Халықаралық қылмыстық сот: Палестина-Израиль қатынасы қаралуда
Халықаралық қылмыстық сот: Палестина-Израиль қатынасы қаралуда
2 жыл бұрын 849

Халықаралық қылмыстық сот прокурорларының израилдіктер жаулап алған Палестина жеріндегі басқыншы елдің әскери қылмысын ашу үшін алдын ала тергеу жүргізбек болғанын хабарлады Reuters ресурсы. Сәл шегініс, осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ президенті Барак Обама Палестинаның аталмыш ұйымға, яғни, Халықаралық қылмыстық сотқа қосылуына үзілді-кесілді қарсы шыққан болатын. Ол ол ма, егер Палестина ХҚС-қа қосылатын болса, Вашингтон қаржыдан қағатынын, яғни, қаржылай қолдау көрсетпейтінін ескерткен болатын. Осы арада жақша ішінде айта кету керек, АҚШ тарапы жыл сайын Иордан жағалауындағы палестиналықтарға экономикалық көмек ретінде 1 млрд доллар аударып келген. Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін Мемлекеттік департаменттің арнайы өкілі Джефф Ратке Ақ үйдің Палестинаны мемлекет ретінде мойындамайтынын және соған байланысты Палестинаның ХҚС-қа мүше болуға талпынысын құптамайтынын жеткізіп, ресми мәлімдеме жасады. АҚШ билігі Палестинаның бұл ұмтылысы өз кезегінде Израилмен арадағы қатынасты одан ары ушықтырып жіберетінін, соған орай Таяу Шығыста тыныштық орнамайтынын алға тартып, уәж келтірді. Яғни, «өтер іс өтті, болары болып, бояуы сіңді, жараның аузын тырнап, қазбалап, қанын ағызудың қаншалықты қажеті» бар деген емеурінді Палестина билігі түсінбей қалған жоқ. Алайда, ең алдымен бұл (ХҚС-қа қосылу) Палестина халқының өз тәуелсіздігі үшін күресінің нәтижелі боларына апаратын баспалдақ болып табылатынын АҚШ билігі де білмей отырған жоқ. Десе де, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Израилді әскери қылмысы үшін халықаралық сотқа берген палестиналықтарды райынан қайтару үшін бірыңғай Палестинаға қолайлы шартты ұсынды. Тарқатып айтқанда, Палестина ХҚС-қа Израиль үстінен берген шағымын қайтып алатын болса, еврей келімсектері өз үйіндей жайғасқан Иордан өзенінің батыс жағалауындағы және Құдыстың шығысындағы израилдіктердің заңсыз құрылысына тыйым салынатыны жөнінде уәде беріп отыр. Джон Керри бұл ұсынысын алдағы уақытта Давос қаласында өтетін дәстүрлі экономикалық форумда екі тарапқа айтып көрмек. Алдын ала алынған мәліметке қарағанда, Палестина басшысы Аббас Махмұд бұл ұсыныстан теріс айналмайтыны белгілі болды. Айта кетейік, Палестина аумағы осыдан жетпіс жылдай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен (арабтар мен еврейлер) екіге бөлінген еді. Ежелден палестиналықтардың астанасы болып келген әл-Құдыс шаһарына халықаралық мәртебе беріліп, палестиналықтардың елордасы болудан қалған болатын. Осы жетпіске жуық жылдың ішінде Израиль өзіне бөлінген территорияны місе тұтпай, палестиналықтардың өзге аумағына көз алартқаны белгілі. Нәтижесінде Израиль халықаралық заңнамаларды белден басып, бірыңғай арабтарға тиесілі әл-Құдыстың шығыс бөлігін, Иордан өзенінің батыс жағалауын түгелімен жаулап алды. Бүгінгі таңда палестиналықтар түрлі желеумен өз жерінен ығыстырылып, көбісі босқынға айналды. Аталған аумақтарда шамамен еврей келімсектерінің 200-ге тарта елді-мекені пайда болған. Бұл елді-мекендерде жарты миллионға жуық еврей қоныстанған.

0 пікір