Иран дилеммасы (жалғасы)
Иран дилеммасы (жалғасы)
6 жыл бұрын 3846 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Иран мұнайынан бас тарту АҚШ-тың өзіне қалай тиеді? Бұған нақты жауап беру қиын. Ал Үндістанға келсек, Кашмир даулы аймағы үшін қырғи қабақ Пәкістан аумағын айналып өтуге мүмкіндік беретін, Ауғанстан мен Орта Азияға сауда жолын ашатын Иранның Шабақар теңіз айлағын дамыту жобасын қолға алуы мүмкін. АҚШ-тың ирандықтарға қарсы санкциясымен байланысты үнділердің басты проблемасы үнділердің мұнай өңдеумен айналысатын зауыттар шетелдік компанияларға тиесілі. Олар АҚШ санкциясына қарсы тұрғысы келмейді. Сол себепті, АҚШ-тың санкциясы қалай дегенмен де ең алдымен қытайға қолайлы болайын деп тұр. Қытайдың алдына асын өз қолымен қойып бергенмен бірдей АҚШ-тың Иранға қарсы қазіргі жүргізіп отырған саясаты. Арзан бағаға иран мұнайын сатып алғанымен қоймай, ирандық экономиканың барлық секторына дендеп енуге мүмкіндік туып тұр. АҚШ-тың Иранға қарсы санкциясы Ресейдің оң жамбасына келіп тұр. Өйткені, Иран мен Венесуэла мұнай өндіруде және экспорттауда Ресейдің негізгі бәсекелесі болатын. Оның үстіне, ОПЕК құрамындағы бұл екі ел де Ресейдің мұнай өндіру квотасын ұлғайту жөніндегі ұсынысына қатты қарсылық көрсеткен елдер болатын. Екі елдің де мұнайға байланысты Ресеймен экономикалық диалогы көбіне тығырыққа тіреліп қала беретін. Басында айтып өткеніміздей, Иран мұнайын тұтынатын негізгі төрт елдің (Қытай, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея) бірі Жапония билігі одақтасы АҚШ-тың ескертуіне құлақ асып, осы жылдың қазан айында Иран мұнайынан толық бас тартатын болып шешті. Жапондардың Nikkei жаңалықтар қызметі таратқан хабарға қарағанда, Иран мұнайының орнына Саудияның немесе Біріккен Араб Әмірліктерінің мұнайын импорттауды қарастырып жатыр. Иран АҚШ-тың экономикалық оқшаулау шараларына қарсылық көрсеткенімен дәрменсіз. Бастапқы кезде айтып кеткеніміздей, Ормуз шығанағын жабатын болса, мұның соңы тікелей соғысқа ұласуы әбден мүмкін. Өйткені, бүгінгі таңда аталған шығанақтан әлемдік мұнайдың 20 пайыздайы тасымалданады. Бұл шығанақ жабылса, оның арты неге апарып соқтыратыны, ықтимал салдары туралы айтып өткен едік. Әлбетте, АҚШ әскери теңіз күштері ирандықтардың бұл әрекетіне көз жұмып қарап отыра алмайды. Осыны ескерген ирандықтар соғысқа барынша дайындалып жатыр. Тіпті, ескірген 800 танкісіне күрделі жөндеу жүргізіп жатқанын айты кету керек. Бұл жайында Иранның қорғаныс министрлігі мәлім етті. Иран әскерилері көп ұзамай отандық танкілерге, соның ішінде, "Каррар" ("Шабуылдаушы") танкісіне ие болады. Бұл жайында Tasnim ақпарат агенттігі Иранның қорғаныс министрінің орынбасары Реза Мозаффари-Ниаға сілтеме жасай отырып, мәлім етті. Оның айтуынша, Иранда жылына 50-60 танкі құрастырылады. Сөз орайы келгенде айта кетейік, "Каррар" танкісі 2017 жылдан бері әскери мақсатта пайдалануға берілген. Осы заманғы отандық танк. Сол кездегі қорғаныс министрі, бригадалық генерал Хұсейн Декқан ату қуаты мен дәлдігі, т.б. ерекшеліктерін айта келіп, оның электронды-оптикалық басқару жүйесін, қашықтықты лазерлік өлшеу мүмкіндігін, тек күндіз ғана емес, сонымен қатар, түнде де нысананы мүлт жібермейтін артықшылықтарын тізбеледі. 

 

0 пікір
Мұрағат