Иран Ормуз бұғазын жабуға дәті бара ма немесе оны жапқаннан не ұтады
Иран Ормуз бұғазын жабуға дәті бара ма немесе оны жапқаннан не ұтады
6 жыл бұрын 7311 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Шілде айының 3-і күні Иран президенті Хасан Рухани АҚШ салған санкцияға байланысты ирандық мұнайдың өзге елдерге экспортталуына тосқауыл қойылса, өз аумағындағы стратегиялық әрі транзиттік маңызы зор Ормуз бұғазын жауып тастайтынын мәлімдеді. Тарқатып айтқанда, аталған бұғаз арқылы Парсы шығанағы елдерінің мұнайы тасымалданады. Бұл жайында Iran Wire ақпарат көзі хабар таратты. Ормуз бұғазы - Иран билігінің көзірі. Алайда, аталған стратегиялық бұғаз - халықаралық су жолы болып табылады. Ол Ираның солтүстігін және Оманның оңтүстігін тұйықтап жатыр. Оның ені ең тар жерінде 50 шақырымды құрайды. Иран билігі Ормуз бұғазын жауып тастаса, халықаралық келісім нормасын бұзғандық болып табыла ма? Халықаралық теңіз құқықтарына немесе 1982-ші жылы қабылданған теңіз құқығы жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенциясына сәйкес Ормуз бұғазы "халықаралық бұғаз" ретінде танылады. Парсы шығанағын ашық теңізге апарар жалғыз су жолы. Десе де Иран парламенті БҰҰ-ның 1982-ші жылғы конвенциясын мақұлдаған емес. Алайда, Иран үкіметі бұл конвенцияға қол қойып, оның талаптарын бұзуға апарып соқтыратын кез келген әрекеттен қашық болуға тырысты. Иран үкіметі конвенцияға қол қояр кезде осы конвенцияға қосылған елдердің ғана құқығын ғана мойындайтынын мәлімдеген еді. Яғни, аталған құжатқа қосылған елдер ғана Ормуз бұғазын пайдалана алады. 1980-1988 жылдар аралығындағы Иран мен Ирак арасындағы соғысқа байланысты аталған аймақта кемелердің еркін жүзуіне қауіп төнген еді. Осыны желеу еткен АҚШ-тың әскери теңіз күштері Парсы шығанағында өз әскерін үйіп-төккен болатын. Десе де АҚШ БҰҰ-ның аталған конвенциясына қол қоймаған ел. Иран үкіметі АҚШ-тың Ормуз бұғазына құқығы жоғын мәлімдеумен келеді. Соған қарамастан Иран мен Ирак арасындағы соғыстың аяқталғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де АҚШ-тың әскери теңіз күштері аталған бұғаздан кете қойған жоқ. Ормуз бұғазындағы кемелердің қатынауын БҰҰ-ның халықкралық теңіз ұйымы (IMO) қадағалап отырады. Аталмыш ұйым бекіткен ережеге сәйкес Парсы шығанағына солтүстіктен, яғни, Иран суынан кіре алады, ал Парсы шығанағынан Оман жағынан, яғни, оңтүстік су арқылы шыға алады. Халықаралық құқыққа сай Иран билігі Парсы шығанағына апарар су жолын жауып тастай алмайды. Яғни, аталған бұғаз арқылы кемелердің қатынауына тыйым сала алмайды. Алайда, бұл тек бейбіт уақытта ғана. Ал соғыс жағдайында бұғазды өз қалауына қарай пайдалануға құқылы: Иран да, Оман да. Егер Иран билігі дәті барып, Ормуз бұғазын жауып тастайтын болса, бұл тікелей  қарулы қақтығысқа, оның арты соғысқа апарып соқтыратын қатерлі қадам болмақ. 

0 пікір
Мұрағат