Еуроодақ сыбайлас жемқорлықтан жылына 120 млрд еуро шығын шегеді
Еуроодақ сыбайлас жемқорлықтан жылына 120 млрд еуро шығын шегеді
2 жыл бұрын 1018

Еурокомиссияның зерттеу нәтижесіне қарағанда, саясаткерлерді, шенеуніктерді және мемлекеттік қызметкерлерді сатып алу Еуропалық одаққа мүше 28 елдің бәрінде де кездеседі. Еуроодақтың сыбайлас жемқорлықтан жылына жалпы жиынтығы 120 млрд еуро шығын шегетіні анықталды. Осы арада мына жайтты айта кетпеске болмайды: қай елде болса да сыбайлас жемқорлықтың деңгейін, қаншалықты тамырын тереңге жібергенін дәл анықтау мүмкін емес. Өйткені, пара алған да, пара берген де өздерінің бұл қылмысын барынша сырт көзге сездірмеуге, жасырып-жабуға күш салады. Сыбайлас жемқорлықтың барометрі атанған әлемге әйгілі Transparency International халықаралық индексінің өзі ел тұрғындарының жауабына ғана сүйеніп, бұл індеттің қоғамға қаншалықты дендеп енгеніне баға бере алады. Еурокомиссия жуырда сыбайлас жемқорлыққа қатысты өз есебін жария етті. Ол үшін Еуроодаққа мүше әр 28 елдің 500-ден аса тұрғынын, жалпы жиыны 27786 адамды сауалнамаға тартқан. Сауалнама нәтижесі еурокомисся мүшелерінің жағасын ұстатты. ЕО азаматтарының 76%-ы өз елдерінде сыбайлас жемқорлықтың кеңінен етек алғанын жасырмады. Еуропалықтардың 56%-ы соңғы үш жылда парақорлықтың деңгейі артқанын жеткізген. Әрбір төртінші еуропалық қоғамның өзегіне жегі құрт боп түскен осынау індеттен көресінін көріп отырғанына шағымданған.Яғни, күнделікті өмірінде бұл індетпен бетпе-бет келетінін алға тартқан. 8%-ы соңғы бір жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық оқиғасын өз көздерімен көріп, куә болғандарын немесе тікелей өзі де пара алуға я болмаса пара беруге тура келгендерін мойындаған. «Бұл түйткілді мәселе Еуропада құлашын кеңге жайып келеді. Коррупция азаматтардың демократиялық институттарға және құқықтық мемлекетке тән қағидалар мен ережелерге деген сенімді жоюда. Бұл індет кәрі құрлық экономикасына зиянын тигізуде»,- деп мәлімдеді ЕО-ның ішкі істер жөніндегі комиссары сыбайлас жемқорлыққа қатысты есебінде. Оның сөзіне қарағанда, үкімет кеңселеріндегі мәмілеге қатысты бағаны асыра көрсету, саясаткерлерді қаржыландырудың құпиялылығы, бизнес саласындағы тендер үлестірудегі әділетсіздік, мұғалімдерге, дәрігерлерге және құқық қорғау қызметкерлеріне берілетін пара – қысқасы, осыларға кеткен қаржы күллі Еуропа бюджетін құрайтын қаражаттан артық болмаса, кем емес. Әсіресе, Румыния мен Бұлғарияда тұрмыстық және мемлекеттік деңгейдегі сыбайлас жемқорлық қалыпты әрі жүйелі құбылысқа айналған. Сондай-ақ, еурокомиссия мүшелері Италиядағы, Грекиядағы, Чехиядағы және Ероодақ құрамына соңғы боп кірген Хорватиядағы коррупцияның тамырын тереңге жібергеніне алаңдаушылық білдірді. Осы аталған елдер ішінде Грекиядағы жағдай мүлдем сын көтермейді десе де болады: ел тұрғындарының 99%-ы осындай пікірде. Содан кейінгі орында Италия тұр – 97%. Ал Литва, Испания және Чехияда – 95%. Коррпупция деңгейі төмен елдер қатарында бұл көрсеткіш Финляндияда 29%, ал Данияда 20%, құрайды. Еуропалық мемлекеттік сектордағы коррупция ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысты: мұндай топтардың ұзын саны үш мыңға жетіп жығылады екен. Мұндай топтар, әсіресе, Италияда, Бұлғарияда және Румынияда көптеп кездеседі. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты Ерокомиссия қортыныдысының қысқаша мазмұны осындай.

0 пікір