржол дәлізі қазіргі АҚШ билігі қалаған Израил мен Саудия қарым-қатынасының түбегейлі жақсаруына септігін тигізуі де мүмкін. Бұдан бөлек, Саудия билігі мұнай шикізатына тәуелді экономикасын әртараптандыруға ден қойып отырғанын және осы бағытта түрлі жобаларды қолға алып, реформалар жүргізіп отырғанын, ал аталмыш жобаның Саудияға бұл тарапта көп көмегін тигізетінін айта кетпеске болмайды. Бұл тарапта Таяу Шығыс елдерінің мүддесі бір арнадан табылып отыр. Тек Иранды ескермегенде. Десе де бұл жобаның "саяси шикі" тұстары да жоқ емес. Бұл арада үлкен шығынды қажет ететін аталған жобаны Қытайдың көмегінсіз жүзеге асырудың бірыңғайда мүмкін еместігі турасында сөз болып отыр. Бұл жоба, сондай-ақ, Қытайдың да "Жаңа Жібек жолы" жобасындағы Саудияны үш құрлықтың торабына айналдыру жоспарына сәйкес келеді. АҚШ қолдаған жоба осылайша әлеуетті бәсекелесі Қытайға жол беріп, шетке ығысып қалуы мүмкін. Өйткені, бұл жоба ең алдымен Қытайға пайдалы. Қытайдың мүддесімен терең ұштасып жатқандықтан өзінің де мүддесі бар АҚШ Қытайды аталған жобадан бас тартқыза алмайды. Жақын болашақта бұл жоба барлық тарапқа тиімді болғанымен түбінде аталған аймақтағы АҚШ-тың ықпалын Қытай ығыстыруы мүмкін. Израил бұл жобаға қалай қатыса алады дегенге келсек, оны өздерінің Қызыл теңіз жағалауындағы Ейлат айлағы мен Жерорта теңізі жағалауындағы Ашдод айлағын жалғап жатқан Red-Med теміржол бағытына қоспақ. Сондай-ақ, бұл жобаға Ресей де мүдделілік танытуда. Ресейліктер де аталған жобаға атсалысса, бұл аймақтағы әлемдік державалардың ықпалын теңдестіруі мүмкін. Бұл өз кезегінде аймақтың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін маңызды рөл ойнайтын болады. Былайша, күштердің теңесуі аталған аймақтың қауіпсіздігіне кепіл болмақ. 

0 пікір
Мұрағат