Чиптендіру науқаны аяқталуға жақын қалған ел (видео)
Чиптендіру науқаны аяқталуға жақын қалған ел (видео)
12 күн бұрын 685 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бір елдер бар цифрландыру жобасы басталмай жатып тоқыраса, енді бір елдер бар шапшаң даму үстіндегі цифрландыру жобасын тежеу үшін жанталасып жатыр. Басынан бастасақ, халқының саны 10 млн-ға жетер-жетпес Швецияда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу белең алып, чиптендіру науқаны аяқталып қалды. Алдыңғы жылы ел аумағында жаппай жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, шведтердің 87 пайызы сауда жасағанда кредиттік және дебеттік картамен есеп айырысуды ұйғаратынын жеткізген. Тек 13 пайызы ғана қолма-қол ақшаны пайданалатын болып шықты. Салыстыру үшін алсақ, 2010 жылы аталған ел тұрғындарының шамамен 40%-ы қолма-қол ақшаны пайдаланған еді. Яғни, жылдан жылға қолма-қол ақшаны пайдаланушылар қарасы азайып келеді. 2017 жылы Insight Intelligence ұйымы бұл бағытта жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, шведтердің тек төрттен бірі ғана қолма-қол ақшамен аптасына бір мәрте сауда жасаған. Аталған жылы шведтердің 36%-ы жыл бойы қолма-қол ақшаны мүлдем пайдаланбаған екен. Шағын провинциялық қалаларда қолма-қол ақшамен есеп айырысатындар қарасы көп. Аталған скандинавиялық елдегі кей компаниялар қағаз ақшаны мүлдем қабылдамайды. Олардың қызметін немесе тауарын тек картамен немесе смартфондағы Swish қосымшасымен төлей аласыз. Бұл өз кезегінде ақша санауға кететін уақыттан үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Жергілікті сарапшылардың есебі бойынша сауда орындарының жұмыс уақытының 15 пайызы қолма-қол ақшамен есеп айырысуға кетеді екен. Соңғы уақытта кәрі құрлықтағы аталған ел тұрғындарының бірталайы қол терісінің астына енгізілетін чиппен есеп айырысуға көшкен. Адам күнделікті өмірінде жеке басының мәліметтерін қажет ететін жайттармен бетпе-бет келеді: банктегі шоты, ID, үйіне, кеңсесіне, спортзалға кіру үшін қол терісінің астындағы чипті пайдаланады, тіпті, концертке билет алу үшін немесе медициналық сақтандыру полисіне де чипті пайдаланып жатады. Қол терісінің астындағы чип базасына керекті деректерді енгізу арқылы. Осылайша шведтер осы заманғы озық технологияның, жалпы өркениеттің игілігін көруде. Күріш дәніндей құрылғы бас бармақ тұстағы терінің астына шприц арқылы енгізіледі. Құрылғының өзі 180 доллар тұрады. Өткен жылдың күз мезгілінен бері жаппай көшіп жатыр. Бұл аралықта бірнеше мыңдаған адам чипке ие болып үлгерді. Денсаулыққа тигізер теріс залалының бар-жоғына әрі адамның жеке басының мәліметтерінің сақталуына қатысты сауалдар баршылық. Соған қарамастан шведтер осынау қолайлылығы мен артықшылығына (уақыт үнемдеу, жоғалтып алу қаупі жоқ, қолдан қолға өтетін лас ақшадағы түрлі вирустар мен бактериялардан қорғану, т.б.) ден қоюда. Ел тұрғындарын чиптендіру науқанын бұрынғы пирсингіші Йохан Остерлунд негізін қалаған Biohax International компаниясы жүзеге асыруда. Ең бастысы, бұл жаңа бастаманың батыл жүзеге асырылуына интернеттің көмегі көп тиюде. Осы орайда Швеция әлем бойынша Сингапурден кейінгі екінші ел екенін айта кету керек – интернет жылдамдығы бойынша. Бүгінгі таңда шведтердің  94%-ы интернетті пайдаланады. Олардың шамамен 60%-ы секундына 1 Гб-тан асатын жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізген. Бұған қоса, швед саясаткерлері қолма-қол ақшамен есеп айырысудан түбегейлі бас тарту мақсатында E-Krona — ұлттық валюта кронның электронды нұсқасын заңды жолмен айналымға енгізуді бастама етіп көтеруде. Бұл шара да төлем, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін толық цифрландыруды тездетпек. Рас, E-Krona әлі он жылсыз қосымша ақша деңгейінен аса алмайды. Электронды ақша қағаз ақшаны толық алмастыра ма, оны алдағы уақыт көрсетеді. Десе де цифрландыру жобаларына ел тұрғындарының ең консервативті тобы – зейнеткерлер наразы. Біріншіден, олар осы заманғы технологияның артықшылығы мен «тілін» түсіне бермейді. Екіншіден, көзбен көріп, қолмен ұстамаған нәрсеге сенімсіздік танытады. Олардан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар мен шалғай елді-мекендердегі тұрғындар да, босқындар да мұндай бастамаға дайын емес. Десе де цифрландыру жобалары жылдан жылға қарқын алып келеді. Осыған байланысты жергілікті билік орындары мен Орталық банк 2016 жылы ел аумағындағы банк мекемелерінен қолма-қол ақшамен есеп айырысуды талап етуде.

0 пікір
Мұрағат