Буддаға құлаққап кигізгені үшін абақтыға жабылды
Буддаға құлаққап кигізгені үшін абақтыға жабылды
2 жыл бұрын 854

Мьянма соты жаңазеландиялық азамат пен оның бизнестегі екі әріптесін әлеуметтік желіге орналастырған жарнамаларында Будда бейнесін пайдаланып, оған құлаққап кигізгені үшін абақтыға жапты. 32 жастағы Филлип Блэквуд, 40 жастағы Тун Турейн және 26 жастағы Хтут Ко Ко Лвин Будда сеніміне тіл тигізгені үшін айыпталып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, мемлекеттік қызметкердің әміріне бойсұнбағаны үшін алты ай тағы темір тордың ар жағында өткізетін болды. Бұл жайында Aljazeera ақпарат көзі хабар таратты. Тарқатып айтқанда, бардың қожайыны мен менеджері және сол бардың қызметкері өткен жылдың желтоқсан айында тұтқындалған болатын. Facebook әлеуметтік желісінде Будда бейнесін пайдаланып, жарнама орналастырғаны үшін. Бастарына бәле болып жабысқан жарнаманы ғаламтордан алып тастап, буддашылардың алдында кешірім сұраса да оларға кеңшілік етпеді. Сөз реті келгенде айта кетейік, бұл елде этникалық әрі діни азшылықты құрайтын рохиньялық мұсылмандардың буддашыл радикалдар тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап, қысым көріп отырғандығы турасында талай хабар таратқан едік. Буддашыл радикалдар мұсылмандардың құлшылық үйлерін қиратып, өртеп, рохиньялық мұсылмандарды елден қуып жатқанда ел билігі мұндай сорақылықтарға көз жұма қараған болатын.

0 пікір