Фейсбуктегі жазба үшін жарнамасын өзгертті
Фейсбуктегі жазба үшін жарнамасын өзгертті
10 жыл бұрын 3041

Американың Вермонт штатына қарасты Винуски қаласының мейрамханаларының бірінде доңыз етін жарнамалаған тақтайша алынып тасталды. Жақша ішінде айта кетеріміз, бір қарағанда елеусіз көрінгенімен мұның өзін ізеттіліктің жарқын үлгісі ретінде қарастыруға болатындай. Sneakers Bistro деп аталатын мейрамхананың ауласында доңыз етінен дәм татуға шақырған жарнама тақтайшасы жергілікті мұсылманның Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін алынып тасталған болатын. Доңыз етінен жиіркенген жергілікті мұсылман өзі тұратын ауданда мұндай жарнаманың пайда болғанына наразылық білдірген көрінеді. Аталмыш мейрамхана қожайыны мұсылманның бұл наразылығын ескеріп, жарнама тақтайшасын алып тастағанымен өзгелер оның бұл қадамын құптай қойған жоқ. Ол ол ма, осы әрекеті үшін жазғырып, оны «қорқақ» деп атағанын қайтерсің. Осыған байланысты мейрамхана қызметкерлері: «Біз бұл арада саясатпен айналыспаймыз, біз таңертеңгілік ас береміз. Біз сан алуан ұлттар мен ұлыстардан тұратын қоғамға деген құрметімізді осылай білдіреміз. Тақтайшаны алып тастау қиындық тудырмайды. Саясат жайында өзге жерлерде айтыңыздар», – деп мәлімдеме жасауына тура келді.

 

0 пікір
Мұрағат